Өлеңдер ✍️

  14.08.2022
  78


Автор: Темірхан Медетбек

Шарасыздық

Тауқыметте жүрсеңдағы сен мейлi
маңдайыңа жазғаны осы көн дейдi.
Көре тұра көрмеген боп сонан соң
дүниенi кең дейдi ғой, кең дейдi.
Кең дейдi ғой! – түсiнбедiм осыңды.
Түсiне алмай жан-жүрегiм тосылды.
Солға жүрсем –
сорға батып белшеден,
оңға жүрсем –
тауға соқтым басымды.
Алдыменен дүниенi кешiп көр,
Жанып тұрып сонан кейiн өшiп көр...
Қағынады –
атса менi бiреулер,
тарылады –
мен кiретiн есiктер.
Қаншама рет шағылдым мен, шаршадым.
Қаншама рет қирадым мен, қаусадым.
Аяқ бассам –
шеге кiрдi табанға,
қолды созсам –
отқа күйдi саусағым.
Сөздер айтам қауқары жоқ бiр-жары,
қалған-сынды тұла бойдың құр жаны.
Отқа оранып жүрегiмнiң бiр жағы,
мұз боп қатты,
ал екiншi бiр жағы.
Кең деген сөз мен үшiн бiр қиялдай.
Жүремiн тек ой, есiмдi жия алмай...
дүниенi кең дейдi жұрт,
мен болсам
аласұрам дүниеге сия алмай!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу