Өлеңдер ✍️

  13.08.2022
  59


Автор: Темірхан Медетбек

Саған

Жалғыз өзiң бар дертiме дауадай
аппақ нұрын құйып саған ауады ай.
Жеп-жеңiлсiң желпiп соққан самалдай,
жеп-жеңiлсiң тынысымдай, ауадай.
Сенi көрсем ескермей жан азасын,
ұмытамын қатал тағдыр жазасын.
Сылқ-сылқ күлiп ағып жатқан шымырлап
судай мөлдiр,
судай сұлу тазасың.
Шақырсаң сен –
құс болам да ұшамын,
ұмытамын не екенiн құсаның.
Күйдiретiн, жандыратын, өртейтiн
күндей ыстық,
күндей ыстық құшағың.
Жырлатса өмiр –
сенi маған жырлатсын.
Асылымдай, ардағымдай қымбатсың.
Жер сияқты қарапайым кәдiмгi,
жер сияқты қатпар-қатпар жұмбақсың!
Астан-кестен етiп тымық кезiмдi,
ажар бейнең қарып кеттi көзiмдi, –
Су мен Ауа,
Жер менен Күн бiрлесiп
осы қазiр жаратқандай өзiңдi.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу