13.08.2022
  147


Автор: Альберт Лиханов

ҚЫЗЫҚ ҚАРИЯ

Жаз келді. Менің генералым түсі ашық шалбар, ақ көйлек киген, оның дидарын Сібірдің күні қоңырайтып, ақ күміс шашын ерке жел сипайды. Ол өзінің құрылыс алаңына қопарылыс жасау жөніндегі жасаған есеп-қисаптарын әкем арқылы құрылыс бастығына беріп, соның жауабын күтіп жүрген.
Біз поселкамызды қыдырып, кей-кейде Анна Робертовнаға, кейде Иннокентий Евлампиевичтің қоймасына немесе балмұздақ сататын Зинаида Ивановнаға кіріп шығамыз, айналаның бәрі бейбіт бір рахат күндерге бөккен кез. Күн жолдың асфальтын былқылдата ерітеді, қарғалар да қанатын самарқау қағып ұшып бара жатады, поселкадағы тіршілік тыным тапқандай, тек қана құрылыс жақтан естілетін айқай-шу поселканың тыныштыққа бөгуінің басты себебі мұндағы адамдардын күндіз демей, түн демей сол құрылыс басына кететіндігінен екендігін еске салғандай.
Поселкамыздағы тыныштық мені мазасыздандырғандай. Мүмкін мынау ыстықтікі болар. Тыныстау да қиын, бір түрлі жаңбырдың жауғанын тілейсің. Содан да ма, осынау ұйыған тыныштық таяу араларда жоғалып, қайтадан бір шулы дүние орнайтындай көрінеді.
Атамның қазіргі мінезі де бір түрлі өзгеріп кеткен сияқты.
Ол бірде өте көңілді, әңгімешіл, меніменен уақ-түйек нәрселер жөнінде үнемі ашық әңгімелессе, енді бірде өзінен-өзі тұйықталып, үндемей тұнжырап қалады, мен онымен әңгімелескім кеп қалай жанассам да, ондай кезде бұл тірліктен ештеңе өнбейді. Бір күні ол қолына кағаз-қалам алып, әлденелерді тез-тез жазды да, бұрынғы

кездегідей хаттарға жазған жауабын почта жәшігіне салуды маған тапсырмай, өзі апарып салып келді.
Мені атамның бұл қылығы қатты таң қалдырды.
Мен оған тесірейе қараймын. Өйткені атам қай уақытта да елгезек болатын. Менің әрбір көзқарасым мен қоя алмай отырған сауалдарымды бірден сезінетін. Сезінетін де, өзі жауап беретін. Бірақ қазір ол ештеңе деген жоқ. Ал мен бұл хатты кімге жазғандығын сұрағанымда, ол қысқаша ғана:
— Достарыма! – деп жауап берді. Сөйтті де жанарын менен жасырып әкетті.
Егер оған хат келе қалса, үйге кірмей-ақ конвертті ашып, бірден оқып шығатын. Дәлізге кірген бетте ол хаттарды уақтап жыртып тастайтын. Сөйтетін де күні бойы көңілді жүретін. Қызық! Ойнап менімен бокстасып алатын да кездері болатын. Кейде қолына акварель бояу, қағаз алып, құрылыс жақсы көрінетін жотаның басына шығар едік. Сонан соң маған да сурет салдырып, өзі де қолына қыл қалам алатын.
Менің суреттерім қарық болып жатпайды, атамның суреттерін керемет деуге келе қоймас, бірақ әйтеуір менікінен тәуір болып шығатын. Иә, Иә! Мұндай да бола береді екен ғой! Атам бір күні өзенді, оған салынған плотинаны және тік жарқабақты қызыл бояумен салды. Тек қана осы бір түстің өзін не қоюлау, не сұйықтау етіп өзгертті. Айқын қызыл немесе қоңырқай қызыл түстер. Суретке жақын келіп қараған кезде, атамның да мен сияқты ғана суретші екендігі көрініп тұрса да, жаңағы суреті бір түрлі әдемі болып шықты.
— Менің шеберлігім де өзіңе тартыпты, – деп қалжыңдаймын мен, өзім салған суретті жыртып жатып, – сенің салғаныңнан сәл-пәл нашарлау шықты!
— Олай деме! – дейді атам. – Мен сурет сала білмеймін, бірақ өзімнің көңіл- күйімді бояумен айтқым келеді. Байқайсың ба, бояумен!
Мен басымды изедім де, оның мойнынан құшақтай алдым, сөйтіп екеуміз де бояуларымызды тастай беріп, плотинаның ауқымына, қарсы жағадағы қызыл қоңыр жартастарға, күнге қақталған қарағайларға, өзен бетінде қалқыған ақ көбіктерге қарадық.
Электрмен дәнекерлеушінің ойнатқан жарқылына қарап, ұзын мойын крандардың гудогы мен алыс карьерлердегі тау жыныстарын қопарған жарылыстың үнін тыңдап, бей-жай біраз отырдық.
Атам менің шашымнан сипайды, ал мен болсам оның тізесіне басымды қойып, жоғарыға, көкпеңбек түпсіз де ұшы-қиыры жоқ шексіз көгілдір аспанға қараймын.
— Мүмкін емес, – өзімше толғанамын, – мынау ұшы-қиырсыз кеңістікте, оның ешбір жерінде тіршілік иесінің болмауы!
Атам да аспанға тесірейіп ұзақ қарады. Сонан соң менін бетіме үңілді.
— Қане? – деймін мен. – Жауап берші! Ол күледі.
– Мүмкін емес! – Ол келісе кетті. – Әйтеуір бір жерде бар! Міндетті түрде бар.
– Сөйтті де жұмбақтай сөйледі: – Егер адамдар тапқысы келсе, тіршілік барлық жерде бар...
Атамның қоңыр даусын тыңдап жатып, оның тікенекті иегінен сипадым да, тағы да аспаиға көз тіктім. ,
— Саған жақсы ма? – деп сұраймын.
— Жақсы! – дейді ол. Аспанға ол да қарап қойып, баяу ғана тіл қатты: – Антошка, адамның тіпті де өлгісі келмейді екен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу