13.08.2022
  274


Автор: Альберт Лиханов

ЕКІ СӨЗ

Шексіз берілгендік деген сөздің бар екенін білесіңдер ме? Мен бұл сөзді бұрын да естігенмін. Бірақ оның қандай мәні барын ұқпаған едім. Атам соны түсіндіріп берген. Шексіз берілгендік деген – адамның біреуге соншама жан дүниесімен түгелдей берілуі, өзінен гөрі сол адамға көбірек сенгендігі деген болатын.


Шексіз беріліп қызмет етуге, былайша айтқанда, жұмыс істеуге. болады. Шексіз беріліп күресуге және біреуді сүюге болады. Біреуді сүю жайындағы мәселеге тоқталайықшы.


Біз бұл сөзді қандай жиі қолданамыз! Балмұздақты сүйемін! Шаңғы тепкенді сүйемін! Телевизор қарағанды сүйемін!


 


Кішкентай балалардан былай деп те сұрайды:



  • Сен кімді көбірек сүйесің? Мамаңды ма, әлде папаңды ма? Мән-мағанасы жоқ сұрақ. Бұл сұраққа кішкентай сәбилер де:

  • Мамамды да, папамды да сүйемін! – деп жауап береді. Мен де солай жауап беретінмін. Төртінші сыныпқа келгенге дейін бұл сөздің түп төркінін ойлап көрген емеспін. Ары қарай да ойланбай жүре берер ме едім...


Бірақ әрбір адамның өмірінде өзін қоршаған айналаны басқаша көзбен көре бастайтын, бір күн, бір сағат немесе бір минут болады ғой. Ол сәтте айналаңды айқын көріп, өзіңді ересек санайсың. Сол кезде ол өзінің бала күнінен ойнап жүрген ойыншығы сияқты жиі қолданатын сөзінің екінші бір мағынасының бар екенін ұғады. Мүмкін, бір емес бірнеше мағынасы бар шығар. Сөз деген жай ғана емес, оның мән- мағынасы үлкен. Сөз адамдар үшін қызмет етеді. Белгілі бір заттың, айналасын қоршаған ортаның, іс-әрекеттің атауларын беріп, мағынасын түсіндіреді. Тіпті адамның нені сезгенін де білдіреді.


Мен атамды сүйемін. Шексіз сүйемін. Және осы екі сөздің қүнын да жақсы білемін.


Мен оны беріле, ынтыға сүйемін, өзімнен гөрі оған көбірек сенемін. Сондықтан да мен барлық жағынан атама үқсағым келеді.


Міне ол терезенің алдында тұр. Түрлі-түсті мундштугына салып тартқан сигаретінен түтін будақтайды. Аяғының басына қараған күйі біздің не айтарымызды күткендей.


Бөлмеміз тыныштыққа бөккен. Дауыл алдындағы тыныштықтай. Дауыл алдында жер де, аспан да, барлығы да өлі тыныштыққа көміледі ғой. Сол сияқты.


Бөлме тыныштыққа бөккен, мен атама қараймын, жанарыма жас келеді, жасымды ішіме жұтамын. Тамағыма тас тығылғандай үнім шықпайды.


Міне ол өз сөзін айтты. «Әскери құпиясын» ашып салды. Өзімнің бір сұмдыққа ұшырағанымды сезгендеймін.


Өзімді танымай отырмын. Мүлде-мүлде. Мен – өзім емес, басқа бір адам сияқтымын. Басқа бір бала. Егде тартқан. Иә, есейген адам.


Мен атама қарадым да, өзімнің әлде бір күйге ұшырағанымды сезіндім!


Орнымнан тұрдым да, атама жақындадым. Көздің жасы құрғаған, мүлде басқа адам сияқтымын. Мен бұрын-соңды көрмеген сөздің нарқын бағалаған едім. Мен орнымнан тұрдым да, атамның қасына келіп, бетімді оның денесіне бастым.


Кеудемде бір дауыл соғып өтті, бірақ мен ештеңе айтқан жоқпын. Мен оны құшақтадым да, қатты-қатты қыстым...


Мен барлығын да қайтадан көргендеймін. Қайтадан...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу