13.08.2022
  129


Автор: Альберт Лиханов

ҮШІНШІ ӘҢГІМЕ. АТАМ ТУРАЛЫ

Сол жолы күн өртеніп тұрды. Барлығын да аямай балқытып жіберердей. Сол жолы ол дәл бұлайша жарқырамай, бар тіршілікке күле қарамай, жылауы керек еді. Қара бұлттың арғы жағына жасырынып, жер бетіне мұншама мөлдіреп қарамауы керек еді.
Бірақ ол өз қызуын аяған жоқ. Жан жадыратар нұрын төге берді. Ойламаған жерден киіп кеткен соғысты, адамдарды қойғанда, күннің өзі де күтпеген сияқты.
Атам ол кезде майор еді. Мүлде жас болатын. Москвадан демалыс алып келе жатқан. Сақтиян белбеуінің жүрген кезде сықырлайтын дыбысын рахаттана тыңдап, өзіне қарап тұрған балаларды көріп келе жатқан.
Сонан кейін – жер дүние төңкеріліп түсті. Соғыс!
Басқа ешкім де сенгісі келген жоқ, немістерменен келісімнің бар екенін айтысады олар, бірақ атам соғыстың басталғанының рас екенін бірден білген.

Соғыс шығысқа қарай аунап келе жатты, атам болса батысқа қарай жанұшыра тартып келеді. Поездан машинаға мінеді, машинадан атқа мінеді, аттан түсіп жаяу да жүреді. Өзімен бірге командирлер мен солдаттарды ерте жүрді.
Арбаға мініп, жаяу келе жатқан, баланың арбаларына буыншақ-түйіншек азық- түліктерін, киім-кешектерін салған адамдар қарсы ұшырасады. Таяқтарына сүйеніп ілбіген қарттар, жас балаларын көтерген әйелдер. Сәл ересектеу балалардың өздері әлденелерді арқалап алған. Барлығының жүзін мұң торлаған. Соғыс қой, өйткені.
Майор жан аямай күреседі. Зеңбіректерді өзі оқтап, өзі снарядтарды тасиды.
Фашистерді өзі нысанаға алады.
Бірақ фашистер тегеурінді еді! Өлген солдаттардың орнын жаңалары келіп басады.
Атам соңғы оғы қалғанша соғысады. Аяғында жарақаттанып қалған кезде, жауынгерлер оны зеңбіректің қасынан аулақ апарып:
– Шегінеміз бе? – деп сұрайды.
– Әлі де снарядтарын бар, – дейді атам – Шайқасыңдар!' Жауынгерлер біраздан соң кайта келіп:
– Шегінеміз бе? – деседі.
– Автоматтарыңның оғы бар! – дейді атам.
Бірақ бұлардың оқтары да таусылған еді.Атам Қызыл туды алып жүретін мұртты жауынгерге туды гимнастеркасына жасырып алуды бұйырады. Ал жауынгерлер туы бар жігітті ортаға алып, қоршай жүруге тиіс болады. Кім біледі, жаудың озыңқырап барып бір бүйірден тиісуі де мүмкін ғой. Сол кезде туды әкеле жатқан жігіт қауіпсіз, ортада болуға тиіс екен.
Жауынгерлер кейін қарай шегінеді. Тыныштық жайлаған жол бойымен келе жатады. Шалдар да, кемпірлер де, бала көтерген әйелдер де жоқ. Барлығы кетіп қалған.
Ал кетіп үлгіре алмағандар жер жастанған. Бір жерде төгілген картоптар жатады...
Бір жерде буыншақ-түйіншегі бар баланың арбасы төңкеріліп қалған...
Бір жерде сәбиін құшақтаған әйелдің өлігі кездеседі. Екеуі де біржола көз жұмған...
Атам осынау сұмдықтың куәсі болған жолмен келе жатады.
Басы салбырап кеткен. Ұяттан өртеніп келеді. Армия үшін, өзінің жауынгерлері үшін және өзі үшін ұялады. Шіркін-ай, шамалары жетпеді ғой! Қорғансыз адамдарды қорғай алмады.
Сол кезде тыныштық жайлаған өлі жолдың бойымен бір жас бала әндетіп келе жатады.
Атай өз құлағына сене алмайды, бірақ шынында бала ән салып келе жатыр еді.
Жаға жаққа шыға келді Ка-тю-ша! Жарқабақты биіктегі жа-ға-ға!
Басқа жауынгерлерге қарағанда жан аямай соғысқан ең мықты солдат деген, кеудесіне туды жасырып келе жатқан жігіттің өзі сүрініп кетеді.
— Жолдас майор, шыныменен мынау қорқыныштан балалардың да есінен адасқаны ма? – дейді ол.
Ал, бала болса бұларға жақындаған сайын өлеңін шырқай түседі.
Жа-ға жақ-қа шық-қан бет-те ән са-лып... Ол атама жақындап келеді де бұларға қарап былай дейді:
– Бір қызығы бәрі де әлі ұйықтап жатыр... Мамам да... Мен оны қалай оятсам да, орнынан тұрмады...
Атамның жүзі сұп-сұр болып кетеді. Жылағысы келеді, бірақ жылай алмайды.
Сол кезде жауынгерлер:
– Танктер келе жатыр! – деп айғайлайды.
Атам мойнын бұрған кезде қара жолды шаңдатып келе жатқан танктерді көреді.

– Ту ұстаған жауынгер! – деп айғайлайды атам. – Баланы қолыңа ал! Туды қалай сақтасаң, мұны да солай сақта, ұқтың ба?!
Жауынгерлер орманға жасырынып, әбден кеш түскенде жаудан шалғай барып тыныстаған сәтте атам баладан оның есімінің Сережа екенін, ал мамасының есімінің Катя екендігін және мамасының Катюша туралы әнді жақсы көретінін сұрап біледі. Қалай сұраса да бала одан артық ештеңенің жайын айтып бере алмайды.
Жауынгерлер орманды басып, батпақты кешіп жүреді.
Сережа ояу кезінде ту алып жүретін мұртты жауынгердің мойнында отырады да, ұйықтаған кезде оны атам өз қолына алады.
Солдаттар ұзақ уақыт жол жүреді. Жаңбырда да қалады, ыстықты да көреді. Бірақ, бала жыламайды. Шыдай береді. Сол үшін де жауынгерлер оны жақсы көріп кетеді.
– Полк баласы етіп алса болар еді, – дейді туды алып келе жатқан жауынгер, – бірақ мынандай тым кішкентайды қатарға қосып алу да оңай болмас-ау.
Жауынгерлер ілгері қарай жылжи береді. Жауларға шабуыл жасауларын тоқтатпайды. Олар орманнан шыға келіп, фашистерді біраз төмпештеп алған соң қайыра орманға барып тығылады екен. Ал ұрыс басталған кезде туды ұстайтын жігіт Сережаны көтеріп, қауіпсіз жерге барып тығылып қалады екен.
Атам жауынгерлерін қоршаудан алып шығады.
Қоршаудан қарусыз шықпайды, жаудан тартып алған автоматтарымен шығады.
Қоршаудан берекесі қашқан тобыр болып емес, полктың екі жерден оқ тескен туын ұстап шығады. Ту ұстап жүретін жігіт те фашистердің оғына ұрынып жараланады. Жауынгерлер тірі қалғандары үшін қуануға тиіс болса да қоршаудан тұнжырап шығады. Шегініп келе жатқан, жау қолына өз жерлерін қалдырып келе жатқан адам күле алар ма, сірә? Солдаттар көңілсіз отырады. Атам да жабырқайды. Сол кезде ұзақ та ауыр жол бойына қыңқ етіп көрмеген Сережа жылап қоя береді.
Жауынгерлер де, атам да селк ете қалады. Жүректерін неліктен осыншама мұң жайлағанын олар ұққандай болады. Сережамен ажырасар сәттің келгенін және ондай шараның өте қажет екенін жақсы біледі.
Атам бір сәт ойланады да бір бет қағаз алып, әйеліне хат жазады. Сөйтеді де баланы хатымен қосып, туды жеткізген жаралы жігітке береді.
– Туды жеткізгенің үшін рахмет! – дейді ол. – Бұдан былай қарай туымызды желбіретіп-ақ жүре береміз. Ал баланы Москваға дейін жеткіз.
Атам тағы да атысқа енеді.
Әжем болса оған хат жазып тұрады екен. Үшбұрышты хаттар. Соғыс кезінде конверттер жетпеген ғой.
Әрбір үшбұрыш хатта кішкентай алақанның суреті салынады екен. Оның қалай салынатынын білесіздер ме? Алақанды қағаз бетіне қойып, қарындашпен айналдыра сызсаң қолдың суреті шыға келеді.
Соғыс жүріп жатады. Атам шайқаса береді. Ал үшбұрыш хаттармен келген бала алақанының суреті үлкейе береді, үлкейе береді. Сережа бала да есейе береді.
Ол менің папам еді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу