Өлеңдер ✍️

  13.08.2022
  80


Автор: Темірхан Медетбек

Жүр едiм мен тыныстап...

Жүр едiм мен тыныстап
iштен өлең құраған...
Қараңғы бiр бұрыштан
әйел көрдiм жылаған.
Қалдым кенет тұншығып,
өштi ой да, өлең де.
Кеттi өзгерiп тiршiлiк,
кеттi өзгерiп әлем де.


Менен жырды аластап
мұң шарпыды бетiмдi...
Жел шайқаған ағаштар
өксiп тұрған секiлдi.
Суық тартып түнiм де,
дүниеге кiрдi ызғар.
Жас сияқты дiрiлдеп
мөлтеңдейдi жұлдыздар.
Кеттi-ау деймiн шыдамай
сол әйелдiң мұңына –
сыңсып тұрды жылаған
телеграф сымы да.
Оныменен жарысып
жүйке, жанды қозғаған
сиренаның дауысы
шықты кенет боздаған!...
...Соғып тағдыр бораны
ақ тiлегi сынғандай
жыласа әйел,
болады
әлем жылап тұрғандай!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу