Өлеңдер ✍️

  14.08.2022
  84


Автор: Темірхан Медетбек

Суық дүние

Сұп-суықсың,
дүние,
ызғарлысың!
қатулысың,
қатыгез,
ызбарлысың!
Сұп-суықсың.
дүние,
сұп-суықсың! –
борасынды,
аязды,
мұз-қарлысың!
Көңiл нала күздегi атыраптай.
Жан-жүректi дүние қалтыратты-ай.
Арман солды –
суықтан – гүл сияқты.
Үмiт ұшты –
суықтан – жапырақтай.
Безiп кеттi өлеңiм –
боз iнгенiм.
(Кеше ғана басқаша сезiмде едiм).
Үзiп кеттi санамнан асыл ойды,
үсiп кеттi жемiстей сөзiм менiң.
Сұп-суықсың,
дүние, бұл шағыңда,
Әйтпесе мен батпас ем мұнша мұңға.
Ызғарыңнан,
дүние,
бiздер түгiл
Қалтырайды нәресте құрсағында!
Суығың-ай,
дүние,
суығың-ай!
Қона алмастан жүрмiн ғой тұғырыма-ай!
Суығың-ай,
дүние,
суығың-ай!
Сықырлап тұр дәл қазiр уығым-ай!
Тоңдым қанша,
қалтырап дiрiлдедiм,
Бiрақ сенен жоқ әлi түңiлгенiм.
Суый бермей,
дүние,
суый бермей,
Өртеп менi, отыма жылын менiң!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу