13.08.2022
  169


Автор: Альберт Лиханов

ҚОПАРЫЛЫС

Атамды құрылыс бастығы шақыртты.
– Жобаңыз ұнапты, – дейді әкем, – қопарылысқа өзіңіздің басшылық жасағаныңызды қалайды.
Міне ғажап! Атам қоймада отырғанда тектен-текке қағаз шимайламаған екен ғой. Бір қопарылыспен-ақ турбиналарды монтаждауға қажетті алаңды даяр етуді есептеп шығарыпты.
Қопарылысқа ұзақ даярланды. Бір күн ғана емес, күн сайын таңертең атам әкеммен бірге құрылысқа аттанады. Үйге өңін күн қақтап, терге малшынып, шаршап- шалдығып, кеш оралады. Ақыры маған:
– Ертең түс кезінде! – дегенді айтты.
— Кешканы да шақыруға бола ма? – деймін мен.
— Шақыру қажет! – деді де атам қуана тіл қатты. – Бұл менің өмірімдегі ең үлкен қопарылыс болмақ.

Мен Кешканы шақырып едім, бүкіл отряд түгелдей жетіп келіпті.
Айтары не! Мен шақырмаған күнде де, бәрібір келер еді, өйткені бүкіл поселканың адамдары осы маңайға жиналды. Әне, бүгін жексенбі болғандықтан өз тәрбиесіндегі балақандардан қолы босаған Анна Робертовна да келіпті. Иннокентий Евлампиевич жылы жүзбен сәлем береді...
Атам галстук тағып, ақ көйлегін киген, шашын әдемілеп тарап, диабазды жартастардың үстінен бір түрлі салтанатпен жүргендей, оның артынан бір топ қопарылыс мамандары мен құрылыс бастығы еріпті. Біздің сыныптың балалары түгелдей менің жаныма жиналып алған, мен оларға қопарылыс кезінде не істеулері керектігін: құлақтарын жауып, ауыздарын ашу қажеттігін түсіндірдім. Менің қасымда мұрнын тартып қойып, Газ Баллоны да тұр.
Бір кезде одан «американканы» қалай ұтып алғаным, оның мені қалай председатель етіп сайлағаны есіме түскенде күлкім келді. «Шынымен осының бәрі менің басымнан өтті ме, – деп ойладым, – бірақ мұның бәрі де өткен іс емес пе?..»
Осы кезде бір ғажайып оқиға болды. Жо-жоқ, қопарылыс емес! Ең алдымен мен аға вожатыйымыз Галяның жүзін көрдім. Ол ығы-жығы адамдарды ығыстыра қолын бұлғап келеді екен. Оның соңынан солдат киімін киген бір жігіт ілесіп келеді. Ол да қолын бұлғап, бізге қарап күледі. Бұл – Борис Егоров еді!
– Қараңдар, кімнің келгенін! – деп айқайлап жібердім.
Балалар шуласып, Бориске қарай жүгірді де, оған жеткен бетте барлығы жабылып, көтеріп тербетпек болып еді, бірақ солдатымыз өте ауыр екен. Балалар оны жығып алды да, өздері де үйме-жүйме болып үстіне құлады. Бізге қарап тұрған адамдардың бәрі дәл бір цирктың ойынын көргендей мәз-мәйрам. Борис орнынан тұрған кезде, оның жүзі алаулай қалыпты.
— Сендерге не болған! – дейді ол. – Мені емес, генерал Рыбаковты көтеріп тербетулерің керек. Қараңдаршы!
Барлығымыз да қопарылыс болатын алаңға қарадық. Атам басына темір қалпақ киіп алыпты. Сонан кейін ол қолындағы кішкентай қызыл жалауды сермеп қалып еді, алаңды айнала қоршап тұрған кезекшілер арнайы ысқырықтарымен ысқыра бастады.
Атам ракета ататын тапаншасын жоғары көтере берген кезде, қып-қызыл жұлдыз көкке қарай шаншыла ұшты.
Денем дір ете қалды.
Құлақты жарардай боп сирен үні шыңғырды. Соғыста, әсіресе, жау самолеттері шабуыл жасаған кезде осылай шыңғырған шығар. Осы қазір біздің үстімізден жау самолеті құлдилап келіп бомбы тастайтындай, әлдебір қуысқа тығылғым келіп кетті.
Жұрт тыныштала қалды.
Ту сыртымда тұрған Кириллдің ауыр тыныстағанын сезінемін.
— Құлақтарыңды жабыңдар! – дедім мен ақырын ғана, дәл сол секундта диабаз жартастары аспанға қарай көтеріле берді. Барлығы да бір мезгілде!
Аспанға көтерілген соң жартастар сынып, тас фонтаны сияқты жан-жаққа шашырай ұшты. Олар барған сайын биіктеп көк жүзіне дейін өрлей берді. Тас фонтандары біраз биіктікке дейін жарыса ұшып барды да дәл бір атылған ракета сияқты сәл аялдап кеңістікте тұрып қалғандай көрінді. Сөйтті де қайтадан төмен қарай құлады.
Осы кезде бәрі де араласып кетті. Бұл нағыз долы құйын еді. Ауыр жартастар жерге қайта келіп теңкисе, ұсақ тозаңдар аспанда әлі де ұшып жүрген. Әлде бір қуатты қол диабазды жартастарды көтеріп алып, көрпенің шаңын қаққандай сілкіп қалған сияқты. Көрпені қалай қағатынын білетін шығарсыздар, дәл сол сияқты. Көрпені сілкіп қалуы мұң екен, кесек-кесек қой тастар мен уақ тастар аспанға фонтан болып атылды да көк жүзін қара қошқыл бояумен бояй салды.
Қопарылыстың гүрсілі жеткен кезде келе ұрынған ауа толқыны құлақты бітеп, ашып тұрған аузымызды толтырды да, өзімізді кейін қарай серпіп тастады.

Аспанды торлап алған шаң-тозаң жерге қонып үлгірмей-ақ Кирилдің қуанышты даусы естілді:
— Міне, сурет деп осыны айт! – деп айқайлады.
Сол кезде мен өзімізге қарай келе жатқан атамды көрдім. Ол сүрініп-жығылып әрең келеді екен. Темір қалпағына, галстук таққан ақ көйлегіне қалың шаңның қабаты шөгіпті, ал қолынан қан көрінеді.
Мен оған қарай жүгіріп келдім де, қолында қызыл жалаушасы бар кісіні итеріп жіберіп, құшақтай алдым, үрейлі дауыспен айқайлап та жіберіппін.
— Не болды? Не болды саған?
Бірақ атам мені жымия қарсы алды, ол аздай, үйреншікті өлеңін қайталады.


Қаза келсе – қас қағымдық өлімі, Жара болса – жан қинамас жеңілі...


Алаңға жан-жақтан экскаваторлар ағыла бастады. Қамалға шабуыл бастаған танктер сияқты. Самосвалдардың моторлары гүрілдеді. Быт-шыт болған диабаз жартастарының сыпықтары машиналардың қораптарында кетіп бара жатты.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу