Өлеңдер ✍️

  13.08.2022
  146


Автор: Темірхан Медетбек

Ұятын жоғалтқан адам туралы жыр

Өз басы мен өз жанын
ойлап жүрiп күн-түнi
ұяты мен ожданын
жоғалтты адам бiр күнi.
Салып не бiр ойранды
дауыл болып бораған –
зұлмат күшке айналды
ұяты жоқ сол адам.
Қара түн боп түнердi,
жақты күйе-жаласын.
Жанжал қылып жiбердi
ағайынның арасын.


Сөз құйынын суырып,
бұзып төзiм-шыдамды,
айналасын қуырып
салды бүлiк, ылаңды.
Жан шошиды түрiнен!
Сұрқы қашты шындықтың –
сумаңдаған тiлiнен
уы тамып сұмдықтың.
Елiн сүйген ақынға
аждаhа боп апшыды.
Бес тиындық бақырға
сатып кеттi жақсыны.
Көтерiлдi, iсiндi,
күйдiрдi ғой жан-жағын.
Ортасына түсiрдi
талай үйдiң шаңырағын.
Болмай оған дауа да
шығып кеттi шегiнен –
бұзылды ғой ауа да
соның алған демiнен.
Онсыз-дағы дүрлiккен
елдi бөлдi бөлшекке.
Ол ұстаса гүл бiткен
күлге айналды сол сәтте.
Ол күлгенде кезеңдер
Аңызаққа шарпылып;
теңiз бенен өзендер
бара жатты тартылып.
Әуез, әуен, ырғақ та
тастай ауыр қайғы алып,
жасыл шалғын тулаққа
кеттi сәтте айналып.
Ол келдi де
өңiрден
қайта оралмай ұшты әнiм.
Оны көрiп көлiмнен
безiп кеттi құстарым.


Салып не бiр ойранды
дауыл болып бораған –
зұлмат күшке айналды
ұяты жоқ сол адам.
Сол бiр жанның жолында
жатыр елдiң азабы...
бұрқырайды соңында
қасiреттiң тозаңы...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу