Өлеңдер ✍️

  14.08.2022
  524


КӨРКЕМ МІНЕЗ НЕ ЕКЕНІН БІЛЕСІҢ БЕ?

Дастан Ақаш,
Алматы қаласы.


 


- Көркем мінез не екенін білесің бе?
деген сөзі бір қарттың жүр есімде.
- Ол қарағым, Мұхаммед пайғамбардай,
Жарасады тек қана ұлы есімге!..
Ақ сақалын қария тарамдап ап,
Сөз бастаған содан соң маған қарап.
Жақсылығы жақсының байқалады,
Шашып тұрар шұғыла жанардан-ақ.
Қарияға сол сəтте қарай бердім,
Жанарынан, жүзінен арай көрдім.
Көкірегі кең сарай қазынадай,
Ақсақалды Абызға балай бердім.
- Жақсы адамдар қайрымды, мейірімді,
Ондай жандар болады кейінге үлгі.
Халқымызда сөз бар ғой сараңдарға,
Кеңге сал деп айтатын пейіліңді...
Қорлық көріп ғайбаттан жүрсің тіпті,
Жақсы адамдар қаламас күншілдікті.
Жауласпай-ақ ешкіммен дауласпай-ақ,
Сабырменен жеңеді мың сұмдықты.
Тəкаппарда емес ол кердеңдеген,
Өз бойына ешкімді теңгермеген.
Өткені мен бүгінін салыстырып,
Жақсы адамдар өмірін безбендеген.
Болмысынан танытып кісілікті,
Жақсы адамдар қалайды кішілікті.
«Ұлық болсаң кішік бол» деген сөз бар,
Білімді емес, білікті кісі мықты.
Баба қаны тулаған тамырында,
Зеректік бар, зейін бар танымында.
Жақсы адамдар келеді жайма шуақ,
Жүрегі пəк, жаны ізгі анығында.
Жақсы адамның болмайды жамандығы,
Биік тұрар ары мен адалдығы.
Жатса, тұрса жүрегі нұрға толып,
Ойлайтыны елінің амандығы.
Жақсы адамдар жатты да жатсынбайды,
Алдында сөз жақсының асқынбайды.
Жүрген кезде жаманның құты қашып,
Жүзінде нұр жақсының тасқындайды.
Дінімізде жақсыны дəріптейді,
Жаннатқа жол жақсыға анық дейді.
Пайғамбардан үлгі алып, өнеге алып,
Көргенділік жұртыңа таныт дейді, -
деп қария аяқтап ұлағатын,
Ойландырды мендей бір жұрағатын.
Өлең еттім мен оны өз əлімше,
Елім бар деп сырымды ұға алатын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу