Өлеңдер ✍️

  13.08.2022
  95


Автор: Темірхан Медетбек

Дүниеге өлең келер кезiнде

Дүниеге өлең келер кезiнде
құбылыстар шарпысады сезiмде;
дүниеге өлең келер кезiнде
шық тұрады алау күннiң көзiнде;
гүлге тұнып шөл даланың өңiрi
сазға айналар тiршiлiктiң әр үнi;
аспанымнан жерге түсiп тәңiрi,
дертiп тұрар бұлттардың желiнi;


опасыздық отқа бетi шарпылып,
кетер арсыз келмес жаққа артынып:
шағалалар дауылсыз-ақ шарқ ұрып,
жас нәресте Күнге ұмтылар талпынып.
Есiтiлiп жер астының сарыны
кетедi ғой дүниенiң сабыры;
қуаттанып шөптiң әлсiз тамыры,
сарқырап бiр ағар өмiр ағыны.
Дүниеге өлең келер кезiнде
құбылыстар шарпысады сезiмде.
Дүниеге өлең келер кезiнде
жасын ойнар қасiреттiң көзiнде!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу