13.08.2022
  268


Автор: Альберт Лиханов

ҮЙГЕ ҚАЙТАР ЖОЛДА

Біздер ұяда отырғандаймыз.
Біздің орындықтарымызды бөліп тұратын ортадағы шынтақ қояр тіремені көтеріп қойдым. Атамның бүйіріне жабыса жатырмын. Ол мені бір қолыменен құшақтай отырды. Балапанын қанатымен көлегейлеген құс сияқты. Екеуміздің отырысымыз да құсқа ұқсайды. Самолетпен ұшып келе жатқан құстар сияқтымыз.
– Маған ешкім де сенбейді ғой! – деп күбірлеймін. – Тек бір ғана көктемгі каникул кезінде осынша көп жерлерге бару деген, сонша дүниені көру деген ғажап қой! Ата, мені өзіңмен бірге ала келген сен керемет жақсы кісісің ғой.
– Маған сенсіз жүру көңілсіз болар еді! – дейді атам баяу ғана үн қатып. – Екеуміздің бірге ұшқанымыздың өзі қандай жақсы.
— Әлі де ұшып келеміз ғой! – деп күлемін мен.
— Иә ұшып келеміз, – атам сыбырлайды.
Бізге әлі көп ұшу керек. Бірнеше сағаттар бойы. Бірақ жалығатын емеспін. Өйткені атам екеуміз бірде әңгімелесіп, бірде үнсіз отырамыз. Енді бірде көз ілдіріп аламыз. Сөйтеміз де қайтадан ұзын сонар әңгімеге көшеміз.
Шындығында осы каникул кезінде қаншама ғажайып дүниелерді көрдім, бірақ ішкі сарайымның бір бұрышында жатқан қара мысық өкпе-бауырымды тырнайтындай. Түймелері жарқылдаған шалбар киген баланы, Фидельді ұмыта алар емеспін. Дәл бір прокурор сияқты! Мен онсыз да барлығын жақсы білемін. Дәл сол кезде басқа генералдардың немерелеріне ұқсас болғанымды да білемін. Бірақ мен Москвада не үшін айыпты болмақпын? Келген өздері ғой!
Мен мұны атамнан сұрадым. Ол үндемеді. Бір кезде барып:
— Ойлан! – деді.
— Айтшы өзің, табандарыңды жалтыратыңдар деп айта алатын едім ғой?
— Өзің ойлан! Нені ойлануым керек?
— Дегенмен, ойлан. Ойланудың өзін үйрену керек.
— Бірақ мен кішіпейіл болуға тиіспін ғой.
— Галстук жайлы ше? Сол Глебің галстук жайлы қоңырсыған кезде, сен неге үнсіз тұрдың? Мұндайды не деп атайтынын білесің бе? Келісімпаздық! Сен галстугіңді шешіп тастамасаң да, Глебпен іштей келістің ғой, түсінікті ме? Өйткені оған дұрыстап жауап та бере алмадың. Тіл қатқан жоқсың. Демек, келіскенің.
Мен атамнан ығысыңқырап отырдым. Иллюминаторға қараймын. Жанарымда жастың мөлтілдей қалғанын көрсеткім келмеді. Айтыпты-ау! Келісімпаздық! Тағы несі бар екен!
— Көрдің бе? – дейді атам. Мен саған шындықты айтсам, ал сен оған

ренжисің. Көп адам шындықты айтқан үшін ренжиді. Ал өтірік үшін ренжімейді. Өтірік үшін рахмет айтатындар да бар. Ал шындықты кешіре білмейді.
Мен үнсізбін. Алдымен ренжісем де, ренішім бірте-бірте тарқады. Жай ғана үнсіз отырмын. Ойға шомдым. Сөйттім де қайтадан атама қарай қисайдым. Ол тағы да мені қолыменен құшақтай отырды.
— Адалдық және ақиқат, кішіпейілділіктен де жоғары тұруға тиіс, – дейді атам. – Ал бәрінен де сенімділік жоғары тұрар болар.
— Ол балаға не істеуім керек еді? – деп сұраймын мен. – Фидельді айтамын.
— Ештеңе де, – дейді атам.
— Мүмкін хат жазуым керек шығар?
— Не жазуың керек? Мен ондай емеспін деп пе? Қажеті жоқ!
— Неге?
— Ол хаттар арқылы дәлелденбейтін дүние. Адам сөзбен емес, іспен дәлелдер
болар.
Тағы да үнсізбін. Ойға батамын. Көңіл қойнауында әлдене мазалай беретіндей.
Әлденеге көңілім толмайтындай.
— Өкініп отырсың ба? – деп сұрайды атам. Мен басымды изеймін, өйтпегенде ше?
— Жақсы?! – деп сыбырлайды ол.
— Мұнда қандай жақсылық болсын.
— Бұл өзіңе риза болмау деген сөз. Адамның өзіне риза болмауы, ол – ең жақсы қасиет. Өзіне-өзі көңілі толып жүргендерді құрыды дей бер. Адамның құрығаны сол. Өмірде бар бола тұрса да, жоққа тән. Тірі – өлік. Адам өзіне-өзі қанағаттанбауға тиіс. Қателік жіберген адам өкінуі керек. Өкінген адам ғана қателігін түсінеді. Өкініш деген – сабақ.
— Сенде өкініш бола ма? – деп сұраймын мен.
Атам үндемей қалды. Оны қалғып кеткен болар деп ойладым, өйткені оның қолтығының астында отырғандықтан жүзін көре алмаймын ғой. Қозғалақтап қойдым. Атам күрсінді. Демек ұйықтамағаны.
— Бола ма? – сауалымды қайталадым.
— Жеделхат әкелген кісі есіңде ме? – ол да сауал қойды.
— Анау бір есірікті айтасың ба? – деп таңдандым мен.
– Есірік, – атам күрсінді. – Ол болса қазір ғана есірік болған шығар, бірақ бір кездегі майор ғой. Мен қазір де сол күнгі мәселенің неге өйтіп ушыққанын ойлаймын.
— Оған бола қиналатын не бар? – деп таңырқаймын мен. – Өзің үшін өкіну керек демеп пе едің. Өзің қателік жіберген кезде. Ал бұл жердегі кателік жіберген адам, мүлде басқа кісі ғой.
— Дұрыс айтасың. Бірақ бір мезгілде адам ең алдымен жақсы, содан іле-шала жаман бола қоймайды ғой. Қане, ой жүгіртіп кәрейікші.
Келісе кеттім. Атамның әлденеге ой жүгірткенін жақсы көремін.
— Жарайды, – деймін мен, – демек, ол майор болған.
— Соғыс басталды. Ол майданға аттанды. Ол алдымен солдат болды немесе командирлік курсты оқып бітірді, сонан кейін лейтенант болды. Майор болып жүрген кезінде соғысты аяқтады делік.
— Содан кейін ше?
— Тоқтай тұр. Бейбіт күндерге көз жіберейікші. Соғысқа дейін ол кім болды? Мүмкін, бухгалтер болған шығар. Артиллерия үшін бухгалтерия ең қажетті мамандық. Зеңбіректің қасында тұрып, нысанаға оғының дөп тиюін есептеуің керек. Айталық ол бухгалтерліктен жақсы артиллерист, майор болған шығар.
— Болса қайтеді?
— Қайтушы еді. Соғысқа дейін – бухгалтер болған жаман емес. Соғыстан кейін ше? Тағы да бухгалтер болмақ па? Оған бұл мүмкін ұнамай қалған шығар. Ол демек

майор болғаннан кейін қатардағы бухгалтер болып істеуді ар санаған. Жалпы ешқандай мамандықты ар санауға болмайды: шен адамға емес, адам шенге сән береді. Бухгалтерияның артиллерияға тигізер көмегінің көп екенін айттым ғой. Демек, артиллерия да бухгалтерияға көмектесе алады. Бірақ ол бұрынғысындай өмір сүргісі келмеген. Ал жаңаша өмір сүру үшін оқу керек. Оқуға да мойны жар бермеген. Сөйтіп ол жай ғана майор қалпында қалған. Бұрынғы майор. Ешнәрсеге де жарамайтын майор.
— Бірақ бұл жерде кінәлі ол ғой, – деп таңырқаймын мен. – Ол үшін сен неге өкінесің?
— Менің өкінетін себебім, – дейді атам. – Біздің армияның бір майорды жоғалтқаны. Ал мемлекетіміздің бір бухгалтерін жоғалтқаны.
Тағы да ойға шомамын. Бұл майорды қайтіп қатарға қосуға болар? Бірақ ешқандай жол таппаймын. Қандай жолды ойлап табарсың? Атам тағы да күрсінді. Ол мені өзіне қаттырақ қыса түсті.
Мен осынау сәттің рахатына бөлене отырып, оған былай деймін:
— Қойсаңшы ата! Ол үшін өкінбей-ақ қой! Қайдағы бір маскүнем үшін өкінетін не бар? – Атам мені өзінен сәл ығыстырды да көзіме тесіле қарады.
— Антошка! – деді ол қатқыл үнмен. – Адамды сескендіретін мұндай сөзді айтушы болма! Кез келген адам туралы ойлау керек, ұғасың ба! Кез келген! Өйткені ол
– адам ғой!
Жанарымен ішіп-жеп қарайды. Менің мұндай сөзді айтқаныма таңырқап отырғандай. Соншалықты не айтыппын? Шынында жүрген бір маскүнем емес пе? Маскүнемдермен күрес жүргізу керек! Бізде милиция үйінің жанында маскүнемдерге арналған көрме де бар. «Құлақтан сүйреп, найзамен түйреп» деп аталады. Атамның мәні болмай қалды.
— Олай деуші болма! Мен саған бұйырамын: ешқашан олай деуші болма! Адамдар жайлы немкетті ойлаушы болма! Оларды жақсы көр, олармен талас, тіпті жек көре бер! Бірақ оларға немкетті қараушы болма! Әрбір бақытсыздықтың өз себебі бар. Сол себепті іздеу керек. Ой жүгіртіп, қолыңнан келген ісіңмен адамдарға кемектесу керек. Бірақ, ешқашан оларға көз жұма қараушы болма. Түкке тұрмайтын адамдар бар деп есептеп, қолыңды сермей салушы болма. Ал ең бастысы – немкетті бола көрме. Бүл есіңде болсын! Өмір бойы ұмытпа!
Есімде қалды.
Иллюминатордан қарағандағы көгілдір аспан, атамның жүзіне түскен күннің ерке шуағы, қона бастаған самолетпен бірге еңкейіп бара жатқан орындықтардың арасындағы жіңішке дәліз, сонан кейін атамның айтқан сол бір сөзі. Бәрі де есімде қалды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу