Өлеңдер ✍️

  14.08.2022
  170


Автор: Темірхан Медетбек

Ақындардың жарлары

Түспестен биiк өреден
аппақ боп тұрар арманы,
төзiмдiсiңдер не деген
ақындардың жарлары.
Ақынға бiткен бақсыңдар
сезiнген демiн әлемнiң.
Өртенiп келе жатсыңдар
отына күйiп өлеңнiң.
Өздерiң аппақ арсыңдар,
өздерiң қара нарсыңдар,
не деген батыл жансыңдар,
не деген батыр жансыңдар.
Қақ жарып кейде жалғанды
қоясыңдар ғой тексерiп, –
қарайтұғын жандарды
мемлекеттер де сескенiп.
Ол деген сойқан, ойран ғой
көнбейтiн сабыр, ақылға.
Шоқ басып отпен ойнау ғой
жар болу деген ақынға.
Жаныңды қанша жаралап
күйiктен қанша зарландың,
өйткенi сендер ғаламат
жарысыңдар ғой жандардың –
өлетiнiн бiлсе де
ел дейтiн, мынау жер дейтiн,
жалаңаяқ жүрсе де
«құдайға» сәлем бермейтiн!
Жар болу деген ақынға –
кетiсу, қайта табысу,
қатерге күнде жақындап,
қауiппен күнде алысу.
Не деген ғаламатсыңдар
сендерге таңмын, ынтықпын,
қасында келе жатсыңдар
оқтаулы тұрған мылтықтың!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу