Өлеңдер ✍️

  14.08.2022
  157


Автор: Темірхан Медетбек

Тәуелсiзбiн

Тәуелсiзбiн!
Тәуелсiзбiн мен бүгiн.
Келдi, мiне, азаттығым,
теңдiгiм.
Бостандықта бойлығым мен ендiгiм.
Шешiл ендi, шемен болған шерлi үнiм!
Қарсы қарап қатал мынау заманға,
айналдық бiз қайтпас, қайсар қамалға.
Алды бүгiн тәуелсiздiк тау, тасым,
орман,
көлiм,
далам менен балам да!
Жаным менiң,
қаным менiң тәуелсiз.
Арым менiң,
жарым менiң тәуелсiз.
Заңым менiң,
бағым менiң тәуелсiз.
Әнiм менiң,
дәнiм менiң тәуелсiз.
Тәуелсiзбiн –
өзiме өзiм құдаймын.
Тәуелсiзбiн –
нұры-сынды күн, айдың.
Құласам да емiн-еркiн құлаймын,
Жыласам да емiн-еркiн жылаймын.
Тәуелсiзбiн! –
танып тұрмын өзiмдi.
Ұшырамын қанат байлап сөзiмдi.
Ешкiм ендi көкiрегiмнен итерiп,
ешкiм ендi шұқымайды көзiмдi.
Тәуелсiз ғой ойым менен ұғым да,
бақыт құсым қонды келiп тұғырға.
Тәуелсiздiк алды бүгiн, қараңдар,
тойым түгiл
қайғым менен мұңым да.
Заман өттi –
қансыратып қанаған,
заман өттi –
қалтыратып тонаған.
Тәуелсiздiк келдi, мiне, ақыры!
Зорға жеттiм,
зорға жеттiм мен оған.
Құтылмаған кiнәраттан,
күнәдан,
бар шындықты iштей үнсiз құраған, –
ағыл-тегiл көздiң жасын көл етiп
күнi кеше былай деп мен жылағам:
«Жаным кеттi қарайып,
қопарылды тiрегiм,
айтыңдаршы,
халайық,
қалай өмiр сүремiн?!
Қалай жүрем
темiрден
соғып шыдам,
төзiмдi...
Көрiп едiм бәрiн мен
ойып алды көзiмдi.
Қалай жүрмiн –
құламай! –
Қазды менiң түбiмдi.
Сөз айтып ем –
шыдамай! –
Қырқып алды тiлiмдi.
Қай жерде мен тайқып ем?! –
Сынап тағы бағымды –
ойымды мен айтып ем,
отқа салды жанымды.
Төктiм үнсiз жасымды,
кеуiп қалды таңдайым,
көтерiп ем басымды
қақ айырылды маңдайым!» –
Күнi кеше дәл осылай жылағам!
Жылағанмын –
көздiң жасын бұлағам.
Уhiлеген менiң өксiк демiмнен
теңiз толқып,
тау күңiренiп құлаған.
Соны ойласам –
у мен зәрдi iшем мен.
Соны ойласам –
қайғы, мұңға түсем мен.
Тудық бiздер көрiнбейтiн бұғаумен.
Жүрдiк бiздер көрiнбейтiн кiсенмен.
Өз жерiмде ала алмастан рұқсат,
өзiмiзге жүрдiк бiздер құрық сап...
Үндетпестен тас тықты да көмейге,
қойды сонсоң аузымызға құлып сап.
Қапаландық,
жәбiрлендiк,
зарладық,
өзгелерге жанды қидық,
арнадық, –
қырылдық қой қорғап бiздер Мәскеудi,
ал Мәскеуден қорғана бiз алмадық.
Таптап, қырқып,
жоқ еттi де нуымды,
жазирамды отқа салып қуырды.
Жуынды еттi кәусар менен суымды,
шұлғау еттi қасиеттi туымды.
Мұның бәрiн,
мұның бәрiн ұғынам...
Жүрек жара –
зар заманның мұңынан.
Сол кезде мен азаттық деп,
теңдiк деп,
бөрi болып айға қарап ұлығам!
Тәуелсiзбiн, ендi, мiне,
мен бүгiн.
Келдi кiрiп азаттығым,
теңдiгiм.
Бостандықта бойлығым мен ендiгiм!
Шешiл ендi, шемен болған шерлi үнiм.
Кеуделердi тарылтпасын кек қысып,
кетедi одан өр далама өрт түсiп...
Құсқа айналып кеудемдегi жүрегiм
сүйiншiлеп келер күнге кеттi ұшып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу