13.08.2022
  275


Автор: Альберт Лиханов

ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙДЕГІ КЕЗДЕСУ

Мен генералдар әзілдеген болар деп үміттенгенмін. Қателесіппін. Кешкілік есіктің қоңырауы ұзақ безілдеді де, өздерінің ұрпақтарын алдарына салған генералдар сау ете қалсын.
Бірінші болып бауырсақ мұрын қыз кірді. Мөлшері бесінші сыныптарда оқиды білем. Шалбар, түгі үлпілдеген кеудеше киіп, қайдағы бір темір белбеумен белін буыныпты. Дәлірегі шынжырмен.
— Фи! – дейді ол. – Мен шынында да сібірлік қой десем. Мынау кәдімгі балақай ғой. – Ол маған алақанын жая қолын ұсынып, өзін таныстырды: – Мэри!
— Сен Мэри емес, Манясың ғой, – деді тұнжыраңқы түрмен сөйлеген генерал.
Сосын басын шайқап қойды.
Барлық генералдар парадта киінетін әскери киімдерімен, ордендерін тағып келіпті. Бірақ мен оны әрең байқадым. Турасын айтқанда Маня менің көңілімді сеңдей бұзды. Балақай! Қарай гөр! Өзі бір өндірдей болып тұрғандай. Әрине, мен ештеңе дегенім жоқ. Қалай дегенде де мен үй иесі де, олар қонақ қой.
Одан кейін үш бала кірген. Біріншісі әлем-жәлем қалтасы көп джинси шалбар киіпті. Тіпті тізесінің үстінде де қалтасы бар. Киген қызыл көйлегіне Фидель Кастроның суреті салыныпты. Мен оған бірден-ақ Фидель деп ат қойдым. Екіншісі – көзілдіріктісі. Шашын сиыр тілмен жалағандай жылтырата тарапты. Бірақ шашы құрғақ сияқты. Әлде су ма екен? Әйтеуір, біз отырғанда да осы сауалдың жауабын топшылаумен болдым.
Үшіншісін Глеб деп атады. Маңдайлы келген. Жетінші сыныпта оқыса керек. Кеудесіне шағындау значок қадапты. Онда шетелдік әріптермен «Stор» деп жазылыпты. Демек «Тоқта!» деген сөз. Кімге тоқта дегені сонда?
Олар үйге кірді-ау, бірақ мен олармен не істеу керектігін білмей далмын. Оның үстіне атам өзінің генералдарын басқа бөлмеге ертіп кеткен. Глеб аяңдай басып үстелге, пианиноға, кітап шкафына барлай қарап, жағалап аяңдап жүріп шықты. Сөйтті де маған жақындады. Кеудесіндегі значогін нұсқап:
— Айырбастаймыз ба? – деді.
Мен иығымды қомдадым. Нені айтып тұрғанын ұқпаған едім.
— Зеңбіректі айырбастаймыз ба? – Ол зеңбіректің үлгісін нұсқады да сөйлемін толықтырды: – Қарамай-ақ!
«Пысықайын қарай гөр, – деген ой келді, – зеңбіректі әбден көріп алып, енді келіп «қарамай-ақ» дейді».
— Бұл – атамның мүлкі, – дедім оның сөзіне мән бермей, – саудаға салар хақым жоқ.
Глебтің жүні жығылды. Шашын сиыр тілімен жалағандай, маған мойын бұрды.
— Бірдеңе сыйласаң етті, – деді ол әбден қажыған адамдай сөйлеп, – тым болмағанда су болса да.
Бұлардан құтылғаныма қуандым. Ас үйге шыға кең тыныс алғандаймын.
Ыдысқа жаңғақ салдым да бөлмеге әкелдім.
Глеб алақанын шарт еткізіп, үстелдің жанына жетіп келді де жаңғаққа қалталарын толтырып алды, онымен тұрмай шеңгелдей уыстады.
Тамағымды кенедім. Қимай тұрған жоқпын, ала берсін мейлі, қажет болса тағы әкелемін, бірақ оның ашкөздігі ұнамады. Содан кейін шашын сиыр тілімен жалағандайға су бердім.
— Мұзың бар ма? – деп сұрады ол.
Оның не үшін керектігі таңдандырды. Сөйтсем ішетін суға салмақшы екен ғой.
— Суық тиеді, – дедім мен. – Онсыз да мұздай. Краннан ағызып алған су ғой.
— Сэнкью вери Матч, – деді ол басын изеп. – Қамқорлығыңа рахмет..
— Ал, енді айта берші, қане, – Мэри есінеді. – Ол жақта, Сібірде қалай тұрып жатырсыңдар?
– Ептеп тұрып жатырмыз ғой, – күмілжи жауап бердім.
— Ерлік жасап тұрасың ба? – Глеб басын кегжең еткізіп қойды. Шашы жалбырап көзіне түсе береді екен.
Күлдім.
Атамның бізге жолдаған хатында бойжеткен болар деп келе жатқан кісісінің мұртын көргенде өзінің сасып қалғаны туралы жазғаны есіме түскен еді.
— Жасап тұрамын, – деймін мен. – Таңертең бір ерлік, кешке бір ерлік жасаймын кейде жеқсенбі күндері де жасауға тура келеді.
Шашын сиыр тілімен жалағандайы қорсылдай күлді.
— Мұнда отыру көңілсіз екен. – Мэри әлдекімси сөйледі. – Тым болмаса қаңғырлағың жоқ па?
Мен иығымды қомдадым.
— Ой, радиоқабылдағыш, транзистор бар ма деймін?
Радиоқабылдағышты меңзедім. Мэри креслодан жеңіл суырылды да музыка қойды. Алдымен тыпырлады. Сонан соң билеген болды. Тізелерін дірілдетіп, селкілдеп бяқты. Онысына мағынасыздау үн қосады.
— Хы! Хы!
Дәл бір гимнастика жасап жүргендей.
— Түтінің бар ма? – Глеб сұраулы жүзбен қарады. Мен сөзін ұқпадым.
— Әй, көрмей тұрсың ба, қараңғы адам ғой бұл! – сиыр тілімен жалағаны көсемсіді. – Аударып берші.
– Темекі тартамысың, деп сұрап тұрмын? – Глеб аударып берді.
Мен атамның үстелінен оның сигаретін алып, ұсындым. Шашы жалбыраған Глеб шылым шекті. Түтінін үйдің төбесіне қарай үрледі де ешкім көрмесін дегендей оны қолымен ыдырата сермейді.

Мен өзімді адамның ең жаман қорындай сезіндім. Өзім қайдағы бір бөгде тобырға қосылып кеткендеймін. Бұлардың бірде бірін білмеймін. Бұлардың қасында отырып болғандаймын! Қуана-қуана кетер едім. Бірақ, өз үйіңнен қайда қашарсың?
Глеб темекісін сорып, Мэри «хы-хылап» өзіне-өзі дем берумен әлі қара тер боп жүр, сиыр тілімен жалағандайы бәтеңкесін қолымен ұстап, аяғын айқастырып әлдекімсиді. Фидельден басқасы өнерлерін көрсетіп үлгірді.
Мен одан бірдене сұрайын деп оқтала беріп едім, Глеб киіп кетті.
— Сен немене, ақымақ адам сияқты галстук тағып жүрсің? Мектебіңде жүрген жоқсың ғой?
Сасайын дедім. Тіпті маңдайым бусанды. Ол аздай, галстукпен ұйықтайтын қайдағы бір белсендісымақ деп ойлап қалар бұлар. Мен галстугімді шешпек болып октала бердім де сиыр тілімен жалағандайдың сөйлеу мәнерін ұға қойдым. Бір түрлі жыны келіп, кісіні жерлеп сөйлегендей көрінді. Галстугімді одан әрі тартыңқырап қойдым. Ештеңе дегенім жоқ. Мэри тыныш тапты да маған зейін қоя қарады. Сиыр тілімен жалағандайы да, Фидель де сөйтті.
— Бұл атавизм ғой, – Глеб нығарлай сөйледі. – Мұндай сөзді естіп пе едің? Балалықтан арыла алмаушылық, ұқтың ба? Галстук тағу деген балалықтан қалған ескі әдет. Адам ойын жетілдіру керек. Прогрестену қажет.
Сиыр тілімен жалағандайы қорсылдап, Мэри мұрнын шүйірді. Тек Фидель ғана тас мүсіндей мелшиіп отыр.
Осының бәрі жүрегімді айнытты.
Өзіме өзім жеккөрінішті көріндім. Мынау Глеб дегенге әлде не айтқым келеді. Әлде тұмсығының шыдамдылығын сынағым келе ме?! Бірақ, мен шыдадым. Генералдар не демек. Атам ше? Мына генералдың бәрі оның достары ғой!
Мен шыдап бақтым. Тісімді қышырлатып, өзімді өзім тоқтату үшін көзімді жұмдым. Көңілдене тіл қаттым:
— Балалар! Ертең Белгісіз солдатқа барайық, а? Әйтпесе әлі көре алған жоқпын. Атамның қолы тимейді.
Сиыр тілімен жалағандайы тағы қорсылдады. Айнымай қалған торай сияқты.
Бүйткен күлкісі бар болсын. Жанарымен жаратпай қарайды.
Глеб:
— Біз онда немізді жоғалтып алыппыз? Майорша, – ол Мэриге мойын бұрды – мүмкін, сен ертіп апарарсың мынау сібірлікті?
— Өзің апарып кел, лейтенант., – Генералдар бір-бірін осылай атағанда күлкілі естілер еді, ал мыналар ше? Олардың бұған қандай қатысы бар?
Бірақ мен тағы да тіс жармадым.
Сол кезде Фидель орнынан көтерілді.
— Ал жарайды, – деді ол – мен сені шындығында сібірлік қой деп ойлап едім. Сен болсаң, мыналар сияқтысың! Титтей де артықшылығың жоқ. Тек осында көшіп келулерің керек. Арада жатқан қашықтық қана қысқарады. Бәрі де бұлар айтқандай, о’кэй болады.
Ол джинснінің темірлерін жалтылдатып дәлізге шықты, мен оған аянышпен күле қарадым. Сасқаным болса керек. Осы Фидельге қойсам ба деген сауалым ойымнан шықпады. Мен нағыз Фидельді нұсқап:
«Сен оның суреті бар киімді жайдан жай киіп жүрсің бе, әлде жақсы көргендіктен бе?» деп сұрамақ едім.
Әрине, жақсы көргендіктен! Мұны сұрамай-ақ қойса да болады.
Мен басқаларға қарадым. Глеб әлі шылымын бұрқыратып, Маня билеп жүр.
Сиыр тілімен жалағандай төрткөзі бәтеңкесін қолына ұстаған қалпы әлі отыр.
— Өмір бойы осы бір сұмпайы полковник көңіл-күйіңді бүлдіріп кетеді, – деді көзілдірікті.
Мен тағы да ол шашын сулап тараған ба, әлде өзі солай ма екен деп ойладым.

— Қане, генералдар, – дедім бәсең ғана үн қатып. –Табандарыңды жалтыратыңдар!
Қызық: олар ешқандай дау-дамайсыз шығып-шығып жүре берді. Шамасы, шын генералдардан қорыққан болулары керек. Жалғыз қалдым. Осының бәрінің жүрек айнытарлық болғаны соншалық, ешкімді де көргім келмейді. Шамды сөндірдім де ойға шомдым.
Қанша отырғанымды білмедім, әйтеуір жаңағы еркетотай немерелер туралы, өзім туралы ойладым. Қарай көрші! Менің өзімнің де генералдың немересі болғаныма кеудеме нан пісті емес пе. Басқадан артықпын деп санадым. Шамасы мен сол кезде жаңағыларға ұқсас болғамын ғой. Болса, киімім ғана бұлардан өзгеше болған шығар.
Электр шамын жағатын тетік сырт ете қалды.
Атам мен оның достары мені айнала қоршап тұр екен. Ордендерімен. Парадта киетін мундирлерімен.
— Қалай, – деп сұрайды генерал-майор, – кездесу жоғары деңгейде сәтті өтті
ме?
— Сәтті өтті, – деп өтірікті соға салдым да бір езулей күлдім. Жасанды күлкі
жайлаған кеш, басқадай не дерсің!


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу