13.08.2022
  95


Автор: Альберт Лиханов

МЕРЕЙТОЙ

Міне біз генерал Ивановтың мерейтойына, туған күніне бара жатырмыз.
Мерейтой деген не? Бұл үстелге жағалай отырып, шарап ішу, сөз сөйлеу деген сөз.
Ал генерал Ивановтың мерейтойы да мүлде басқаша болып өтті. Ешкімнің мерейтойына ұқсамайтындай.
Сөйтіп біз келе жатырмыз. Мен алдыңғы жаққа ынтыға қараймын. Ең басты салтанаттың қашан басталатынын асыға күткендеймін.
Міне сол күткен сәт те басталды!
Машиналар тоқтады. Біздің жолымызға кесе көлденеңдеп қос бронетранспортер тұр екен. Олардың жанында парадтағыдай киінген солдаттар автоматтарын кеуделеріне қыса ұстап, сап түзепті. Бізге қарай үш полковник жеделдете басып келеді.
Машинадан түстік. Жеделдете басып келе жатқандардың ең алдындағы бойшаң келген, екі иығына екі кісі мінгендей денелі полковник жүрісін баяулатты. Шаңдақ жолға өкшесімен мөр басқандай ғып сәнді жүріске салды. Бізге жақындап келеді. Бірақ жанарына қарасам, сасқалақтаған жанның кейпі байқалады. Шамасы, бұлардың қайсысына қарап сөйлеуі қажеттігін шеше алмай тұрғандай. Өйткені генерал лейтенант, генерал-майордың арт жағында тұрған болатын. Полковник Жарғыны бұзып алмаудан қорықса керек, атама қарай бір қадам жылжып еді, бірақ атам иегімен досын нұсқады да:
— Мына кісіге! – деді.
Полковниктің дидары қалпына келе бастады.
— Жолдас, гвардия генерал-майоры! Солдаттардың қарсы алу тобы сіздің келуіңізді күтіп тұр!
— Тағы қандай қарсы алу тобы туралы айтып тұр? – Генерал Иванов бұрқылдай сөйлеп, атама қарай мойын бұрды: – Көрдің бе, бұларды?
Біз тағы да машинаға отырдық. Транспортерлардың моторлары сөйлеп қоя берді. Бірі алдымызда, екіншісі соңымызда келеді. Бронетранспортерлардың үстінде отырған солдаттар да сап түзегендей ерекше сәнмен жайғасыпты.
Міне, дивизияға да жақындадық.

Ат шаптырым алаңның үш жағынан солдаттар сап түзеген. Дәл ортада жауынгерлік ту желбірейді. Тудың жанына кеуделеріне қызыл лентадан белгі қадаған екі автоматшы тұр.
Алдымызда келе жатқан бронетранспортер машинамызды алға шығарып жіберді.
Машинадан түсе берген кезде жаңағы батыр тұлғалы полковник даусын соза команда берсін.
— Смир-р-р-но-о-о!
Тұла-бойым шымырлап кетті. Музыка шалқи жөнелді.
– Сен осында тұра тұр, – деп сыбырлайды атам. Мен оның соншама толқып тұрғанын сездім.
– Толқыма, ата, – оған сыбырлай сөйлеп, көзімді қысып қойдым. Олар жүріп
кетті.
Алдында генерал-майор, одан кейін полковник және генерал-лейтенант.
Полковник пен атамның қолдары шекелеріне сіресе қалған. Ал Иванов оны жасай алмайды, әрине. Ол болса аяғын соншама сәнменен басады.
Солдаттар уралап айналаны жаңғырықтырды. Олардың үндері теңіз толқынының лебі сияқты бетімді желпіп өткендей. Мен мынау парадқа, солдаттарға, атама, генерал Ивановқа, алаңның ортасында тұрған Қызыл туға, бронетранспортерларға, түпсіз тұңғиықтан көрінген мөлдір аспанға қараймын, қараймын да ішкі жан дүниемде әлдебір толқын аласұрғандай сезінемін. Қуанып тұр дейсіздер ме? Жоқ, қуаныштымын дегеннен гөрі көңілдімін деген дұрыс? Бұл да дұрыс емес. Егер, түсінсеңіздер бұрын-соңды болмаған бір әдемі сәтті сезінемін. Мен бақытты едім! Соншама рахат, кеудемді бұрын-соңды сезініп көрмеген таңғажайып бақыт кернейді, тұла бойым салқындап, тамағыма әлдене кептелгендей, жанарым бұлыңғырланғандай!
Осының бәрі де қандай керемет, қандай салтанатты. Бұл жерде жалғыз ғана қызықтаушы мен болсам да осы парадқа менің де қатысым бар сияқты. Өйткені, мұнда менің атам бар ғой.
Музыка баяулай бастады.
Иванов тудың жанына келді де, атама бұрылып әлдене айтқандай. Атам оның папахасын алды. Генерал-майор тізерлеп отырды да, туды сүйді.
Сол кезде аспанды жаңғырықтыра залп берілсін. Мен мойын бұрсам бүйір жағымызда солдаттар тізіліп тұр. Олар автоматтарының затворларын бір мезгілде шырт еткізуі мұң екен, тағы да көп қарудың гүрсілі естілді. Мен атылыстарды санай бастадым. Елу рет залп берілді. Солдаттардың саны да елу. Елу солдат елу рет залп берді. Генерал Иванов атқыштарға жақындады. Жанарынан жас мөлтілдейді. Ол бір солдатқа кеудесін тигізді де, бетінен сүйді. Сол кезде сап бұзылып, жас жауынгерлер генералды құшақтарына қысты. Автоматтарын иықтарына іле сап, генералды аспанға лақтырып, қақпақылдай бастады. Өте бір ептілікпен шайқап, қуатты үнмен айқайлайды.
— Ур-ра! Ур-ра! Ур-ра!
Басқа солдаттар да ешқандай бұйрықсыз-ақ олардың үнін іліп әкетті.
— Ур-ра! Ур-ра! Ур-ра!
Батыр тұлғалы полкокник те, атам да оларға үн қосып тұр. Мен де шамамның келгенінше айқайлаймын.
– Ур-ра! – Бүгінгі аспан қандай көгілдір еді! – Ур-ра! – Біздің армиямыз қандай қуатты еді! – Ур-ра! – Біздің генерал Иванов қандай батыр адам еді! – Ура! Ура! Ура!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу