Өлеңдер ✍️

  14.08.2022
  100


Автор: Темірхан Медетбек

2-ші топтағы мүгедек

Ол үшiн үлкен күш:
отыру жүрелеп,
кету де түрегеп.
Он тоғыз жастағы жап-жас қыз
2-шi топтағы мүгедек.
Не керек
әлемнiң кеңдiгi? –
жанын жаралар
аяқтың кемдiгi.
Ол әлi бiр рет
толқынмен жарысып
жүзуге бармаған.
Ол әлi бiр рет
билi алаңға
билет алмаған.
Күйiктен жаралы
оның өзегi,
тартынып ағады
оның өзенi...
Түседi ол күнiне сан рет
қатал безбенге –
аяған көздер мен
мүсiркеу сөздерге!
Өтiнем, жап-жас қыз,
Жүректi ақсатпа.
Қара сен сенiммен
күндерге алдағы...
Қыз үнсiз қарайды
арманға, үмiтке, мақсатқа.
Сықырлап, ыңырсып жылайды
қолтықтан сүйеген балдағы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу