Өлеңдер ✍️

  14.08.2022
  171


Автор: Темірхан Медетбек

Ақтабан шұбырынды

Ақтабан шұбырынды...
Кiм бiлер шығынымды?
Кiм жалғар айтыңдаршы,
үзiлген жұлынымды?
ақтабан шұбырынды...
ақтабан шұбырынды...
Қайтпаған кегiн ойлап,
таланған жерiн ойлап
тоз-тоз боп бара жатыр
қазағым «Елiм-айлап».
Аузы ашық жарамыздың...
сесi жоқ даламыздың...
Баланың көзiн шоқып
тойынған қара құзғын.
Жете алмай арманына
дүние зарлады ма?!
Оралған қара жылан
киелi шаңырағыма.
Өртенiп барады ма,
жүрегiм жанады ма?!
Қарақұрт ұя салған
қобыздың шанағына.
Өртенiп барады ма,
жүрегiм жанады ма?!
Жауыздық қолын салған
арудың анарына.
Айтатын сазын анам
қайғысын қазып алам...
Ұлыған жел соғады
даладан азынаған.
Қайтпаған кегiн ойлап,
таланған жерiн ойлап
тоз-тоз боп бара жатыр
қазағым «Елiм-айлап».
Дауыстар шырқыраған
жүректi жұлқылаған...
Көмiлiп ел барады
ақ шаңға бұрқыраған...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу