Өлеңдер ✍️

  13.08.2022
  101


Автор: Темірхан Медетбек

Үмiт пен күдiк

Бiрi қатер, ал бiреуi игiлiк,
бiрi тербер, бiр салып қиғылық...
Үмiтiмдi өсiрiп ем гүл қылып,
күдiк-аптап жiбердi оны күйдiрiп.
Қаншама ақын, қаншама ақын саяз боп,
тұр ғой қазiр бұл өмiрде ой аз боп...
үмiтiмдi жiберiп ем аптап қып,
қарып түстi Күдiк оны аяз боп!
Жүре алмаймын өз-өзiме тоқ болып,
бара жатыр жүрегiме от толып...
Ұшырып ем үмiтiмдi құс қылып,
қағып түстi Күдiк оны оқ болып.
Буырқанып жатқан талай дастаны,
алау-далау көңiлiмнiң аспаны...
Үмiтiмдi жiберiп ем сәуле қып,
күдiгiм кеп бұлт болып басты оны.
Дей алмаймын кереметпiн, iрiмiн,
тiрлiгi бар тiрлiгiмде тiрiнiң...
Үмiтiмдi құйдым сонсоң металл қып,
тот боп оны жей бастады Күдiгiм.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу