13.08.2022
  112


Автор: Альберт Лиханов

КЕСТЕЛІ КӨЙЛЕК КИГЕН АДАМ

Ол мәселені қалай шешті?
Кешке дейін сол мазасы кеткен күйде жүрді. Бірде бөлме ішін шарлап жүріп кетсе, бірде ас үйге кіріп, ыдыс-аяқ жуады. Сөйтіп жүргенде бір кесені сындырып алды.
— Жақсылыққа! – деп айқайлаймын мен. Бірақ атам оған да тіс жарған жоқ. Тіпті, кесенің сынып қалғанын мүлде байқамауы да мүмкін. Шыны-аяқтың сынықтарын жинап алып, қоқыс төгетін ыдысқа салды, онда да өз әрекетін өзі білмей жүрген адамдай қимылдайды.
Кешкілік атам жанарын төмен түсіріп:
— Маған бір досым келмекші еді. Бірер күнге, әрі кетсе екі күнге ғана, – деді.
Папам газетін оқып, мамам киімдерін үтіктеп, өздерімен өздері, олар атамның жай-күйінен мүлде бейхабар.
— Мейлі, келіп тұра берсін, – дейді папам.
— Сіз соны айтайын деп пе едіңіз? – деді мамам.
Атам басын изеп, саусақтарын шытырлатып, тағы да жанарын бір нүктеден айырмай ұзақ тесірейді. Сөйтті де, бір ақылын тапқандай өз тізесін көңілдене ұрып қалып, орнынан атып тұрды.
— Жетер енді! – Қуана үн қатты.
Мамам мен папам оған таңырқай қарап қалыпты. Атам бөлмені кезіп жүріп кетті. Одан тоқтай қалып салмағын біресе аяғының басына, біресе өкшесіне түсіріп, сәл тербетіледі.
— Ольга! – жігерлене сөйледі. – Жұмыс! Қандай болсын бір жұмыс бер!
— Менің берер жұмысым жоқ! – дейді мамам.
Сол кезде атам оның қасына барды да, әй-шәй жоқ оның үтігін қолынан тартып алды. Мамам атамның бұл қылығына таңырқай тұрып, оның мұндай шаруға араласпауын сұрап еді, атам болса оның сөзін мүлде естімеген адам сияқты қалып танытты.
– Жұмыстарыңды үй маған! – деді ол айғайлап. – Кәне бол! Киімдеріңді үтіктеп болып қалдым... Өзіңе өзің қызықтап қарап тұрғаннан зиянды дүние жоқ. Егер адам бір шешімге келсе, онда ары қарай әрекет істеу қажет. Түсінікті ме?
— Оны кімге айтып тұрсың? – әкем таңырқай сауал қойды.
– Өзіме-өзім, – дейді атам маған көзін қысып қойып. – Сонан кейін Антошкаға айтып тұрмын. Бұл сөздің саған қатысы жоқ.
Ол өзгеріп сала берді. Мамамнан үтікті тартып алған сәттен бастап өзгерді десе де болғандай.
Бұрынғыдай бөлменің ішін босқа кезіп кеткенін және бір сәтте бірнеше сигарет тартқанын да қойды. Жұмыстан бас алмады. Үйдің қасынан көгал жасаймын деп екі күннің ішінде бір гектардай жерді жыртып тастады. Күректі мен қолыма ала қалғандай болсам, қуалауға тырысады, немесе:
— Антон, маған да жұмыс қалдыр! Бар беделімді салып өтіне сұраймын, – деп өтіне қиылады дейсің, сонан кейін көзін көңілдене қысып қоятыны бар. Оның сыры маған мәлім еді. Соншама неге көңілденіп, өзін жұмыспен неге айналдырып жүргені де маған түсінікті еді. Ол күткен адамына Жеделхатты жіберіп қойып, енді сол кісіні асыға тосып жүрген жайы бар. Соны ойлап, өзін өзі қинамас үшін көңілін бөлер сылтау іздеп жұмыс істейді.
Күндер өткен сайын менің ішкі толқуым да арта түскендей. Атам болса берілер емес. Қара терге шомылып, жерді қаза берді. Тек сусын ішу үшін ғана тыныстайды. Кешкілік бітірген жұмысына есеп бере бастайды:
Көгалдандыру мәселесіне көңіл бөлінбеген. Қайта кей-кей жерлерге самырсындарды қалдырыпты, бірақ олардың әлі өсуі қажет. Әлі тым жас. Поселка болса жап-жаңа, бірақ айналада қылтанақ жоқ, тіпті жоқ деп айтудың өзі ұят.
Папам онымен келісе кетеді де мысқылды уәж айтады:
— Көгалдандыру жөнінде арнайы шаруашылық ұйымдастырамыз ба деп едік, бірақ соның түкке қажеті жоқ сияқты. Сенің мына қарқыныңа қарағанда бүкіл поселкамыз жасыл желекке оранатын шығар.
— Несі бар, – дейді атам ойлана отырып, – егер осылай кете берсеңдер...
Бірақ солай кете берген жоқ... Бірде ол аулада тағы да жерін қопарып жүрген кезде үйдің қоңырауын біреу қақсын. Мен есікті аштым да, келіп тұрған кісінің сол екенін біле қойдым.

Менің қарсы алдымда ұзын бойлы, шашын қырау шалған, қасы қап-қара бейтаныс біреу тұр еді. Кестелеп тіккен украиндықтардың әдемі көйлегін киіпті, қолында шамаданы бар.
Ол үнсіз қалпы шамаданын жерге қойды да менің қолымды қысты. Тершіген алақаны жұмсақ екен. Мен байқатпай қолымды шалбарыма сүрттім де терезеге жүгіріп барып, атамды шақырдым. Ол үйге кіргенмен дәлізге сәл аялдады да, терең күрсініп қойды.
— Қанеки, – деді ол, – үйге кіріңіз.
Қысқасы мен де олардан бір қадам кеткем жоқ. Қонақтың фамилиясы Савченко екен. Николай Михаилович. Ол өз есімін бір түрлі қызық қып айтады екен: Миколай. Мен оған қанша қарасам да бір сәтке де, тіпті жарты сәтке де, осы менің атам, әкемнің әкесі болар-ау деп елестете алмадым.
Мен оның бөгде өңіне, қара бояумен бояп қойғандай қап-қара қасына, оның көйлегіне, қолына қарап, жүрісіне үңілдім, үнін тыңдадым, бәрібір менің көңілімде ұялаған бір-ақ жай бар еді. Асүйге шақырып алып, былай деп жалынсам деймін:
«Кетіңізші! Өтінемін, кетіңізші! Не іздеп келдіңіз мұнда!»
— Бала біле ме? – деп сұрады келген кісі.
– Оның есімі Антон болады, – деді атам басын изеп. Ол бұл сөзді естімеген кісіше сауалын жалғастырды.
— Ал, Сергей ше?
— Жоқ! – деді атам.
– Онда тыңдаңыз, – дейді Савченко.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу