👈 қаріп өлшемі 👉

  13.08.2022
  108


Автор: Альберт Лиханов

ТАҒЫ БІР ӘҢГІМЕ. КЕРНЕЙШІ ТУРАЛЫ

Ол кезде бұл ақ басты адам да мүлде жас болған екен. Соғыстың басталғанын білген бетте еріктілердің бірі болып жазылыпты. Әйелі Катяны құшып, ұлы Сережаның бетінен сүйеді де, жүк машинасына отырып, майданға тартып кетеді.
Жүк машинасының соңынан көтерілген құшақ-құшақ шаң бірге ілеседі. Қою шаңның арасынан зайыбы мен ұлына қарап, көз ала алмай аттанады...
Бірінші шайқаста-ақ өзін көрсете біліпті. Немістердің лақтырған, біздікіне ұқсамайтын, ұзын сапты гранаты біздің окопқа түседі. Бірақ жарылмай бір орнында ысылдап айнала береді. Сонан соң ол неміс гранатының біздікі сияқты лақтырған бетте бұрқ ете қалмай, біраздан кейін барып жарылатынын біле қояды. Гранат болса әлі дөңбекшіп жатады. Ойланып тұрар уақыт емес, жанұшыра гранатты алып, немістердің өзіне қарай зуылдатады. Гранат аспанда жарылады. Өзі де қорқып кетсе керек. Бір тәуірі, соңынан қорыққан ғой, әйтеуір. Егер қорқып орнында тұра бергенде, дау жоқ, жер жастанар еді. Ал ол жолы соның арқасында тірі қалады, командованиеден алғыс алады, оған қоса бұдан былай гранаттан қорықпайтын болды.
Барлық шатақ осы гранаттан басталыпты. Оның таңғажайып ерлігі атағын біраз жерге жайса керек. Былайша айтқанда, көп мақтаудан басы айналған. Ол келесі бір жолы тағы да ысылдап айналып жүрген гранатты ұстай алған кезде қолында жарылып кетіпті.
Жолы болып, тағы да тірі қалған.
Онан да жолы болмай-ақ қойса етті! Бұл – оның өз сөзі. «Сол жерде сеспей қатсам жақсы еді» дейді. Жарылыстан есі ауысып, гранаттың жарықшағы бір қолын жарақаттапты.
Жарылыстан кейін ес-түссіз құлап түседі, ал есін жиған кезде төбесінен төніп тұрған немісті көреді.
Сөйтіп, ол тұтқынға түскен. Фашистердің тұтқынына. Ең қорқынышты ажал апаны – тұтқындар лагерінде болады. Тұтқындағылардың соғысқа дейін кім болып істегенін анықтап, немістер әр түрлі мамандық иелерін – инженерлерді, электриктерді іздестіреді. Бір істеріне қажет болса керек. Ол соғысқа дейін оркестрде ойнаған музыкант екен. Оркестрдің солисті. Бұл дегеніміз басқа музыканттармен бірге де, қажет болған кезде жұрт алдына жеке шығып та ойнайтын музыкант деген сөз.
Фрицтер оның солист екенін білген кезде қатты қуанса керек. Оларға музыканттың не үшін қажет екенін білмей, бұл таң қалады. Неге қажет болғанын ойлап табу мүмкін бе? Өйткені хайуандық әрекет және музыка деген ұғымдар бір-бірінен алшақ жатқан дүниелер ғой.
Оны оркестрге қабылдайды. Әр түрлі ұлттардың өкілдерінен музыканттарды жинап, қолдарына музыка ноталарын тапсырады. Түрлі-түрлі вальстер, көңілді марштар, фокстроттарды үйренуді тапсырады.
Музыканттарды да әдейі әр түрлі халықтың өкілдерінен жинастырады. Бір- бірлерінің тілін ұқпасын, сөйлесе алмасын дегендік қой баяғы. Ал музыка тілі – ортақ. Сондықтан оның ноталарын қалағандарынша бере береді.
Музыканттар жаттығу жүргізіп, жұмыстарын жалғастыра береді.
— Құдай ұрды ғой! – дейді ол. – Құдай ұрды ғой! Мен сонда гранатты неге ғана ұстай алдым екен! Ең жақсысы сол жерде...
Жұмыстары адам төзгісіз болыпты. Бірақ немістер музыканттарға артық тамақ беріп, басқаларға қарағанда әжептәуір күтетін болған. Өйткені, музыканттардың жүзі бал-бұл жанып тұрмаса да, адам қарағысыз азып-тозған кейіпте болуға тағы болмайды екен. Басқа тұтқындардың күйлері дәл сондай болған ғой.
Өйткені, олар күндіз-түні тас қашаудан бас алмайды. Біраз жұмыс істеткен соң, оларды «моншаға» қарай, қайтып оралмас лагерге қуалайды.
Монша деп – тұтқындардың өздері қойған атау ғой. Өйткені, ол «моншаның» мұржасынан қап-қара күйік исі бар түтін ұшады екен. Бұл – адамдарды өртейтін арнаулы пеш. Мұндай «моншадан» кейін олардың барар лагерьлері белгілі ғой – о дүние.
Адамдардың жаңа легін «моншаға» шығарып саларда фашистер аппақ биялай киген қолдарын сермеп, олармен күле коштасады екен. Сол кезде бұлардың оркестрлері көңілді әуендерді, вальстерді, марштарды, фокстроттарды құйқылжыта ойнауға тиісті.
— Оң сапар тілейміз! – дейді фашист коменданты мәз болып, сонан соң кернейшіге келіп, оны шыбыртқымен беттен бір осып өтіп: – Әй, солист! Көңілдірек! Көңілдірек ойна! – деп айғайлайды екен.
Сол кезде кернейші көңілді әуенді құйқылжыта жөнеледі. Дәл мерекедегідей, билей жөнелуге болардай! Ал «моншаға» аттанып бара жатқандар мұның бетінің қаны тамшылап тұрса да, оған жиіркенішпен қарап бара жатады екен.
Әуелгі кездерде ол түні бойы жылап шығады. Одан кейін көз жасы мүлде таусылып, ол әдетін қояды. Тіпті сол жылай алмағаны үшін де өзін-өзі жегідей жеп жүріп жатады. Ол өлгісі келеді. Бірақ немістер оларды қорғап бағады.
Бір жолы ол кернейін лақтырып жіберіп, музыка үйренгені үшін өзіне-өзі қарғыс жаудырып, кернейін тепкілей бастайды. Оркестр үнсіз қалады. Оны бас салып, саптан айдап шығады. Бұл болса шаруасының біткеніне, оны да ажал моншасына аттандыратынына қуанады. Өйткені ол үшін музыка ойнағаннан гөрі, соның өзі әлдеқайда артық көрінеді.
Оны естен тандыра сабайды да, қолына жаңа керней әкеп береді. Ол тағы да ойнай бастайды. Бірақ ол бұдан былай басқаша ойнайтын болады. Өлім отына қақталғалы бара жатқан мынау ала жолақ киім киген жандарға тесірейе қарап тұрады да, көңілді музыканың өзін өте бір жан түршігерлік әуенге айналдырып ойнайтын болады.
Оның музыка ойнауы фашистерге қатты ұнайды. Олар осынау сүйкімсіз әуеннің өздеріне арналғанын қайдан білсін. Комендант мұны соққан кезде ерекше бір сүйсіне, қолын батыра соғады екен. Риза болғанының, алғыс айтқанының белгісі. Ал анау ажалға аттанып бара жатқан адамдар бұған бұрынғыдай жек көрінішпен қарамайтын болады. Олар бәріне де қаһармандықпен тайсалмастай қарап бара жатады екен. Осынау қатыгез әуеннің өзі ұнайтын болады.
Оның тағы да жолы болады. Музыканттарды отқа өртеп үлгірмей, оларды асығыс-үсігіс оққа байлайды. Лагерге қарай құйындата жүйткіген біздің танктерді көрген немістер көңілді музыканы құйқылжытып тұрғандарға қарап оқ төгеді.
Оқ кернейшінің дәл кеудесіне келіп қадалады. Ол тағы да ес-түссіз құлап, қайтадан көзін ашқан кезде оның төбесінен дидарын күн қақтаған біздің танкистердің төніп тұрғандарын көреді. Олардың жүздерінен өз көздерімен көрген сұмдықтың іздерін оқиды. Ол ептеп басын көтеріп, бір көңілді әуен ойнау үшін, кернейін ерніне апара береді.
Кернейді үрлеген кезде, күнмен шағылысып жарқылдаған мыс керней қанмен былғанады, өйткені оқ оның өкпесін тесіп кеткен екен...
«Онан да жүрегімді тесіп өткені жақсы еді!». – Ол осылай деді де, жылап жіберді. Қайтадан өзіне-өзі келген кезде бір күліп алып былай деді: «Көрдіңіз бе, көзіміздің жасы да қайтадан шығатын болды».
Ол еліне оралғанда ешкімді де таба алмайды. Әйелі мен және баласымен жолға бірге шыққан көршілері фашист самолеттері шабуыл жасаған кезде мұның отбасысынан көз жазып қалғандарын айтады.
Ол ұлы мен әйелін іздемеген жер қоймайды. Хат жазады. Москваға да барады. Бірақ ешқандай хабар ала алмайды. Сөйтіп, ол әйелі мен баласының соғыс құрбандығы болғанын мойындайды.
Былайша айтқанда, ол тірі өлікке айналады. Тірі деп тірінің санатына қосуға болмайтындай. Елмен бірге жүріп тамақ ішеді. Бірақ, соның бәрін де, еш мақсатсыз, ойсыз ғана орындайды. Мүлде басқа адам болып шығады. Соғысқа дейінгі дүниедегі ең жақсы көретіні музыка болса, соғыстан кейін оны тыңдай алмайтын да халге жетеді. Өзіне берілген жаңа пәтеріндегі радионың сымын да суырып тастайды. Тек қана газет оқып, оркестр дегенді мүлде ұмытады. Сөйтіп зауытқа орналасады.
Үйленеді. Әйелінің есімі Катя екен. Ұлының атын да Сережа қояды. Ол қазір институтқа түскен. Музыкантқа ешқандай да соғыс болмағандай, ол бір елес сияқты болып қана көрінеді. Өзінің Катясымен және ұлымен қоштаспағандай, жүк машинасына отырып майданға аттанбағандай – жай ғана уақыттың бір бөлшегін жоғалтып алғандай сезінеді. Уақыттың бір бөлшегін – оны қасіретке ұшыратқан уақытты жоғалтқандай сезінеді.
Қайта тіріле бастайды. Пәтеріне радионың сымы қайта тартылады. Тек музыка ойнаған кезде ғана, оны өшіріп қояды. Әйелі мен ұлы мұның жан-күйін ұғынып, олар да музыка тыңдамауға тырысады.
Бір күні ойда жоқта Сережа туралы радио хабарын тыңдайды. Тұла-бойы мұздап... жан-дүниесі төңкеріліп түскендей болады.


Кейінірек оқу үшін сақтап қойыңыз:



Пікір жазу


Біз cookie файлдарын пайдаланамыз!
Біздің сайтты пайдалануды жалғастыра отырып, сіз сайттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін cookie файлдарын өңдеуге келісім бересіз. Cookie файл деген не?
Жақсы