Өлеңдер ✍️

  14.08.2022
  72


Автор: Темірхан Медетбек

Тағы да саған

Бiз екеумiз –
кейде көзсiз батырмыз,
бiз екеумiз –
кейде сорлы, пақырмыз!..
Жетемiз деп бiрiмiзге бiрiмiз,
қарсы қарай жүрiп келе жатырмыз.
Жетемiз деп бiрiмiзге бiрiмiз
өттi қанша аймен жылдар, күнiмiз.
Өттi қанша ұйқысыз сан түнiмiз
жетемiз деп бiрiмiзге бiрiмiз.
Екеумiз! – деп жар салдық бiз баршаға.
дедiк сонсоң жүректерге:
шаршама!
Жетемiз деп бiрiмiзге бiрiмiз
сар даланы кешiп өттiк қаншама,
сан қаланы кесiп өттiк қаншама.
Менен басқа есiм түспей есiңе
сен де iлестiң бұлттардың көшiне!
Сенен басқа есiм түспей есiме
мен де iлестiм бұлттардың көшiне.
Өтсе-дағы арамыздан сел жүрiп,
өтсе-дағы арамыздан сең жүрiп
Саған қарай келемiн ғой мен жүрiп,
маған қарай келесiң ғой сен жүрiп.
Былай жинап қойып бiздер жыр, әндi
өткiздiк сан басымыздан ылаңды...
Жетемiз деп бiрiмiзге-бiрiмiз
көктей өттiк қаншама боз тұманды.
Бiр-бiрiне құшақ ашып денемiз,
бiр-бiрiне қарсы жүрдi кемемiз.
Сондадағы бiрiмiзге-бiрiмiз
әлi күнге жете алмастан келемiз.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу