Өлеңдер ✍️

  14.08.2022
  469


Автор: Темірхан Медетбек

Маңғыстау

О, менiң Маңғыстауым, Маңғыстауым
Марқайып мақтанарым, алға ұстарым.
Өзiңде бар махаббат, бар құштарым.
Жыр болып құйылады алғыстарым.
Есiмiң естiлсе де қай жағымнан
кiм болсын селк етедi айбарыңнан.
Аппақ бiр нұр құйылып маңдайыңнан,
жел есiп тұр ғой қазiр айдарыңнан.
Тiрек пен мақтан болған баршамызға
бөлекше орның сенiң картамызда.
Маңғыстау деген кезде
әруақтанып
жал бiтiп кетедi ғой арқамызға.
Тамсанар ол өзiне тамсанғанға,
жар салар ол өзiне жар салғанға.
Дүние қақ айырылып бара жатар
күй тартып, Маңғыстауым ән салғанда.
Өзiңнен маған осы жыр сiңген бе?!
Өзiңнен маған осы нұр сiңген бе?!
Жүрегiм қақ айырылар аспан құсап
кей кезде Маңғыстауым күрсiнгенде!
Көрiнiп берекеттiң белесiнен.
Шықпастай болып тұр ол ел есiнен.
Алапат қуат сезем Маңғыстаудың
қым-қиғаш
темiр буған денесiнен.
Нұрланам шабыт шамым маздағанда.
Не келiп, не кетпеген боз даламда.
Бар жерi тебiренер қазағымның
Маңғыстау – Ойсылқарам боздағанда.
Сол үндi бiздер ендi ұғыналық.
Қансызсың ұғынбасаң, мұным анық!
Жатқандай Қамбар менен Шопан атам
қостарын осы жерге тiгiп алып.
Маңғыстау десем болды жасарамын,
Маңғыстау десем болды жасанамын.
Сен десем қабiрiнде аунап түсер
Абылым, Мұрын Жырау, Қашағаным.
Маңғыстау сенiң қанша батты күнiң,
Маңғыстау сенiң қанша атты күнiң.
Жата алмай кетедi ғой қабiрiнде
сен десем Есiр менен Сәттiғұлың.
Қызық қой бұрқырап бiр құбылғаның,
бурадай бүлiк салып «жын ұрғаның»
Сен десем кетедi ғой тебiренiп
Құлшарым, Өскiнбайым, Нұрымдарым.
Жүретiн әрбiр сөзi аңыз болып,
тұнатын әрбiр сөзi маңыз болып.
Сен десе кетушi едi Алшын атам
қазiргi замандағы Абыз болып.
Тұратын қарсы қарап сұрапылға
қуат бар тау мен жота қыратыңда!
Сен десем ойға батып Есбол ағам,
күй болып құйылады Мұратым да!
Бүгiнде жүрегiмнiң байтақ әнi.
Айбарың кiмдi болсын қайтарады.
Сен десем Фариза ақын отқа айналып,
кемедей Кекiлбаев шайқалады.
Жарқ еткен жүрегiмнiң жыры сөнбе,
щырақ боп жанады олар дұрыс елде.
Сен десе бүгiнде мен құлақ тосам
Сержан-күй, Iзбасар-жыр, Күрiш-әнге.
Сен десе тебiренiп атырабым,
өзiмдi теңiз етiп сапырамын.
Бiздердi желеп-жебеп жата бершi
Маңғыстау, әулиелi топырағым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу