13.08.2022
  172


Автор: Альберт Лиханов

ӘДІЛЕТСІЗ ӘРЕКЕТ

Жарасы шынында жан қинамас жеңіл екен, бір тастың қиыршығы тиіпті. Осындай ірі қопарылыс кездерінде үнемі дәрігерлердің кезекшілікте тұратыны сияқты бұл жолы да олар даяр тұр екен. Атам қолына дәрі жақтырған соң біз үйге қарай бет алдық.
Атамның көңіл-күйі соншама жақсы сияқты, әзілдеп-қалжыңдап мәз мәйрам болады, содан кейін Бористен әскери қызметінің қалай өтіп жатқандығын сұрайды. Егоров пен Галя және барлық отряд біздерді үйге дейін шығарып салған соң кеткілері келіп еді, бірақ атам оларды үйге қоймай кіргізді де бүгінгі қуанышқа арналған дастарқанды жая бастады.
Үлкен бөлменің іші тарылып сала берді, еденде отырған балаларға атам үлкен шәугімнен шай құйып ұсынады, барлығы да көңілді-ақ, әсіресе менің екі езуім екі құлағымда.
– Эх, балалар! – дейді атам барлығы шай ішіп болғаннан кейін, – әлде бір істі тындырып тастаған қандай рахат! Ұғасыңдар ма, іс тындырған. Оқыған. Жұмыс істеген. Достасқан. Айталық мен – өз ғұмырымды жасап болған кезде құрылыс алаңын қопаруға сәл көмектескен шалмын, көріп отырсыңдар, балаға ұқсап қуанып отырған түрім мынау, тіпті, жасарып кеткен сияқтымын, әрине, айтуға ғана жеңіл, әйтпесе ойыңа алған шаруа сол күйінде орындала бермейді. Бірақ соның өзі де жақсы екен. Ең бастысы, үлесіңді қосар шаруа бар! Әлде нені жақсарта түсуге көмектесе аласың!
Сонан кейін біз ән бастадық. Әрине, өзіміз жақсы көретін әнді ең алдымен айттық.
Комсомолдар шеру тартты Елі үшін соғыспаққа.
Балалар шулап-шұрқырап тарай бастады, атам әр қайсысының қолын қысып, болашақтарына табыс тіледі. Ең соңынан Пухов шықты. Мен есік алдында балаларды шығарып салып тұрғанмын, атам екеуінің даусы анық естіледі.
Газ Баллоны:
— Антон Петрович, мені кешіріңізші! – дейді.
— Не үшін? – Атам таңырқайды.
— Түнеукүнгі өлген тиін үшін, – дейді Кирилл.
— Оны өлтірген сен бе едің? – атамның үні қатқылдау естілді.
— Жоқ, – дейді Пухов.

— Онда не үшін кешірім сұрап тұрсың?
– Мен ол кезде тиіннің қалай өлтірілгенін көріп тұрғанмың, – дейді Газ Баллоны.
Ол есіктен зу етіп жүгіре шыққан кезде мен жол беріп әрең үлгердім. Кирилдің жүзі шаяндай болып қызарып кетіпті. Менің бетіме де қараған жоқ.
«Мәселе деп осыны айт!» – деген ой келді маған.
Балалар кеткеннен кейін атам почтаға бет алды. Ол жақтан тағы да өңі қашып оралды. Қолында ауызы ашылған хаты бар. Ол тағы да хатты жыртып тастар ма екен деп едім, бірақ оны қалтасына салды да, қолына кітабын алды. Кітапқа үңіле қарағанымен, оны оқып отырмағаны белгілі еді. Ашқан бір бетін қайтып аударған жоқ.
Мен тағы да оның дәрісін даярлап әкелдім де:
– Өңің бір түрлі болып отыр ғой, – дедім.
– Түк те емес, – дейді атам, – мүмкін қопарылыстан болар.
Қопарылыстан дейді-ау! Қопарылыстан кейін оның өзін қандай күйде сезінгендігін жақсы білемін, менің де көзім бар ғой. Оның көңіл-күйін бұзған хаттан басқа ештеңе де емес.
Мынандай да болады ғой кейде! Бір бөлмеде өзара жақын екі адамның ұрсыспай, үн-түнсіз отыратын кездері болады ғой. Атам үнсіз. Мен де жұмған аузымды ашпаймын. Бір нәрсе сұрасам қысқа ғана жауап береді де, тағы ойға шомады. Таусылмайтын шексіз ойлар...
Орнынан қарғып тұрады да, бөлменің ішін адымдап кезіп кетеді. Ас үйге барып шылым шегеді. Тағы да отырады, тағы да тіл қатпаймыз. Сөйтіп түнді қарсы алдық.
Менің тіпті ызам келе бастады. Солай да болады екен-ау! Туған немересіне айтпайтындай тағы не болып қалды?
Шынын айтсам, басымда бәрі де шатысып кеткендей. Атам үшін мен қиналамын, қазіргі түріне қарасаң жаның ашитындай. Бойын жайлаған әлде бір өкінішін біреуге айтуға, сөйтіп шерін тарқатуға шамасы жоқтай. Біреуге айтар болса, бойы жеңілдеп салар еді ғой.
Менің оған көмектескім келді, мейлі мен таңдап алған жол әділ болмаса да, соған бекіндім.
Ол төсекке жатып, көзі ұйқыға кеткен бетте хатты аламын да, оқимын деп кешке жақын-ақ шешіп койғанмын. Не болса, ол болсын. Сонан соң таңертең атама бар жайды жайып саламын. Мынандай мазасыз күйінен құтылса болды. Болары болып, бояуы сіңген іске не істейді. Солай емес пе?
Көңіл-күйді тас-талқан етердей хат бола ма екен?
Төсекке жатқан бетте ұйқының иіріміне шым батып бара жаттым. Ойда жоқта сол иірімге шым батып кетуің оңай. Ұйықтап кетпес үшін сол иірімге түсіп кетпейтіндей өзіңді сергек ұстау керек. Басыңды сілкіп, ұйқыны қуалау қажет. Ал, көзің бір ілініп кеткен соң ол иірімнен шығып кетуің екі талай. Ол үшін бөлменің іші қараңғы болса, терезеге қарауың қажет. Өйткені, жаздың түні де жарық болады ғой.
Мен үш рет сол иірімге күмп ете түстім де, үш ретінде де әйтеуір ояндым. Ақырындап атама қарап едім, ол ұйықтамай жатыр екен. Көзі ашық жатыр. Ақыры бір кезде ұйықтады-ау, әйтеуір. Көзімді анық жеткізу үшін аяғымның ұшынан басып қасына барып қарап едім, ұйықтап кетіпті.
Шалбарын алдым да қалтасына қолымды сүңгітіп жібердім. Сол кезде қырсыққандай қалтасынан тиындары шылдырлап жерге төгілді. Тыныс ала алмай қалдым. Сіресіп тұрмын. Қазір ғой атам оянып кетіп, менің мына тіршілігімді көре қалса масқара болды деген сол!
Бірақ бөлменің іші әлі тып-тыныш. Тағы да қолымды қалтаға салдым. Хаттың қағазы сытырлай қалды. Ақыры хатты алып шықтым да, жуынатын бөлменің шамын жағып, есігін бекітіп алдым. Хатты ашайын.
Өте ұсақ әріппен жазылыпты. Асығып-үсігіп тұрып жазуын түгел тани алмадым.

«Құрметті Антон Петрович... сөйтіп... туысқандарыңызды іздеген радио хабарын тыңдап... Мұның өзі Гомель жолында болған... шамасы... Сережа... Әйелімнің есімі Екатерина Ивановна... туған жылы да дәл келіп... жалғыз ғана суреті қалған еді... барған бетте хабарласыңыз... көптеген жыл өтті ғой...» Хаттың соңғы жағы ірі де тасқа басқандай ғып жақсы жазылған екен. «Мүмкін бәрі де біз ойлағандай емес шығар, мен де босқа жол кезіп барғанмен сіздерді текке мазалармын. Алған бетте хабарын берерсіз». Болды. Адресін жазыпты. Түк ұқсам бұйырмасын. Хатты конвертке салдым да қайтадан бөлмеге кірдім.
Бөлмеге кірдім де, өз көзіме өзім сенбегендей селтиіп тұрып қалдым. Атам орнында жоқ еді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу