Өлеңдер ✍️

  14.08.2022
  177


Автор: Темірхан Медетбек

Қауiптi сезiну

Екiндi шақ.
Сөнген сәтi жарықтың.
Менi ой басты салмағындай табыттың.
Көрiп қалдым –
түстi жерге түнерiп
қара елесi қатерлi бiр қауiптiң.
Көкке шығып кеткен-сынды жердегi үн
iшке тартып алды сонда жел демiн.
Не екенiн айта алмаймын,
әйтеуiр
сұрапыл бiр сұмдық елес көргенiм.
Айтып отыр дей көрме сен әрненi.
қара одан да құбылысқа жердегi, –
уiлiнен сол елестiң шошынып
күтiр еттi ағаштардың белдерi.
Сөз бiткеннiң шығып жаңқа, қиқасы
күйреп түстi өлеңдердiң ұйқасы.
Бiр бүктелiп,
бiр жазылды –
үрейден! –
мата құсап қара жердiң құйқасы.
Не айттың деп салма менi талқыға.
тимесiншi зардабы тек халқыма.
Иiр жолдар үзiлердей шiренiп
дiр-дiр етiп түстi қайта қалпына.
Қара күрең түрге ендi де екiндi
айтқан-сынды болды маған өкiмдi, –
жер астынан суық бiр леп соқты да
көктен бiр леп шарпып өттi бетiмдi.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу