Өлеңдер ✍️

  14.08.2022
  79


Автор: Темірхан Медетбек

Бiр уыс топырақ

Көрмеген көп бұл жалғаннан шұғыла,
қайысып бiр қайғысы мен мұңына,
бердi анасы топырақты бiр уыс
алыс жолға шыққан жалғыз ұлына.
Артта қалып жапан түз бен сор дала,
белден өттi,
таудан асты сол бала.
Түстi қанша бейнет пенен сорға да,
оңға жүрдi,
жүрдi сонсоң солға да.
Қайтқан жоқ ол –
отқа күйiп жанса да,
қияметтiң қыл жолына салса да.
Жалғыз ұлы сол қапалы ананың
көрдi азап пен қиындықты қаншама.
Ана жүрдi жалғызы үшiн жаны ұшып –
өзек жанып,
жүрек соғып,
қаны ысып.
Бала жүрдi қатерлермен қағысып,
қаптап келген қауiптермен алысып.
Ана отырды құлақ тосып дүбiрге,
жалғызы боп тiлi менен дiлiнде.
...Ұл құлады –
тар мықыннан оқ тиiп
өлiаралы күндердiң бiр күнiнде.
Бала жатты... –
қалай жатыр жан шыдап!
Кеуiп қалды өзек жаны қаңсып-ақ.
Бала жатты –
тар мықыннан оқ тиiп –
айдалада –
жалғыз өзi қансырап.
Көз алдынан өтiп не бiр құбылыс,
құлағында тұрды дүбiр, дүбiлiс.
Ана берген –
түстi есiне бiр кезде –
туған жердiң топырағы бiр уыс.
Түстi есiне –
әлдененi ұқтырып.
Семiп бара жатқан қайта шықты үмiт.
Жарасына топырақты басқанда
кеттi бала,
кеттi бала тiк тұрып.
...Басқа нәрсе ала көрме ойыңа.
Тауқыметке,
қияметке мойыма...
Қуат кiрiп кеттi ғажап
бiр уыс
топырақтан сол баланың бойына.
Түстi қанша азапқа да, сорға да.
Оңға жүрдi,
жүрдi сонсоң солға да.
Кеттi адасып күндердiң бiр күнiнде
жол таба алмай,
жол таба алмай сол бала.
Жүгiрдi де ой-санасы сан саққа,
алып қашты ақыл-есi жан-жаққа.
Тығырықтан шығар жолын таба алмай
шалдықты әбден,
болдырды әбден шаршап та.
Есiне алып –
бабалардың нақылын,
есiне алып –
анасындай жақынын,
шүберекке түюлi сол бiр уыс
топырақпен сүрттi көзiн ақырын.
Таң қалатын өлi менен тiрi де
сәуле кiрдi қара күйе түнiңе.
Сол баланың көзi жанып шырадай
көрiндi ғой арғы-бергi дүние!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу