Өлеңдер ✍️

  14.08.2022
  99


Автор: Темірхан Медетбек

Өртенiп жатқан ағаш

Сұмдыққа мынау бастаған
қалайша жаның жылымас, –
найзағай түсiп аспаннан
өртенiп жатты бiр ағаш.
Айырылып жатты қақырап,
бойдағы тiрлiк, қуаттар, –
пышырлап жанды жапырақ,
шатырлап сынды бұтақтар.
Бұрқанып жұмбақ күй ақты
жел тұрды сонсоң азынап, –
қып-қызыл сөздер сияқты
қып-қызыл шоқтар шашырап.
Сол өрттен мен де шоқ алып
сезiмге түстiм аралас.
Қып-қызыл отқа оранып
өртенiп жатты сол ағаш.
Қозады тұтас арқамыз,
тұла бой түгел дүбiлiс, –
не деген –
сұмдық арпалыс,
не деген –
сұмдық құбылыс.
Суретке мынау тұншығып,
бiр ысып,
суыр денем бұл.
Өртенiп жатыр тiршiлiк,
өртенiп жатыр өлең-жыр.
Өртенiп жатты сол ағаш
шатырлап сынып, –
апырым-ай! –
тiрлiгi тартыс,
жағалас
өртенiп жатқан ақындай!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу