Өлеңдер ✍️

  13.08.2022
  168


Автор: Темірхан Медетбек

Музыкалық көне аспап

Сонау бiр қиыр, жырақтың
жарқ етiп сөнiп жарығы, –
әлi күн онда жылап тұр
он жетiншi ғасырдың
он жетiдегi аруы.
Тарылар кенет жан-жағым
қысқанда келiп өкпенi, –
тығылып жатқан ондағы
Отырардағы жесiрдiң
күрсiнген жалын, от демi.
Жатыр ғой онда, бар онда:
жұлдыздың сызып аққаны,
тыныштық келiп заманға
қой үстiне бозторғай
жұмыртқа салып жатқаны!
Жатыр ғой онда ғаламның
думаны менен дүбiрi,
сонау бiр сонау заманның
жiгiтi менен қызының
сыбыры менен күбiрi.
Тыңдап сен оны дiр еттiң
төгiлген кезде шерлерi.
Өрмегiн күтiп жүректiң
жатыр ғой онда қаншама
үндердiң ою-өрнегi.


Қозғасаң оны ақырын
төгiлiп жүрек сырлары,
тоқылып жатар, тоқылып
әуеннiң қалы кiлемi,
саздардың сырлы сырмағы.
Сақ бола көршi тiл-көзден! –
шыбық-үн бұтақ жаяды.
Жағылып кетер бiр кезде
арманның аппақ үнiне
қайғының қара бояуы.
Тыңдасам – күйiп-жанармын,
егiлiп, бiрде асқақтап, –
тағдыры бүкiл Даламның
ұя сап алған секiлдi
осы бiр қуыс аспапқа,
осы бiр құныс аспапқа!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу