13.08.2022
  250


Автор: Альберт Лиханов

ЕКІНШІ ӘҢГІМЕ. ГЕНЕРАЛ ИВАНОВ ЖАЙЛЫ

Соғыс доңғалағының қайтадан кері дөңгелеген тұсы. Немістер келген ізімен безіп бара жатқан.
Бұл жерде «Безіп бара жатқан» деген сөздің өзі орнымен қолданылып тұрған жоқ. Наполеонды безіп шықты десек, онда дәл болар еді. Ол өзінің солдаттарын тастай беріп, Парижге қарай құйғыта жөнелген. Ал Гитлер болса, солдаттарының қасық қаны қалғанша соғысу керектігін айтып, күн сайын кеңірдегін жыртқаны белгілі. Сондықтан да фашистер безе жөнелген жоқ. Тістеген жерде тістері қалғанша шайқасып бақты. Аянбай ұрысты. Бірақ біз бәрібір оларды түре қудық.
Фашистер өте іскерлікпен соғысты дейді атам. Олардың генералдары да тәжірибелі екен. Өйтпей қайтсін! Бүкіл Европаны таптап өтті емес пе. Барлық армияларды талқандады. Олай болса, бұл жауды ақымақ деудің ешқандай реті жоқ. Олар ақымақ емес еді. Керісінше, соншама қаскөй, зымиян және әр нәрсені есептеп істейтін. Олар фашист болғандықтан да жыртқыш сияқты соншалықты қатал еді. Бірақ ақымақ емес болатын. Өйткені, ақымақтарды алдай салу қиын емес. Алдай салу – жеңуге болады деген сөз. Біздің жеңіс қиындықпен келген жеңіс. Өйткені жауымыз тәжірибелі де ызалы болатын. Сондықтан да біздің жеңісіміз қадірлі де, құрметті! Жалпы жауларды ешқашан да ақымақ деп санауға болмайды.
Сөйтіп соғыс доңғалағы кері қарай дөңгелеп бара жатқан кез. Фашистер әрбір түбірден шеңгелдей ұстап, жанталаса ұрыс жүргізіп жатқан. Ал енді өзендер жөнінде сөз мүлде басқа! Олар әрбір көпірді қиратумен болды. Өздерінің ізіне түскендердің жолын бөгеу мақсаты ғой. Екінші жағаға өздері жеткен соң, індерін терең қазып, бекініп алады. Пулеметтерін тізіп, айбар шегеді. Олар Днепрден өткенде де енді бір қадам шегінбеске серт беріскендей бұғынып жатып алған.
Бізге жауларды жайратудан басқа мақсат жоқ. Днепрден жүзіп өтіп, жау жатқан жағаны басып алу қажет.
Тек бұл жерде аздап түсіндіре кетуге тура келеді. Днепрден кез-келген азамат жүзіп өте алмайды. Тіпті бейбіт күндерде де. Ал бұл соғыс кезі. Мұнда жай ғана жүзіп өтпейсің, жаудың бұршақша жауған оғының астынан жүзіп өтуің керек. Жүзіп келе жатқан кезде снарядтар мен жаңбырша оқтардан өзен суы қайнап жатқандай болады.
Бұл да әлі сөз емес.
Ең бастысы сонда арғы жағаға шығару керек. Ол соғыс мақсатында темірден арнайы жасалған дүние. Оларды понтон деп те атайды. Понтондарға зеңбіректер, танктер тиеледі.
Мұны өзеннен жүзіп өту деп атауға келе қоймайды. Егер сенің үстіңнен оқ жаудырып жатса, оны жүзіп өту деп атауға бола ма? Сондықтан да соғыс тілінде өзенді
«форсировать» деген сөз бар. Өзенді форсировать ету – бұл түпсіз тұңғиықтың үстінде, қарша бораған жау оғының астында үлкен бір бекініске шабуыл жасағанмен бірдей. Мәселе өзен-бекініспен де біте бермейді. Тас түйін бекініп жатқан жауға толы арғы жаға бар. Ол жағадан жау қорғасын оқты дамылсыз бүркіп тұрады.
Бүкіл өзеннің өн бойымен шабуылға шығуға болмайды. Сондықтан да генералдар жау жатқан жағаның ең осал тұсын таңдап алады. Ал егер олардың осал тұсы болмағанда өзіміздің әскерлер өтетін ең қолайлы жерді іздейді. Сөйтіп қиян-кескі шайқас басталады. Солдаттар жүзіп бара жатады. Зеңбіректер мен танктер арғы жағаға ұмтылады. Азғантай ғана алаңқайға табандарын тіресе сол жерден айрылмай қанды шайқасты бастайды. Біздің әскерлер басып алатын осынау кішкентай алаңқайды плацдарм деп атайды. Былайша айтқанда, французша сөз. Плац – алаң, дарм – армия үшін деген сөз. Өзенге шабуыл басталған кезде жау жатқан жағадағы алақандай ғана жер плацдарм болады деп көзделеді. Жау болса сол алақандай жерден біздің жауынгерлерді қуып шығу үшін жан таласа қимылдайды. Өйткені, жауынгерлер плацдармды иемденіп үлгерсе, онда кейінгі жақтағы қосымша күшті өзеннен өткізе беруге болады деген сөз. Понтондарды біріне-бірін қатарластырып, өзеннің үстіне тізіп үлгіреді. Мұның өзі аз уақытта салынған көпір іспетті. Ол көпірмен танктер, жаяу әскерлер және зеңбіректер өткізіледі. Олар плацдармдағыларға келген көмек деген сөз.
Мұның бәрін мен текке айтып отыр деп ойламаңыздар. Бұл генерал Ивановқа қатысты әңгіме.
Тек қана ол кезде Иванов генерал емес, капитан болған. Днепрден шабуылдап өткен кезде, оның командирі ауыр жарақаттанды. Капитан Иванов соның орнына тұрады да фашистерден алақандай жерді – плацдармды тартып алады. Зеңбіректерін қойып жіберіп, жаудың үстінен құтырта оқ төгеді. Кейінгі жақтан көмек келгенше, жан аямай шайқаса береді. Понтон көпірмен басқа әскерлер өткенше бұлар шыдап бағады.
Сол кезде дәл жанынан келіп мина бұрқ ете қалған ғой. Барлық әлем көзден ғайып болады.
Ол есін жинаған кезде, госпитальда жатады. Екі қолы да дәл иықтан кесілген. Қолдары болмаса да оған бар сияқты болып сезіле береді. Алақанымен өзінің басын сипап, шашын салалағысы келе береді. Бірақ...
Капитан мынау қасіретке сенгісі келмей жатады. Қолсыз тіршілік қалай болмақ? Қолсыздың күні құрысын деген осы емес пе. Демек, жағдайы жағдай емес. Қолсыз күн көруді елестету де қиын.
Мүмкін, ең дұрысы әрі қарай өмір сүрмей-ақ қою керек шығар? Мүмкін, бүйтіп мүгедек болғанша, бір жола көз жұмған артық шығар? Туғандарға масыл болудың кажеті қанша?
Өмірінің өзі бұлыңғыр түске айналып кеткендей. Капитан көзін жұмса болды, плацдармды елестетеді. Жөңкіле қаптаған жау танкілерін, зеңбірек оғының жерді қопарып жатқанын көреді. Қарулас жолдастары елес береді. Бұл – ол үшін өмір еді. Ал көзін ашса госпитальдың аппақ төбесін көреді. Дәрігердің ақ халатын, оған қоса орындықта отырған ординарецтің мұңды жүзін көреді. Мұны өмір деуге бола ма?
Капитан ойға шома береді, шома береді. Қазіргі сәтте өлу деген – ессіздік. Жеңіп тұрып өлуге болмайды. Ол – бос белбеу жандардың ісі, ал мұның жаратылысы мүлде басқа. Жау сөзсіз тізе бүккелі тұрған кезде өлу – шегінгенмен бірдей. Алға жүру керек. Тек қана алға. Бірақ ол ешкімге де масыл бола алмайды. Оған қақысы жоқ. Өмір сүрудің бір-ақ жолы бар. Ол – әрі қарай шайқаса беру. Тіпті қолдары болмаса да.
Сөйтіп, Иванов мәселені осылай шешеді. Ординарецін штабқа жіберіп, оның жеке документіндегі бір жолды өзгертуді – туған қаласының атын басқаша көрсетуді сұрайды. Бар болғаны сол. Хабар-ошарсыз кетті деген сөз. Мейлі туған-туысқандары іздемейтін болсын. Жер бетінде Николай Петрович Ивановтар аз емес. Оның бұл әрекеті дұрыс па?
Ол мұны дұрыс деп тапты. Алда әлі де біраз шайқастар бар. Сондықтан өзінің мерт болып кетуінің мүмкін екенін пайымдады. Сөйтіп, ол өзін өлгендер қатарына сәл ертерек тіркеп қойды.
Көрдіңіз бе, қандай тарихты бастан кешкенін?
Дәрігерлер оны майданға жібермейді. Бірақ капитан олардың рұқсатынсыз-ақ өзінің полкына келеді. Батыр болып келеді. Гимнастеркасының өңірінен алтын жұлдызын жарқылдатып келеді. Тағы да шайқасқа кіреді.
Дрезденнің түбінде Иванов екінші Алтын жұлдызды өңіріне қадайды. Тағы бір жараланып жазылған соң, тағы да майданға кіріп, шайқаса береді! Бүкіл соғысты басынан аяғына дейін көз алдынан өткізсе де аман қалады. Тіпті ажалдың өзі одан қаймықса керек. Оның каһармандығын ажал да сөйтіп мойындайды.
Ал туысқандары болса оны бәрі бір тауып алыпты. Шындығында мұндай адамды таппауы мүмкін де емес қой!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу