Өлеңдер ✍️

  14.08.2022
  95


Автор: Темірхан Медетбек

Қаладағы иесiз иттер

Тiршiлiктiң бұзылған ба жүйесi –
болмаушы ма ед ит дегеннiң киесi.
Тiршiлiктiң бұзылған ба жүйесi –
болмаушы ма ед ит дегеннiң иесi.
Тағдырларын бiреу оны шеше ме?!
Бар қызығы қалған оның көшеде.
Үйi де жоқ,
күйi де жоқ,
ие жоқ,
қаңғып жүр ғой бүгiн ендi көшеде.
Олар қазiр ұмытқан бар бiлiгiн.
Сиқы кеткен тiрлiгiнiң,
түрiнiң...
Бiрiн қуған әлденеге жазалап,
иесi өлген ал екiншi бiрiнiң.
Жүрмейдi олар –
бiр-бiрiмен жарасып,
жүрмейдi олар бiр-бiрiмен таласып.
Бiрi кеткен өзi қашып үйiнен,
бiрi қалған иесiнен адасып.
Бұлай жүру өзiне де жақпайды,
бiреуге ерiп кетуге де батпайды.
Шабаланып үрiп те олар жатпайды,
балағынан бiреудi алып қаппайды!
Бәрi осында қоңыр итiң, қара итiң –
тағдырлары жүрегiмдi қаритын.
Үрмейдi олар, қаппайды да,
өйткенi
мiндетiнен жұрдай болған қоритын.
Кескiнi жоқ иттерге тән кескiннiң,
дәмiн, нәрiн бiлмейдi ендi еш күннiң.
Бiр адамның шықпайды олар алдынан,
аяғына оралмайды ешкiмнiң.
Иттiк мiнез күтiп одан шошыма!
Келмейдi де,
жоламайды қасыңа!
Ол иттерге өлiм де бiр, өмiр де!
Ол иттердiң досы да жоқ, қасы да!
Соны көрiп –
дей алмайсың күйттiмiн,
соны көрiп –
мен қаншама ұйтқыдым.
...Қалған кезде керексiз боп өмiрге
жоғалтады иттiң өзi иттiгiн!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу