13.08.2022
  307


Автор: Альберт Лиханов

САҚШЫ

Мен ойға шомдым. Үйімізде тұратын анау бір ескі суреттегідей мүлде жас атам мен әжемнің Қызыл алаңменен біріне-бірі күле қарап кетіп бара жатқан сәтін көз алдыма қелтірдім.
Бір кезде әлдекім:
— Жолдас генерал! Жолдас генерал! – деп дауыстасын. Атам екеуміз мойын бұрдық. Қарсы алдымызда қолын шекесіне сірестіре тұрып, жымия қараған солдат тұрды. Мына қызықты қараңыз!
— Мен айтып едім ғой! – Үнім қатты шығып кетті. – Мен бірден танығанмын. Егоровтың екі езуі екі құлағына жеткенше ыржия күледі.
– Білесіздер ғой, қандай мәселе екенін, менің сіздерге тіл.қатуыма болмайды ғой. Тіпті кірпігімді де қаға алмадым. Бірақ мен сіздерді бірден таныдым. Ал бұл жаққа жолдарыңыз қалай түсті?
— Жолдарың қалай түсті дерің бар ма? – дейді атам. – Біз каникулда жүрген адамдармыз.
— Армия қатарына алған, – дейді Егоров, – Москваның өзінде қызметімізді өтеп жатырмыз. Алдымен оқыдық. Мавзолейде тұруды жеңіл деп ойлайсыздар ма? Бүтін бір ғылым ғой! Ал жауапкершілігін айтсаңызшы! Саған бүкіл әлем қарап тұрғандай. Шетелдіктер келеді, жан-жағыңнан суретке түсіріп жатқан жұрт!
Мен Егоровқа қызыға қарадым. Ана жақта, ауылда мұның ешқандай ерекшелігі жоқ сияқты еді. Мүмкін болған да шығар, бірақ мен байқамаған болармын.
Ал қазір екі иығына екі кісі мінгендей. Өзінің жанарындай көгілдір түсті погондары жараса қалған. Сымға тартқандай, нағыз солдаттың өзі!
— Жақында шешем келіп кеткен, – дейді Егоров. – Гарнизонға келген екен, оған менің қайда екенімді айтыпты. Ол болса бірден Мавзолейге тартқан ғой. Мені көрген бетте жылап жіберсін. Ол кісі әбден қартайған адам. Жүрегім аттай тулайды, бірақ менің орнымнан қозғалуға қақым жоқ қой. Соңынан неге жыладың деп сұрасам ол «мақтаныштан» деп жауап береді.
Атам Егоровтың қолын қысты. Оның әскери қызметін ойдағыдай өтеуіне тілек білдірді. Бірақ Егоров кете қойған жоқ, әлде не көмейінде тұрғандай. Бір кезде:
— Сіздер мен туралы Галяға айтпаңыздар. Жақында постыда тұрған сәтімді суретке түсіртемін де соны жіберемін, сол кезде бір-ақ біледі ғой.
Атам екеуміз қосыла күлдік. Оның жайын ұғып тұрғандаймыз. Тағы бірдеңе айтқысы келетіндей.
— Ал отрядқа, – дейді ол маған қарап, – сәлем айта барарсың. Москвада әскери қызметін өтейді екен де, сол жетеді. Мен сендерге хат жазамын. Үлкен хат. Өз қызметім туралы. Есеп беремін. Ал жазда демалыс алып, елге барып қайтамын.
— Жарайсың жігітім, – дейді атам Егоровтың қолын тағы да қысып тұрып. – Пионерлеріңе басшылық жасау жөніндегі шешімің өте дұрыс. Отрядты Москвада тұрып та басқаруға болады.
— Менің баскадай шарам жоқ қой, – деп жауап береді Егоров. – Қызмет бабы
солай!
Мен де Егоровтың қолын қыстым. Оның идеясы маған да қатты ұнаған еді.
Өйтпегенде ше, біздің вожатый № 1 постыны күзетіп тұр!
– Ал сау болыңыздар, – дейді Егоров. – Командирім бір минутқа ғана босатып еді. Оның өзінде де сіз генерал болғандықтан ғана, Антон Петрович! Көрдіңіз бе, әне қарап тұрғанын!
Біз Кремль жаққа қарадық. Расында да екі офицер тұр екен. Атамның өздеріне қарағанын көріп, олар сымдай тартыла қалды да алыста тұрып сәлем берді. Қандай кішіпейіл жандар!
Ал Егоров бізге қарап қолын тағы шекесіне апарды. Бізге деп әдейі айтып отырмын, бұл жерде қате айтылған жоқ. Ол алдымен атама қарап, инабат жасады. Сонан кейін маған бұрылды. Мен Егоровка пионерлік салют бердім.
Сонан кейін ол нық басып кері бұрылды да жүгіре жөнелді.
Көрдіңіз бе, қандай кездесудің болғандығын! Тіпті таң қаларлықтай. Москвада миллиондаған адамдар тұрады. Бір ауланың ішінде тұратын адамдар көшеде кездесе бермейді. Ал біз болсақ сонау Сібірден келіп бірден өз адамымызды тауып алдык.
Шындығына келсек, біздің оны тауып алғандығымыз Егоровтың анау-мынау жерде емес, Мавзолейдің жанында тұрғандығынан ғой.
Мавзолейге миллиондаған адам келеді. Өйткені ол Мавзолей ғой! Онда Ленин бар. Енді міне Лениннің жанында біздің вожатыйымыз тұр. Сібірден келген монтажшы. Мавзолей сақшысы... Бүкіл жер шарындағы көзге бірден-бір шалынатын солдат...
Егер ерік маған берілсе мен зеңбірекшілердің немесе теңізшілердің, немесе ұшқыштардың офицері болмастан бұрын дәл осы Егоровтың қызметін атқаруды қалар едім. Ең алдымен Лениннің қасында тұратын сақшы болуды қалар едім...


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу