13.08.2022
  238


Автор: Альберт Лиханов

ӨСИЕТ

Самолет қонар алдында:
— Әскери құпияңды қашан айтасың? – деп сұрадым.
— Ал сен қорықпайсың ба? – дейді атам. Ол маған осы жігіт қорқақ па, қорқақ емес пе деп сынағандай бетіме тесіле қарайды.
— Құпияң қорқынышты ма еді? – Мен қуанып кеттім, міне ғажап, өте қорқынышты құпияны білетін болдым.
Атам қабағын түйді.
— Өте ауыр, – деді ол сәл үнсіздіктен кейін, – және адамға өте ауыр тиетін кұпия еді.
Сөйтіп біз үсті мерекедегідей асқа толтырылған үстелді айнала өз үйімізде отырмыз, біздің қайта оралғанымызға қуанған мамам мен папам екеумізге қарай береді. Жаңа ғана көңіл-күйі толқығаннан бір жылап алған Анна Робертовна келіп кеткен болатын. Атам оған болашақ немересіне деп киімдер салынған сәлемдеме әкеліп берген болатын. Ол үлкендігі алақандай ғана кішкентай көйлектерді сипап қойып атамның бетіне қарады, сонан соң... демалысы жиілеп кетті.
– О, мон женераль! – деп қайталай берді бір сөзін, ал атам болса әлде неден ыңғайсызданғандай жөткірініп қояды.
Содан кейін француз әйел үйіне қайтты да, өзіміз ғана – өз әулетіміз ғана: папам, мамам, атам және мен қалдық. Мен тағы да өзіміздің тамаша өткен каникулымыздың түгін қалдырмай айта бастауға кірісіп едім, сөзімді атам беліп жіберді.
— Білесіңдер ме, достарым, – деді ол, – бізге байсалды түрде бір әңгімелесу қажет.
Атамның дәл осындай байсалды болып отырған кезін көрген емеспін, Мұңға
батқан, ойланған сәттерін көргем. Тіпті оның жылаған кезінің де куәсі болдым. Бірақ дәл осындай қарапайым да байсалды кезін кермеппін. Мәселе былай, айналайындарым,
– деді ол баяу ғана, сөйтті де ойланып қалды.
Атам әлде бір маңызды әңгімені айта алмай қиналғандай үнсіз отырып қалды.
— Өмір деген мәңгілік болмайды, – деді ол бір кезде, – адамдар өмірге келеді, тіршілік етеді, ал содан кейін басқаларға орынын босату үшін бұл өмірден көшеді. Бұл
– табиғаттың қатал заңы. Оған қарсы келуге адам шарасыз. Міне мен де...
Атам тағы үнсіз қалды. Басы салбырап кеткен.
— Міне мен де, – ол жаңағы сөзін қайталады, – сол мәселеге даярлануым керек.
— Соны айтқанға ұялмайсың ба! – деді әкем шыдай алмай. – Жауынгер генерал, ал ойың болса мынау!
— Сізге не болған, папа? – дейді сасқалақтаған мамам.
Мен орнымнан атып тұрдым да атамды қаттырақ құшақтап құлағына сыбырладым:
— Қажеті жоқ!
Ол мені өзінен сәл ғана ығыстырды да, қасына отырғызып, иығымнан құшақтады. Сонан соң әкеме қарап:
— Егер білгің келсе, солдат ұрысқа кірерде үнемі таза іш-киімдерін киеді. Ешқандай дабырсыз, айқай-шусыз-ақ. Егер мүмкіндігі болса, міндетті түрде моншаға түседі. Өлгісі келеді деп ойлайсың ба? Жоқ. Тіпті де өлгісі келмейді. Бірақ жаман айтпай жақсы жоқ дегендей әдейі даярланады, – деп жауап берді.
Содан соң тағы да үнсіз қалды.
— Менің де өлгім келмейді, бірақ оған даяр тұруым керек. Сейтіп, мен өсиет жазуға бекіндім... Генерал болсам да айта қаларлықтай қалып бара жатқан мүлкім жоқ. Артымда не қалса, оның бәрін де саған қалдырдым, Ольга, олардың иесі сенсің. Кітаптарым – ұлыма мұра. Ал немереме, Антошка, саған, Отан соғысының орденін қалдырамын, өйткені заң бойынша мұрагерге осы орден қалдырылады да басқасы мемлекетке тапсырылады.
Ол бізді шола қарады. Өңі жаңағыдай емес, жылып қалғандай. Мамам мен папам да ауыздарына су толтырып алғандай. Ал менің жүрегімді мысық тырнап жатқандай. Неге ғана ол мұндай әңгімені бастады? Өлім жайлы? Мұрагерлік жайлы? Осыны ойлаудың қажеті бар ма еді?
— Немене, тұнжырай қалдың ба? – деді атам күлімсіреп. – Қарапайым ғана тіршіліктің шаруасы ғой. Бірақ орындалуға тиісті шаруа. Одан ешқайда қашып құтылмайсың.
– Папа, – деді мамам оқыс дауыстап, – осылай істеуге бола ма екен? Қайдағы бір даярлық дегеннің не қажеті бар. Ол туралы ойлауға да тұра ма?
— Әке, – дейді папам толқи сөйлеп, – мамамыз болса көптен бері ортамызда жоқ, сен ешнәрсені ойламауға тиістісің. Сонан кейін біз, құдайға шұкір, біргеміз. Антошка, және сен. Екеуіңнің достығына қарап адам шаттыққа беленеді!
— Ех, балаларым! – дейді атам. – Мені несіне тыныштандыра сөйлейсіңдер? Мен кәрі жауынгермін, талай-талай өлімдерді көрдік. Лиданы да жерледім, олай болса мен өлімнен қорықпаймын, сеніңдер, әңгіме ол туралы емес. Мүлде ол туралы емес!
Ол орнынан тұрды да бөлмені аралап жүріп кетті. Терезенің алдына барып, сәл аялдады да:
— Мынау бір өлеңді тыңдап көріңдерші, – деді.
Бірер минут ойланып тұрды. Бөлмеде шыбынның ызыңы естілердей тыныштық. Нажағай ойнар алдында осындай тыныштық болатын. Барлығы да үнсіз, аспанда да, жерде де, тынши қалатын.
Атамның үні мамыражай ғана естілді. Өлең оқып тұрғанға ұқсамайды.
Қарапайым ғана қара сөз айтып тұрғандай:
Білемін мен, кінәм бар деп айта алман, Оралмай қалса сан боздақтар майданнан, Жасамыс та, кыршып жас та майталман, Қолда тұра, қорғай алмай қалыппын.
Ол жайлы емес әңгіме, ол жайлы емес, Әй қайдам, әй қайдам, әй қайдам...
Атам, сонан соң маған қарады. – Міне енді, Антошка, – деді ол бізге қарай бұрылып. – Менің әскери құпиямды айтатын уақыт жетті.
Мен атамның қасына барып қатар тұрдым. Бірақ әлде неден жүрегім лоблып, толқып тұрғандаймын. .
Жүрегім үрей шақыра дүрсілдейді. Енді қалай! Генералда маңызы жоқ әскери құпия болушы ма еді? Мән-мағынасы жоқ, түкке тұрмайтын құпия бола ма екен оларда?
Атамның құпиясы, әрине, тамаша болуға тиісті. Өте маңызды! Мемлекеттік мәні бар. Оның қорқынышты дәнеңесі де болмауға тиіс. Мен де қорқақ емеспін. Бірақ ол неге ойлана береді. Мүмкін өзі қорқып тұрған болар?
Мүмкін, біз біреулерге мылжыңдап айтып қояды деп қауіптене ме?
Біз ондай адамдар емеспіз ғой. Папам, мамам, үшеуміз де. Әркімнің құлағына барып сыбырлайтын кісі біз емес. Әскери құпияны кез-келген адамның алдына барып жайып тастар қасиетіміз жоқ.
Атам неге үндемейді?
— Батылырақ! – деймін мен. Атам езу тартады.
– Батылырақ деймісің? – сөйтті де тағы үндемей қалды.
– Мен болсам қорқып тұрмын. Өмір бойы ешкімге айтпап едім, енді айтуға қорқамын.
Ол үнсіз тұрды да, сонан кейін:
— Мәселе мұнда, – дейді атам. Даусы табиғи емес, бөлекше естіледі. – Мәселе мұнда, – тағы қайталады жаңағы сөзін. – Сережа, сенің әкең мен емеспін! Антон, мен сенің атаң емеспін!
Оның сөзі снарядтың жарылғанынан кем естілген жоқ.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу