Өлеңдер ✍️

  13.08.2022
  76


Автор: Темірхан Медетбек

Жиiркенiш

Назаланып опынған
не сұмдықты өткерiп –
адам көрдiм
отырған
өзiн-өзi жек көрiп.
Жас сорғалап көзiнен
қара бұлт бүркенiп,
отыр адам
өзiнен
жүрегi айнып жиiркенiп.
Күнiменен,
түнiмен
безер болып өзiнен –
бiр кездегi шiрiгiн
жиiркенедi сөзiнен.
Жанарынан нұр тайып,
айырылған күшiнен
бiр кездегi –
сұмпайы –
жиiркенедi iсiнен.
Қара түндi бүркенiп
былғап алған сезiмiн –
отыр адам жиiркенiп
өмiрiнен өзiнiң.
Сорлы болып сорлыдан
бара жатыр күнi өлiп...
Тұрды сонсоң орнынан
түндей болып түнерiп.
Көзiн ашпай сорадан,
жүн сияқты түтiлiп, –
бара жатты сол адам
өзiне өзi түкiрiп!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу