Өлеңдер ✍️

  14.08.2022
  252


Автор: Темірхан Медетбек

Қара суықта

Өшiрiп бiр алатындай жан отын
жүдеп-жадап қалған екен дала тым.
Қара суық итередi өңмеңнен
еттен өтiп сүйегiңдi шағатын.
Жүрегiмдi,
жанымды да тондырып,
дiр-дiр еттiм iсiп-кеуiп домбығып.
Қадап соққан қара суық өтiнде
келемiн мен,
келемiн мен жол жүрiп.
Мұндай кезде ойлар келiп құрыған
бүрiсемiн бетер қашқан ұрыдан.
Қыр мен ойды тiмiскiлеп кезiп жүр
қара суық –
қасқыр құсап ұлыған.
Кiсен салып қайратым мен күшiме
қара суық кiрген-сынды iшiме –
Әлдекiмге есем кетiп қалғандай
қалш-қалш етем тiсiм тимей тiсiме.
Күдiк, үмiт түскен-сынды таласқа.
Тек өзiме деймiн iштей: адаспа.
...Бүрсең қағып ақырында жеттiм-ау
жел өтiнде тұрған жалғыз ағашқа.
Дүниенi ашқарақтап торып бiр
қара суық ышқынады соғып бiр.
Дiр-дiр етiп тұла бойы қалшылдап
байғұс ағаш адам құсап тоңып тұр.
Қақ айырып жiберердей бетiмдi
қара суық одан сайын бекiндi.
...О, ғажап-ай, – мен ағашқа тығылсам,
ағаш маған тығылатын секiлдi.



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу