Өлеңдер ✍️

  14.08.2022
  70


Автор: Темірхан Медетбек

Бостандығым туралы сөз

Ұшыраған тауқымет дауылына,
жаурап тоңған тағдырдың жауынына, –
бостандығың келдi ғой,
бостандығың!
Құшағыңды аш!
Тарт оны бауырыңа!
Қараша оған:
кетедi адам аяп.
(Айттым мұны тұрсам да қаламай-ақ!) –
Бостандығың келiп тұр, бостандығың!
Жалақ ерiн,
жалаңбас,
жалаңаяқ!
Кете жаздап ұмытып есiмiн де,
айта алмаймын шешiмiн,
кесiмiн де.
Сора-сора көзiнен жас сорғалап,
қанша жүрдi бiреудiң есiгiнде.
Бәлкiм, бұлай жөн болмас еске алуым?!
Неге керек дабыра,
бос дабылың.
Ол келген жоқ –
ат мiнiп кiсiнетiп,
ол келген жоқ –
тағынып бес қаруын.
Ол келген жоқ –
қара орман қамалдай боп,
ол келген жоқ –
дауылды замандай боп.
Абылай боп келген жоқ ол бостандық,
Бөгенбай боп келген жоқ,
Қабанбай боп.
Десек те бiз: мұз бастық
қар жастандық.
Рас, рас тоқтыққа сан мастандық.
Кенесары,
Сырым боп, Сыпатай боп,
Махамбет боп келген жоқ ол бостандық.
Қарашы оған:
кетедi адам аяп,
(айттым мұны тұрсам да қаламай-ақ!)
Бостандығың келiп тұр бостандығың
жалақ ерiн,
жалаңбас,
жалаңаяқ.
Жалаңаяқ деп оны қомсынба сен,
Жалақ ерiн деп оны қорсынба сен.
Дей көр оған:
Бостандық, барсың ба сен!
болмасыншы әйтеуiр
даусың бәсең!
Жүрдi қанша –
аштық пен таршылықта.
Жүрдi қанша –
құлдық пен жалшылықта.
Шыққан кезде шыдамай өктемдiкке
қалды қанша табанда жаншылып та.
Аттан түсiп зар илеп заманында,
қалып қойған тарихтың торабында.
Таңбасы бар зәбiрдiң –
маңдайында.
Шөңгесi бар зорлықтың –
табанында.
Төзiп келген көнтерi көндiгуге,
көне алмаймын деп тұр-ау ендiгiге.
жалаңаяқ,
жалаңбас бостандығың
шаршап-талып,
шалдығып келдi, мiне!
Ұғымы бар санасы-сәулесiнде.
Сол ұғымы, әйтеуiр,
сөнбесiн де!
Көтере алмай тұр ғой ол –
басын әлi,
көтере алмай тұр ғой ол –
кеудесiн де.
Бер, бер оған –
тiрлiктiң қызығын бер!
Бер, бер оған –
намыстың қыжылын бер!
Бер, бер оған
қуат пен рухыңды!
Нұрыңды бер,
жаныңның қызуын бер.
Бер, бер оған –
бәрiн бер, бәрiн-бәрiн!
Бер, бер оған –
халықтың жалынды әнiн!
Бер, бер оған
бәрiн бер, бәрiн-бәрiн
Бәрiн бершi, әйтеуiр,
тарылмағын.
Әлi соғып тұр боран,
ақпаныңыз.
Толық ата қойған жоқ ақ таңыңыз.
Бостандықты –
тiрсегi дiрiлдеген –
өсiр,
жеткiз,
қалайда атқа мiнгiз!
Ұшыраған тауқымет дауылына,
жаурап-тонған тағдырдың жауынына, –
Жалаңаяқ келдi ғой Бостандығың
құшағыңды аш,
тарт оны бауырыңа!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу