Өлеңдер ✍️

  13.08.2022
  338


Автор: Темірхан Медетбек

Бүгiнгi экологиялық баллада

Қора менен сарайға
тыным бермей күн-түнi
өрiп кеттi тоғайда
шиебөрi бiр жылы.
Iштен ғана тынатын,
артын баққан әлiптiң,
үйi тиiп тұратын
сол тоғайға Тәлiптiң.
Жоламайтын адамға,
суық едi қарасы.
Ұқсайтұғын қамалға
ауласы мен қорасы.
Тiл қатысып iлуде,
болмайтын той, сауығы.
...Күндердiң бiр күнiнде
жоқ болды бiр тауығы.
Сәуле түспес жаны оның
қараңғы едi,
тар едi.
Қамын ғана қораның
ойлайтұғын жан едi.
Өз-өзiнен жауыққан
қаны қатып кектендi.
Жоғалған бiр тауыққа
жаны күйiп кеттi ендi.
Бiлетiн не айланы


жан едi ол құрыған...
Кек алуды ойлады
шиебөрi «ұрыдан».
Жатпастан-ақ аттан сап –
жолын тосып, тығылып
ұстап алды қақпан сап
шиебөрi «ұрыны».
Қамын ойлап қораның,
ашқан құлқын, аранын
қап-қара едi қаны оның,
қап-қара едi жаны оның.
Түршiктiрiп өлiнi –
жетемiн деп түбiне –
байғұс шиебөрiнi
шәңгекке iлдi тiрiдей.
Жетемiн деп түбiне! –
жиып тастап бар iсiн
пышақ алды –
тiрiдей –
сыпырам деп терiсiн.
Күйiн айтып құсаның
кiмге барып шағынам.
Жалаңдаған пышағын
салды келiп шабынан.
Түршiктiрер өлiнi
басын соғып, алысып
шықты шиебөрiнiң
жан күйзелтер дауысы.
Құлағыңды тұндырып
зарлы үн керiп барады-ай!
Жатты байғұс шыңғырып
шоққа түскен баладай.
Аласұрар жаны үшiн
кете алмастан құтылып.
Қарамастан
терiсiн
жатты Тәлiп сыпырып.


Сонан кейiн сыбанып
iредi кеп iредi.
Қып-қызыл қан тұр ағып!
Тас па едi оның жүрегi!
Тiршiктiрiп өлiнi
басын соғып, алысып,
шықты шиебөрiнiң
жан күйзелтер дауысы.
Шыңғырады баладай
тұңды зардан құлақ та.
Ештеңеге қарамай
iреп жатты бiрақ та.
Түршiктiрген өлiнi
қайтем мына жанды ендi?!
Терiсiн шиебөрiнiң
сыпырып ол алды ендi.
Тiп-тiк тұрып шаш-тағы,
ызғар ұрды жер-көктен.
Сонан кейiн тастады
алып оны шәңгектен.
Жүрегiңдi шабақтап
зардан құлақ тұнады,
дiрдек-дiрдек қан аққан
шиебөрi тiрi әлi.
Қыңсылап бiр жылады
орынынан тұрды ептеп...
Тұла бойын жуады
қып-қызыл қан дiрдiктеп.
Неткен мықты,
күштi едi!
Оған өлiм төнiп тұр!
Бiр-екi аттап...
тiстедi
балағынан Тәлiптiң.
Неткен мықты,
күштi едi!
Қыңсылап бiр жылады...
Бiр-екi аттап...


тiстедi.
Тiстедi де құлады.
Дiр еттi де...
жұлқынып...
қызыл тiлi салақтап
қайта тұрып ұмтылып
жабысты кеп балаққа!
Түршiктiрген өлiктi,
тұншықтырған түнектi
түрi өзгерiп Тәлiптiң
алғаш рет дiр еттi.
Демi бiтiп қылғынып
бұл сұмдыққа қараған –
әлдене деп шыңғырып
атып шықты қорадан...
Қара жолды шаң қылып,
қарғыс алып өлiден
кеттi Тәлiп қаңғырып
безiп үйден, елiнен!
Кеттi ол ендi қаңғыған
сiңiп мұнар, сағымға –
тұла бойын қан жуған
шиебөрi соңында!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу