Өлеңдер ✍️

  14.08.2022
  80


Автор: Темірхан Медетбек

Намысқа тиген күнi

Қанша уақыт зар иледiм,
қиналдым.
Дедiм: ендi азат болдым,
жаңардым.
Бiрақ тағы сөздер айтты бiреулер
намысына тиетұғын Даламның.
Шайқалды ғой –
сол бiр сөзден тiрегiм,
шайқалды ғой –
сол бiр сөзден тiлегiм...
Сол бiр қаңқу аран сөзге шыдамай
дiр-дiр еттi,
дiр-дiр еттi Ұлы Елiм.
Сүйегiме таңба болып өтердей,
шорт сындым мен сол бiр сөздi көтермей.
Сол бiр сөзден болды дейсiң, –
құдай-ай! –
Алатауым атқып қазiр кетердей,
Қаратауым қарғып қазiр кетердей.
Сол бiр сөздi үнсiз жатып тыңдаған, –
ақ көбiгiн шашып бетер бурадан,
көтерiлiп бара жатты Каспийдiң
толқындары арсы-гүрсi шулаған.
Сол бiр сөзден –
отқа оранып күйiнiп,
Сол бiр сөзден –
жан ашуы құйылып,
ашық жатқан алақан боп Сарыарқам
бара жатты жұдырық боп түйiлiп!
Тiл тигiзген қасiрет пен шерiме,
тiл тигiзген тамырыма,
тегiме, –
қауiп етiп –
сол бiр аран зәр сөзден –
басу айттым елiм менен жерiме.
Сол бiр сөзден –
тұла бойым сөгiлген,
сол бiр сөзден –
жан-жүрегiм егiлген.
Бiрақ елдi сақтайын деп бүлiктен
Атырауға – сабыр, сабыр – дедiм мен.
Сарыарқаға – сабыр, сабыр! – дедiм мен.
Намыс-ыза қалай оңай тарқасын,
атпақ болған жартасы мен әр тасын, –
сипап тұрдым ашуыңды бас деп мен
Алатау мен Қаратаудың арқасын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу