Өлеңдер ✍️

  14.08.2022
  57


Автор: Темірхан Медетбек

Қателiктен соң

Көңiлiмдi сенiмменен бiрлеген
аңдап жүру,
сақтығыңды бiлмеген –
өмiрiмнiң бұралаңды жолында –
қателестiм,
қателестiм бiрде мен.
Қирап, қаусап,
бөлiндiм де бөлшекке
ысырылдым анау шеттен, бұл шетке.
Отқа күйiп жалғыз менiң жүрегiм,
қуырылды жаным менiң сол сәтте.
Сенiң күнiң осыменен батты деп
қатерлi сөз мылтық болып атты кеп.
Көңiлiмде боран соғып ақ түтек,
өзегiмдi өсек сөздер шақты кеп.
Қарғыс алған жоқ едiм ғой халқымнан
мейiрiмсiз неткен жандар!
Ант ұрған!
Бiреу алып жағам менен алқымнан.
Қаңқу сөздер қапты менi балтырдан.
Мұның не деп! –
жасыма деп жасыма! –
Жұбатуға жан келмедi қасыма!
Қамшысы өтiп жон арқамнан жаланың,
өтiрiктiң тасы тидi басыма!
Өзге болып өз ойым мен өз денем,
қолды сiлтеп бұл өмiрден безген ем.
Тас төбемде шыбын болып ызыңдап
қаптап ұшты алып-қашпа сөз деген.
Суға түстiм,
отқа күйдiм жанып-ай!
Қалай төздiң бәрiне сен жаным-ай!
Содан берi,
содан берi сенсең сен
кейде өзiмдi қаламын мен танымай!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу