13.08.2022
  278


Автор: Альберт Лиханов

МӘҢГІЛІК АЛАУ

Самолет бұлттардың үстімен ұшып келеді. Шегі жоқ, ақ бұйра бұлттардың үстімен. Ұшып емес, қарлы даланы кешіп, мимырттап келе жатқандай.
Мен иллюминаторға тесірейе үңілдім. Осынау ақсұр әлем мүлде тірі жансыз емес сияқты көрінеді. Көкжиектен әлдекім бой көрсетіп, бізге қол бұлғап тұратындай.
Расында да! Теңіз толқынынан шыққан ақ көбік сынды бұлт үстінен бір кезде сүйіртұмсық самолет көзге ұшырай кетті. Тұмсық жағы біздей болып, сүйірлене бітсе, құйрық жағы біраз кейінде қалыпты. Самолет бұлт үстімен бірден биіктей жөнелді. Тіп- тік шаншыла ұшқандай. Соңынан патшазадалардың көйлегінің сүйретілген етегі сияқты шұбатылып ақ жолақ қалды.
— Жүйрік самолет! – дейді атам. – Жау самолетін аттатпай қуып жетеді.
Дыбыстан жылдам.
Рас екен. Ұшып бара жатқан бір сүйір тұмсық терезеден ғайып болғалы біраз уақыт өтсе де оның гүрілі құлаққа жаңа ғана жетті.
— Сен қалай ойлайсың? – деп сұраймын атамнан. – Қандай офицер болсам екен? Зеңбірекшілер офицері болсам ба? Әлде жаяу әскер, немесе ұшқыштар офицері болсам ба? Әлде теңізші офицер жақсы ма?
Атам күледі.
— Қалай таңдасаң да жетерлік, – дейді ол. – Мәселе саған ғана байланысты.
Егер таңдаудың еркі маған қалар болса, онда мен дәл бүгінгіден бастаған болар едім. Таңертең көргенімді айтамын.
Мұның өзі ғажап оқиға еді.
Атам алдымен өзінің жоспарларын өзгерткен болатын. Тек мен үшін ғана. Мен ең алдымен оны ренжіткім келмеген еді. Кешегі оқиға жайлы. Бірақ соңынан айту қажет деп шештім. Міндетті түрде. Ол менің атам ғой. Менің досым. Менің генералым.

Атам менің сөзімді тыңдап болды да, ойланып қалды.
Сонан кейін өзінің бет алған жағына бармай, менімен жүретіндігін айтып, өзінің бар жоспарын бұзды. Белгісіз солдаттың зиратына.
Ескерткіш жанында Мәңгілік алау жанып тұрды. Жаңбыр құйып тұр, ал алау оты сөнер емес.
Ұйтқи соққан дауылды қарға да көнер емес.
Біз мәңгілік алауы жалын атқан тас жұлдыздың жанында тұрдық. Атам солдаттарға сәлем берді. Мен де пионерлік сәлемімді арнадым.
Өмірде бір адам болған. Оның есімі, анасы болған. Мүмкін зайыбы да, балалары да болған шығар. Сонан соң ол адам өмірден көшкен. Қайтыс болғанда да ол жайлы ешкім білмеген. Бірақ оның өмірден ізі өшпеген. Ол белгісіз солдат болып бізге оралған. Мүмкін, оны әлі күнге дейін тосатын болар. Ол жайлы ойлап, еске алатын болар. Іштей оның есімін де талай атаған шығар. Ал ол болса бұл күнде есімі жоқ жан. Өйткені оған енді есімнің қажеті жоқ. Ол баршаға ортақ. Белгісіз солдат.
Мен зиратқа әйелдердің қалай жақындап келе жатқандарына қарап тұрдым. Жастар. Қариялар. Пионерлер. Мәрмәр тасқа гүл шоқтарын қалай қойғандарын, терең ойға батып, қалай тұрғандарын көрдім. Олар кімге келді? Белгісіз солдатқа ма? Жоқ, белгілі адамдарға келді. Өзінің баласына, өзінің әкесіне немесе атасына келді олар.
Мен атамның жеңінен ұстадым. Бетіне жанарымды тіктім. Менің атамның тірі болғандығы және оны фашистердің өлтіре алмайтындығы қандай жақсы еді. Оның дәл осы сәтте менің жанымда тұрғандығы қандай ғанибет... Кез келген уақытта мен оның жеңінен ұстап тұра аламын... Атам сол жолы өте дұрыс айтқан еді! Өмір жолының осылай болғаны қандай өкінішті! Менің оны ұзақ уақыт бойына көрмей, мүлде білмей жүргенімнің өзі қандай өкінішті!
Мен оның қолтығының астына жабыса түсемін. Ол болса мені қапсыра құшақтайды. Біз аяңдай басып, Қызыл алаңға бет алдық.
Бір кезде өз-өзімнен шошынғандай селк ете түстім. Көзімді сүрттім. Мүмкін емес! Мен атамның қолынан тарттым да оған:
— Қарашы. Мынау Егоров қой! Біздің вожатыйымыз, – деймін.
— Ол мұнда қайдан кеп қалған? – Атам иығын қомдайды. Шындығында қайдан кеп қалған? Әрине бұл қазір солдат, танкист, әлде теңізші болып армия қатарында қызметте жүруге тиіс. Ал мына жерде ше? Мұнда анау-мынау емес, Мавзолей бар ғой?
Мен тағы да көзімді сүрттім. Мүмкін елес шығар? Әрине елес! Әйтпесе, Егоров мұнда қайдан келсін! Сөйтсе де:
– Егоров! – деп айқайлап жібердім де, қолымды бұлғадым. Бірақ солдат орнынан қозғалар емес. Жаны жоқ адам сияқты. Тіпті оның тұла бойы осылай сіресіп қатып қалғандай.
— Сен немене? Ол саған жауап береді деп ойлайсың ба? – деп күледі атам. Асфальт жолды сарт-сұрт басқан әлдекімдердің аяғының дыбысы естілді.
Мавзолей төңірегінде жүрген адамдар да әлденеге қарасып қалған. Үш әскери адамның өкшелерімен жерге мөр басқандай сәнмен жүріп келе жатқандарын көрдім. Ақырын аяңдайды, бірақ қимылдарында ерекше салтанаттылық бар. Аппақ биялай киген қолдарын сермеулерінің өзі ерекше сәнді. Винтовкалары иықтарына сіресе қалған. Олар есікке жақындап қалды. Мұнара басындағы бесжұлдызды сағат соңғы секундтарды санады. Есіктің алдында тұрған солдаттар орын ауыстырды. Өкшелері сартылдап, тұрғандар кетіп бара жатса, жаңалары олардың орнында қалды. Сақшылардың орын алмастыруы.
Тағы да олардың адымдарының ырғақты сарт-сұрты естіледі. Мен олардың соңынан жүгіре жөнелдім. Сақшылардың әр қимылдарын есіме сақтауға ынтығамын. Менің тағы да солдатқа дыбыс беріп, шақыруға көңілім кұлап барады. Мүмкін бұл Егоров шығар? Бірақ солдаттар мойын бұрмайды. Ешкімге қарар емес. Олар кең қақпаға кіре берді.

Біз атам екеуміз Қызыл алаңды аралап келеміз. Василий Блаженныйдың шіркеуіне көз саламыз. Басқа да әсем құрылыстарды қызықтаймыз.
— Біз сенің әжең екеуміз, – дейді атам, – сол жолы да осында келген едік.
— Сол жолың қай уақытта? – деп сұраймын мен.
— Алғаш танысқан күнді айтамын да, – ол жымия күледі, – Кремльде танысқан едік. Біз бұрын бір-бірімізді білсек те сол күнгі таныстық ерекше болатын.
Ол маған әжем жайлы әңгімесін айтып берді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу