13.08.2022
  137


Автор: Альберт Лиханов

ОНЫҢ ОТАНЫ

Біз сапардамыз.
Бір самолеттен екіншісіне мінумен келеміз. Ең алдымен алып «Тумен», одан кейін сәл кішілеу «Илмен» ұштық. Одан түсіп шағын ғана «Якке» отырдық, ең ақырында «Анмен» ұштық. Мүлде кіп-кішкентай самолет. Оған небәрі он екі адам сияды екен және ұшқан кезде қабырғаларының дірілдейтінін айтсаңыз.
Біз алдымен атамның туған жеріне ұштық. Ол вятскілік еді ғой. Оның өзі әйтеуір бізден тым шалғай жер. Оралдың арғы жағында, Москваның түбінде десе де болады.
Біз ең алдымен жүрер жолымызды белгілеген кезде атам:
— Туған жеріме соға кетуім керек. Әке-шешеме барып, рухтарына бас иуім қажет. Мүмкін, кайтып жолым түспей қалып жүрер? – деген болатын.
Бұл сөзге мән бере қойғам жоқ. Москва туралы сұрай бастадым. Генерал Иванов тұратын Харьков туралы да білгім келді...
Міне «Ан» қонуға бет алды. Қар басқан алаң. Біз колхозшылар үйіне қарай жаяулап келеміз. Атамның туған ауылына қарай машиналар жүрмейді екен. Оған тек атпен жетуге болады дейді. Анығырақ айтқанда, ат шанамен. Бізге, ол жаққа ертеңгісін почтаның баратындығын, солардың ала кететінін түсіндірді. Мүмкін бағалы бандерольдың орнына алатын болар.
Біз кішкене терезесі бар шағын бөлмеге орналастық. Қайта терезенің алдындағы тақтасы бір метрдей кең екен. Атам мұнда бір кезде монастырь болғанын әңгімелейді. Біз орналасқан бөлме – келья, былайша айтқанда, монахтар тұратын жай екен. Бір түрлі қызық сияқты, демек, біздер де қазіргі сәтте монахтар сындымыз.
Бізге электр шамының сағат он екіге дейін ғана жанатынын, сонан соң движоктың сөндірілетінін ескертті. Қандай движок туралы айтқанын ұқпадым. Неліктен электр шамын қалаған уақытымызда сөндіруге болмайтындығы да түсініксіз? Және лампочкалардың неліктен біркелкі емес – бірде бозарып, бірде жарқырап жанарды жасқайтынына да жіп таға алмадым.
— Мұнда электр тогі двигательден келіп тұр, – деп түсіндірді атам. – Демек, механиктің де ұйықтауы қажет. Қалай сендердің станцияларыңды салып бітеді, сол кезде мұнда да ток келеді. Тұрақты түрде. Сібірден келетін ток.
— Қалайша? – таңданғанымды жасыра алмадым. – Біздің электр тогы осынша шалғайға келе ме?
— Әрине, – деп түсіндіреді атам. – Сібірдің электр қуаты мұнда да, Москваға да, тіпті Еуропаға да барады.
Міне ғажап! Мен оны білсемші!
Шағын қалашықта қыдырып жүрміз. Мұнда бәрі де кісі таңданардай. Біздің поселкаға соншалықты ұқсамайды! Сойдақ тіс қорғандар, ондайды бізден көре алмайсыз. Баяғыда салынған жатаған үйлер. Атам көпестер тұрған дейді. Ал бізде ескі үйлерден біреу жоқ. Тек қана бірен-саран ескі ағаш үйлер бар. Бір шетте қаңқиған қоңыраухана тұр, оның үстінен қап-қара бұлт сияқты мазасыз қарғалар шуылдай далпылдасады. Бізде мұндай көп қарға ешуақытта болмайды, мұнда көше тып-тыныш, тіпті жөтелсең де талай жерге естілердей. Ал бізде бұл мезгілде халық серуенге шығады: көңілді күлкі, музыка...
Бізді ерте оятты. Тысқа шығып, шанаға отырдық. Ат шананың иесі ысқырып қойғанмен жануар тауға қарай жүруге жүрегі дауаламағандай еріне басады.

Жерге жарық түсе мен атты айдап келе жатқан кісінің бала екенін көрдім. Мөлшері алтыншы сыныпта оқыса керек. Мен оған сөйлескім келіп қарағанмен ол атама қарай мойын бұра береді.
— Өзің қайсынансың? – деп сұрайды атам. – Рыбаковскіденсің бе?
— Рыбаковскілікпін! – баланың даусы гүр ете қалды. Бетін секпіл басып кетіпті. – Өздеріңіз қонақ боп қайтуға келесіздер ме, жолдас генерал?
— Иә, қонақ боп қайтуға! – атам езу тартты.
Балаң жігіт айналаға түгел естілердей етіп дауыстап, атын айдады.
— Шу, жануар!
Міне, қызық, барлық балалардың үндері кәдімгідей-ақ, ал ат айдауға келгенде дауыстарын үнемі жуандата шу-шулейтіндері несі екен.
Шана табаны қарды зар еңіретіп, ат желіске салды. Мен қар ұлпалары меруерттей жылтылдап күнмен ойнаған қайың орманына қызыға қараймын. Біз жақта қайың бұлай өспейді. Қайыңдар әр жерге біреуі шашырай өсетін. Ал бұл жерге бүтін бір орман болып өскен. Қандай әдемі. Жол бірде жоғары қарай өрлесе, бірде төмен құлдилайды, толқын атқан көк теңіздің үстімен келе жатқан сияқтымыз. Бір кезде ұйықтап кетіппін.
Ояна келсем ат шанамыз почта жәшігі бар үйдің қасына келіп тоқтапты, бағанға байланған ат пысқырып қойып, оттықтағы шөпке бас койыпты.
Біреулердің даусы естілді.
Түбіт орамал байланған әйел атамды үйден шығарып салып келеді екен.
– Соңынан түскі тамаққа келуіңізді өтіне сұраймыз, – дейді ол. – Біз сізді ұмытқан жоқпыз. Сіздің туысқандарыңызды да білеміз.
– Рақмет! – деп атам маған қарай басын изеп қойып, сонан кейін біз деревняның сыртына бет алған жалғыз аяқ соқпаққа түстік.
Соқпақ қорыққа бастап әкелді. Төбемізден бұтақтарын қар басқан қарағайлар төнеді.


Олардың сарғылт қабықтары күнмен шағылып алтындай жарқылдайды.
Атам қатар жатқан қос зираттың қасына келіп тоқтады. Олардың үстіндегі қарларын сыпырып, папахасын шешті...
Дәл сол сәтте не туралы ойлағанымды жасырмай айтайыншы. Мынау крестердің астында жатқандар туралы ойлаған жоқпын. Оларды білмеймін ғой. Көзіме елестете де алған жоқпын. Атамның әке-шешесі. Тіпті шалғай жатқан туыстар. Ертедегі тарих сияқты. Егер мен оларды көрген болсам, мүмкін, әлде бір сезім оянған болар еді. Бірақ мен оларды көрген де жоқпын, білген де емеспін, тіпті елестете де алмаймын. Өйткені, олар менің атамның әке-шешелері ғой. Содан да мен жай ғана ойланып тұрғандай күй таныттым.
Атам болса папахасын қолына алып, оларға басын иеді. Оның мені мүлде ұмытып кеткендігі маған айқын еді. Мен ғана емес, папамды – өзінің ұлын, мамамды, біздің құрылысты, мынау деревняны да естен шығарған. Бәрін де, бүгінгі өмірді де ұмытқан. Ол жарқыраған мынау қарға, мынау айқасып тұрған крестерге жанар тіктейді, бірақ бұларды емес, мүлде басқа дүниені көріп тұрғандай. Өзінің бар білетінін және есінде қалғандарын ойына түсіргендей.
Атам дәл мұндай күйге ешқашан түсіп көрмеген еді. Сол сәтте менің ойыма егер оның өзі де қайтыс болып кетсе ше, деген ой түсті, Егер ол да мынау екеуі – мынау шал мен кемпір, атамның шешесі мен әкесі сияқты бұл дүниеден көшіп кетсе ше, деген ой маған соншама қорқынышты көрінді. Өте-мөте қорқынышты дүние, атамның болмағанын елестету қиын. Мүлде жоқ болса! Мәңгілікке!
Мен еңкейіп барып, бір уыс қар алдым да аузыма салдым. Аузымды аяз қарығандай, тісімді сындырып жіберді. Мен тағы да қарағайларды, олардың алтын түсті қабақтарын, жасыл ине жапырақтарын, ақ бояуға малынған айналаны, крестерді, атамды көрдім.

Атама көзім түскен кезде қатты таңдандым, ол жылап тұр екен. Бірақ мен сияқты жылаған жоқ, әрине бет әлпетінде өзгешелік жоқ, бір түрлі бейғам тұрғандай.
Бірақ бетінде жас тамшылары сырғып бара жатты.


ӘН
Біз сайды қуалап келе жатқанда атам қатып жатқан өзенді көрсетіп:
— Мен осы жерде балық аулайтын едім. Қазір жаз мезгілінің болмағаны қандай өкінішті. Ал анау орманның ішінде саңырауқұлақтан аяқ алып жүргісіз еді, – дейді.
Біз қайтадан деревняға оралғанда атам бұрын шіркеудің қайда болғандығын көрсетті.
— Сен де сыйындың ба? – деп сұрадым.
— Әрине, – атам езу тартты. – Тәңірге табыну заңынан бестік алатын едім.
Бірақ бестікті «айтарлықтай үлгірім» деп атайтын еді.
Ат әлі де көк шөпті күртілдете соғып тұр екен. Біз почтаға кірдік. Желім мен жаңа піскен нанның иісі аңқиды. Түбіт орамалды әйел орнынан тұрып, бізге қарсы жүрді де иіліп сыпайылық көрсетті.
— Қонақ болып аттануларыңызды сұраймыз, – дейді ол.
— Кететін уақытымыз болды! – деп жауап берді атам.
– Бұл христиандарға жатпайтын қылық, – дейді әйел, – ертең аттанасыздар. Ал қазір түстенулеріңіз қажет.
Әйелдің үні бір түрлі бапты, ал өзі өте байсалды екен.
Біз почтадан шығып көшені кесіп өттік те, қарсы беттегі үйге кірдік.
Үйлері ерекше қызық салыныпты. Ауланың өзі шатырланған, үйдің қабырғасы бөренеден салыныпты. Ауланың қараңғы түкпірінен сиыр ыңыранады.
Үйдің ішіндегі үстелді жағалай кемпірлер мен шалдар отырыпты. Бұрыштарға икондар ілінген. Олар алакөлеңкеде көмескіленіп әрең көрінеді.
Атам табалдырықтан аттаған бетте кемпірлер мен шалдар орындарынан тұрды, асықпай баппен иіліп сәлем берісті. Атам да оларға бас иді, мен сасқалақтап қалдым. Не істерімді білмей бас изедім де:
— Сәлеметсіздер ме! – дедім.
Әр түрлі тағамдар қойылған үстелдің жиегіне жағалай отырдық. Барлығы да үнсіз. Тек үйдің иесі ғана:
— Ала отырыңыздар! Тағамнан ала отырыңыздар! – деп бізді сыйлаумен жүр.
Тағамдардың негізі сүттен даярланыпты. Үй иесі әр сөзін нақтылап, асықпай айтады екен, содан да ма оның үнінен биязылық, ақ көңілділік байқалғандай. Атам рюмкасын қолына алып, орнынан тұрды. Шалдар мен кемпірлерді жанарымен түгендеп, олардың әжім басқан жүздеріне біраз қарап болған соң тағы да басын иді.
— Рахмет сіздерге, игі жандар! – деді ол, – осы ыстық мейірім, пейілдеріңіз үшін. Менің анам мен әкем ертеректе қайтыс болған. Біздің бесжылдықтардың алғаш басталған тұсы болатын ол кез. Онда армияда қызметте едім. Бастарына сол кезде бір рет келгенмін, енді міне өз өмірімнің де өтер шағы жақындаған сәтте...
Ол үнсіз тұрды да шарапты көтеріп қойды. Басқалары да сөйтті.
— Сіздерден өтінерім бір-ақ нәрсе, – деді ол, – әрине, естеріңізде болса, ән салып беріңіздерші. Бала кезден есімде қалыпты – біздің деревнялықтар әнді жақсы айтушы еді. Ал мамам солдат туралы әнді жақсы көретін. Ең соңғы рет бір естиінші.
Қариялар әу дескендей әнді бірден бастап кетіп еді, жарасымды жақсы әуенді естігенде біртүрлі жүрегім бұлқына соғып кеткендей болды.


Аттанған-ды жас жігіт
Жүйріктің тартып жалынан,
Түсе берді жігіттің
Биялайы қолынан ...
Тізгіні де түседі
 Бұл неғылған іс еді.
Ұзақ созылып айтылатын бір түрлі мұңды ән екен. Әжейлер әндетіп емес, әңгімелеп айтып отырғандай көрінеді. Атама мұңды бір тарпихты баяндап отырғандай,
мен де еміне құлақ түремін.
Мен сияқты өренге
Бақытсыз болу жазылған!
Бақытсыз болу жазылған:
Міне енді солдатпын
Жас жұбайым, қайтейін,
Жары болды солдаттың...
Аттандырды сапарға,
Алыстағы шаһарға...
Алыстағы шаһарға,
Көк теңізден асыра...
Көк теңізді жағалап
Анам күтіп, алаңдар,
Өзім сынды өренді
Асыға тосар адам бар;
Жас жарым бар сағынған,
Жанына ерткен балам бар.
Жас жарыма жаздым мен,
Жаздым арнап үшбу хат:
Қаламды қолға алмадым,
Сияны да қолданбадым,
Жасыменен көзімнің
Жаздым бітіп төзімім.
Осынау үшбу хатымды
Сұңқарменен жолдадым.
Сұңқарменен жолдадым,
Көк теңізден асырып,
Оң қанаттың астына
Қауырсынмен жасырып.
Атам міз бақпай қатып қалғандай. Беті-жүзі де бағанағы моланың басында тұрғандағыдай.
Шалдар әнге қосылған жоқ. Бірақ олар жай тыңдаушылар сияқты емес, бір түрлі әнге беріліп қимылсыз отырды. Олардың сонша толқып отырғандары жүздерінен оқылардай. Әнге қосылмаса да іштей әрқайсысы қайталап отырғандай көрінеді. Содан да оларды әнге қосылмады деу қиын.
Тыныштық орнай қалды.
Атам орнынан тұрып, әр шалды, әр кемпірді құшақтап қоштасты.
– Дегенмен, қайтар уақыт болды, – деді ол. – Жарайды онда, – дейді үй иесі әйел, – біз ерлерді әскери істерге кідіртпей жіберуге үйренген жұртпыз. Ал сізге, генерал, көп рахмет!
Біз киіндік те өзіміз келген баланың шанасына отырдық, тағы да шана табаны қасат қарға ән салдыра бастады.
Атамның деревнясы қайыңдар қоршаған жотада қалып барады. Қайыңдардың басынан ұзақтардың ұялары қарауытып көрінді.
Ұялар қазір бос қалған. Содан да болар, бүтін деревня жетім қалғандай көрінеді.

Ат еңіске қарай ала жөнеледі. Біз болсақ, қарттарға қол бұлғаумен барамыз. Олар ауыл шетіне шығып алып, соңымыздан көз тігеді.
Менің санама да әлде бір мұң ұялағандай, тамағым кеберсіді. Өмір бойы осы деревняда тұрған адам сияқтымын. Енді соны тастап, бір жола аттанып бара жатқан жандаймын.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу