Өлеңдер ✍️

  13.08.2022
  105


Автор: Темірхан Медетбек

Жусан

Оранған боз сағымға
көкiрегiм құм шағыл –
өзегiмде,
жанымда
бұрқырайды жусаным.
Ойыма ашы мұң салар


қапаланып тұрсам бiр –
жусан-күй мен жусан-ән,
жусан-сөз бен жусан-жыр.
Тұнып тұр ғрй түз деген
жусан болып мың аңыз...
Сондықтан да бiз деген
жусан аңқып тұрамыз.
Онсыз жүнжiп өтемiз
түскендеймiз құрсауға.
Әруақтанып кетемiз
аунап алсақ жусанға.
Алыс кеткен күштi де
аңсап соны жылады.
...Моламыздың үстiне
жусан өсiп шығады.
Көп нәрсеге көнiкпiз
қуырылмас апшымыз.
Жусан-сынды берiкпiз,
жусан-сынды ащымыз.
Жарылатын ағынан
жусан менiң сазды үнiм.
Жусан менiң мағынам,
жусан менiң мазмұным.
Жусанда сол жал, құмның
шөлiркеген әнi бар.
Жусанда сол халқымның
тағдырының дәмi бар!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу