Өлеңдер ✍️

  13.08.2022
  61


Автор: Темірхан Медетбек

Ақын жүрегiндегi жарылыс

Жұмекен Нәжiмеденовке
Жарылды ақын жүрегi –
осынау ұлы заманға
жандарды көрiп дақ салған, –
адамды айдап адамға
араға бүлiк от салған;
қап-қара бұлттай түйiлiп
не iстерiн бiлмей бұзыққа;
өртенiп жаны күйiнiп
пысықай менен пысыққа;
өмiрем қап та өл дейтiн
қызғаныш көрiп жылады-ай!
Жанының жасын көрмейтiн
безбүйректерге шыдамай
жарылды ақын жүрегi.
Жарылды жүрек!
Ғаламат
демiмен бiздi шарпыды.
Даламды кеттi аралап
бұрқ еткен бұрқақ солқылы.
Бiр аунап түстi сол кезде
Қошалақ құмның қырқасы,
домалап кеттi сол кезде


Алатау-шыңның бiр тасы.
Солқылдан сол бiр қуатты
теңселiп кеттi жамиғат.
Солқылдан сол бiр қуатты
теңселiп кеттi табиғат.
Сол солқыл бiр сәт күшке ендi
қуатын жиып даланың,
күркесi құлап түстi ендi
өтiрiк, өсек, жаланың!..
Өтпек боп босқа жасымай
болды ма әлде тiлеуi –
бұрқ етiп кенет осылай
жарылды ақын жүрегi.
Осынау ұлы заманға
дақ салар жандар бар әлi.
Адамды айдап адамға
от салар жандар бар әлi.
Түбiне соның жетермiз
деуменен бiздер сабылып
күресiп ендi өтермiз
кеткенше жүрек жарылып!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу