Өлеңдер ✍️

  13.08.2022
  53


Автор: Темірхан Медетбек

Кейде жылап...

Кейде жылап жала, мұңға батам мен.
Ондай кезде сырласам деп жапанмен
бүкiл болмыс бiтiмiммен осынау
табиғатқа сiңiп бара жатам мен.
Жылжиды да сөздiң ызғар, суығы
көктеп шығар үмiтiмнiң шыбығы.
Желпiп тұрар өлеңiмнiң жолдарын
жел уiлi, қанаттардың суылы.
Селт еткiзiп менi аспанның күркiрi
жарқ еткiздi бұлт төсiнен шырпыны.
...Жердей ауыр көз жасымды түсiрмей
қағып алды шөптiң әлсiз кiрпiгi
Құлақ түрiп үндерiне тереңнiң
басқа сөзбен өзгеше ойға кенелдiм.
Қарлығаштар ұя салды үйлерге
әрiптерiнен өлеңнiң.
Қайсар жанға айналдым да шерлiден,
дедiм сонсоң: өзгешемiн ендi мен.
Құшырланып сүйдiм барып гүлдердiң
қып–қызыл боп жанып тұрған ернiнен!
Сонан кейiн — сый етем деп елiме —
елтiп тыңдар бала мен жас, кәрi де —
жапырақтың дiрiлдеген ұшымен
сөздер жаздым бұлбұлдардың әнiне!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу