Өлеңдер ✍️

  13.08.2022
  64


Автор: Темірхан Медетбек

Наза

Бұған ендi көнбе мейлi,
көн мейлi


бұған ендi сенбе мейлi,
сен мейлi –
бiлмей тiптi шамасын да, шарқын да
қатардағы адамың да «Мен» дейдi,
қапталдағы адамың да «Мен» дейдi.
«Мен» «Мен» дейдi,
«Мен» «Мен» дейдi, «Мен» дейдi
«Мендей жан жоқ,
iшiң күйсiн, өл» дейдi.
Бiр-бiрiне көне тұрып, көнбейдi,
бiрiн-бiрi көре тұрып, көрмейдi.
Барабандай қағып қуыс кеудесiн
«Мен» «Мен» дейдi,
«Мен» «Мен» дейдi, «Мен» дейдi.
Кеудесiне ауа мен жел үрлеген,
бiр оңбаған «Мен, Менге» сол үндеген –
елiн, жерiн, халқын бәрiн ұмытып
өзiн айтып өзеурейдi мiнбеден.
«Менге» толы бүгiнiм де, кешем де,
«Менге» симай бара жатыр көшем де...
Оқуы бар, тоқуы бар адамдар
ұшыраған қандай сұмдық кеселге.
«Мен, мен» дейдi –
ортадағы, соңғы да.
«Мен, мен» дейдi –
оңсызы да, оңлы да!
«Мен, мен» дейдi –
дәнсiз қауыз, кеуек ми,
«мен, мен» дейдi –
бейшара да, сорлы да!
«Мен, мен» қазiр талай жұрттың ұраны,
«мен, мен» қазiр талай жұрттың құралы.
...Кiл көжектi жиып алып
«Мен, мен» деп
қорқағың да қоқиланып тұрады.
Ауызға алмай айбарлысын, арлысын,
ауызға алмай жауырынды, жалдысын
шыжбалақтап шырылдайды «Мен, мен» деп...
Әттең, әттең батпайды ғой қарғысым.
Қанша жан жүр көлеңкедей ербеңдеп,


қанша жан жүр көбелектей көлбеңдеп...
...Дүңкiлдетiп төсiн ұрып – «Мен, мен» деп
тағы бiреу жүгiрдi, әне, өңмеңдеп...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу