Өлеңдер ✍️

  14.08.2022
  84


Автор: Темірхан Медетбек

Сенiмдi ит трагедиясы

Қайта алмастан қалаға
қалсын дедi-ау қаңғырып,
бiреу бiр күн далаға
итiн кеттi қалдырып.
Бар дегенде баратын
алаламай жерiңдi,
қал дегенде қалатын
ит болатын сенiмдi.
Салпаң құлақ, ерiндi,
ұзын тұрқы керiлген,
ит болатын сенiмдi
иесiне берiлген.
Дүниенi танитын
Ием және Бөтен деп.
Ойламаған ол итiң
менi тастап кетер деп.
Ашықтырып, шөлдетiп,
бұл неткенi, бұ несi?!
Сол кеткеннен мол кетiп
қайтпады оның иесi.
Әрi-берi үрдi кеп
дыбыс күттi сақ құлақ.
Жол шетiнде жүрдi тек
олай-бұлай шапқылап.
Иттiң бар ғой киесi,
бұ неткенi, бұ несi?!
Бұзылды өмiр жүйесi –
оралмады иесi.
Үрдi байғұс арпылдап,
өзiн-өзi әлектеп.
Жай ойнады жарқылдап,
жаңбыр жауды шелектеп.
Соққан желден тұншығып,
аңсап сая, жылыны
қадап көкке тұмсығын
ұлыды кеп, ұлыды.
Шөпке сонау түнеуге
болар едi жетуге,
болар едi бiреуге
iлесiп-ақ кетуге.
Кең даланы иендеп
жөн едi ғой кеткенi,
кеп қалады ием деп
бiрақ олай етпедi.
Сол ит қалған жырақта
аңсады өткен өмiрiн.
Жоғалтқан жоқ бiрақ та
иесiне сенiмiн.
Құрметтейсiң, күйесiң
Қарамастан басқаға
күтiп жатты иесiн
өлiп бара жатса да.
Қаншама рет аh ұрып
ойлап соны егiлдiм...
Өлдi сол ит ақыры
құрбаны боп сенiмнiң!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу