12.08.2022
  263


Автор: Альберт Лиханов

БП

Біз Кирилл екеуміз қарды күреп жатқанда мен өзіміздің төртеу емес, бесеу болып кеткенімізді көрдім. Көзімді сүртіп жіберіп қарасам мамам мен папам бір шетті күреп жүр екен де, біз олардан қашықтап кетіппіз. Ал бізге таяу тұстан тағы біреудің тұлғасы көрінеді.
– Әй, бұл қайсың? – деп айқайладым.
– Кім болушы еді? – деп сөйледі белгісіз тұлғаның иесі Кешканың даусымен. – Мен ғой! Мен қабырға сияқты сіресіп қалған қар үйіндісіне сүйендім, тамағыма әлде не кептеліп қалғандай. Солай ма еді! Ал менің ойымша, менің пайымдауымша... Дұрыс емес екен, демек басқаша ойлап, басқаша пайымдаған екенмін.
Мен күрегімді қарға құшырлана шаныштым, күш-қуатым үш есе артып кеткендей. Әлде бір қуаныш кеудеме шүпілдей толып алғандай, ыңылдап әлде бір мағынасыз әнді айтқан боламын: «Турм-бурм-ба-а! Турум-бурум ба-а!» Күректер самолеттің ебелектері сияқты тыным таппайды. Мен болсам Кешка мен Кирилге қарап қоямын, өмір деген өте-мөте ғажайып дүние болып көрінеді.
Папам мен мамам Кешканы көріп, сәл кідірді де өзара күбірлесіп кетті. Мен оларды да ұққандаймын.
– Әрине, – дедім мен оларға. – Сендер жүре беріңдер, сендерді тосқандар да көп, сендер барлық жерлерге керексіңдер, атамды біз асықпай жүріп-ақ шығарып аламыз.
Мамам мен папам кетіп қалды.
Қойманың қар басқан есігін жерге әбден жарық түскен кезде аршып болдық, атам біз қазған тар жолменен жүріп келе жатып, жан-жағына қарап қойды да тәтті тағам көрген адамдай тамсанып алды. Кирилл бар даусымен салтанатты музыка әуенін айта жөнелді. Ал Кешка болса: – Мұхит кезген мұздың үстінде қыстап қалғандарды құтқару деген осы! – деп мәлімдеді.
Атам мейірлене күліп алды да, өзінің командирге тән жуан даусымен бар ете
қалды:
– Құтқарып алғандарың үшін алғыс айтамын!

Кешка әскери адамдар сияқты тіп-тік болып тұра қалды да, көңілдене үн қатты:
– Совет Одағына қызмет етеміз, жолдас генерал-лейтенант!
Кешканың алдында көнерген пима, мақта тартқан киім және қарапайым құлақшын киген генерал-лейтенант тұрды. Бір қолына кәдімгідей қолғап кисе, екінші қолының саусақтарының ұшы кесілген қолғаптан көрініп тұрды.
Атам сол саусақтары кесілген қолғап киген қолын кұлақшынына аса бір машықтылықпен және дәлдікпен лып еткізіп апарды да, даусын соза бұйрық берді.
– Еркін тұрыңд-а-а-р!
Кешка бір тізесін сәл босаңсытып еркін тұрды, ал біз болсақ менің генералымды құтқарғанымыз үшін қуанышқа бөленгендей күліп жібердік.
Ал одан кейін... Бәріміз де біздің үйге, бардық та атамның қайта киініп шығуын асыға күттік.
Мен тіпті осы бір мәселе жайлы ойламауға тырысатынмын. Барлық кесел сол менің кесірімнен басталды ғой. Мен болсам тек қана атаммен ғана жүруді қалағанмын. Ол өзінің ордендері мен погондары жарқылдаған генерал киімін киіп жүрсе дейтінмін. Сол кезде оның даңқының кейбір ұшқыны маған да сәуле шашардай көрінетін. Көрдіңіз бе, менің көңілімнің неге құштар болғанын?
Міне біз қалың қардың арасынан салынған жалғыз аяқ жолмен сығылыса жүріп келеміз, қарсы кездескен адамдар атама мойын бұра қарайды да өзара дабырлай сөйлеседі:
– Ананы қара, әуелі генерал да келіпті.
– Көмекке келген ғой!
– Енді бізді еш пәле ала алмайды!
Атам миығынан күледі, мен де мәзбін: атамның неге бүгін шинелін киіп шыққандығы өзіме айдан айқын. Мынау жұрттың өзіне мойын бұрып қарауы үшін ғой. Олар генералды көргеннен кейін көмекке бүтін бір армия келді дейді де, көңілдері жай табады. Атамның бір шинелінен келер пайда зор – ол жұрттың көңілдерін тыншытуға көмектеседі. Мен күліп келе жатып-ақ өзімді бұрынғы ақымақкершілігім үшін сыбап келемін, атамның ақылдылығына таң қаламын. Ол өзінің шинелін мақтаныш үшін емес, қажеттілік үшін, ең сәтті сағатта кигенін түйсінген сайын оның қасында мақтана басып келе жатырмын, мен ғана емес Кешка мен Кирилл де менің атам үшін мақтанатын сияқты. Көптен күткен сәт туды, тек бұл сәттің өзі бұрын-соңды мен ойлағаннан мың есе артық. Тіпті миллион есе десе де болады.
Біз штаб орналасқан басқарма кеңсесіне келе жатырмыз. Ол жаққа қарай ұйымдасқан түрде, тізе қоса жүріп поселканы қардан аршып алу үшін бара жатқан адамдар көп.
Біз атаммен бірге құрылыс бастығының кабинетіне кіргенде ондағы адамдардың көптігінен ине шаншар жер жоқ екен. Бірақ барлығы да бірден ығысып бізге жол босатты. Абыр-дабыр үндері де жым бола қалды.
Құрылыс бастығы атама қарсы жүріп келіп, үн-түнсіз оның қолын қысты.
– Бізге кімнің келіп тұрғанын мөлшерлеп тұрмын, – деді де ол үйдің бұрыш жағына көз салды. Ол жақта телефонның қасында әкем тұрған болатын.
– Антон Петрович, мұның өзі дер кезіндегі келіс болды.
– Не тұрыс бар, тапсырма беріңіз! – деп жауап берді атам қатқылдау үнмен, сөйтті де бізді иегімен нұсқап қойды: – Міне менің көмекшілерім де бар.
Құрылыс бастығы біздің де қолымызды алды.
– Біз пионерлерге жұмыс тауып береміз, ал сізді Антон Петровнч, өзімнің орынбасарым болуға шақырамын. Майдандағыдай – штабтың бастығы болуға! – Кабинетте отырған жұртқа қарап: – Қастерлеп, қадірлеулеріңізді сұраймын! Генерал- лейтенант Рыбаков болады. Жұмыс барысы туралы ақпар осы кабинетте отыратын осы кісіге хабарлансын, генерал біздің жұмысымызға бағыт-бағдар беріп отырады.
Жұрт тарай бастады, әлдебір жаққа құрылыс бастығы да кетіп қалды.

Әкем картаның бетін саусағымен сызғылай тұрып, атама әлде нені түсіндіреді.
Біз де клубты қардан тазалауға тапсырма алдық. Құрылыс бастығы кешкілік кино қоюға бұйрық берген болатын.
Біз үш күн жұмыс істедік. Ал үлкендер болса үш күн, үш түн бел жазған жоқ. Менің жалғыз ұйықтауыма тура келді. Түннің бір уақытында мамам келетін.
Бірер сағат ұйықтаған болады да сонан соң орнынан ұшып тұрып, қайта жөнеледі. Кетерде кофе қайнатып кетеді.
Мен кофені атама таситынмын. Клубты бітірген соң біздің мектептің оқушыларын «тамақ тасуға жапқан» болатын. Барлық асханалар тәулік бойы жұмыс істеп, олар даярлаған тағамды біз арнаулы ыдыспен жан-жаққа тасимыз. Шай да тасимыз. Кофе де тасимыз. Бірақ мамамның әзірлеген кофесі ерекше болатын, сондықтан да оны атам өте жақсы көретін. Кешкілікте мен оған термосты жеткізіп беремін.
Атам құрылыс бастығының кабинетіне кезекші болып отырады. Мен термосымды арқалап келгенде ол бір шыныаяқ кофе ішті. Шинелін диванға тастапты. БП-да – бұйрық беру пунктінде болған басқа адамдарды кофемен сыйлады. Ол телефонмен сөйлескен кезде: «Мәліметті БП-ға жолдаңыздар», «БП-ға келіңіздер»,
«БП-ның тапсырмасы», «БП-ға жауап береді» деген сияқты сөздерді жиі айтады.
– Көрдің бе, біздің БП-ның қандай екенін, – дейді ол маған. – Барлық жағдай жасалған. Диванында ұйықтауға да болады.
— БП – бұйрық беру пункті. Мен атамнаң соғыс кезіндегі оның БП-сының қандай болғанын сұрадым.
— Блиндаждар ғой, – дейді ол, – жерден қазған баспананы солай деп атайды. Төбесін бөренелермен жабады. Жер үй, жер деген сөзден шыққанын байқап отырған шығарсың? Содан кейін, кәдімгі үйлерді де пайдаланамыз. Әрине, сырт көзден тасаланып қойылады. Жапырақтарды байлап қоятын арнаулы тор болады. Немесе шатырларды пайдаланамыз, ұйықтауға болатындай ғана кішкене шатырлар емес, әрине, жиналыс өткізуге болатындай арнайы үлкен етіп жасалған шатырлар.
Ол біраз үнсіз ойланып тұрды да былай деді:
– Міне солай. Ал мынау, мүмкін менің ең соңғы БП-ым шығар... Өзің ойлашы...
Атам тағы да ойға шомды. Иығы салбырап кеткен, көзінің астынан әлдебір көлеңке шеңбер құра қалғандай. Ол мундирінің түймесін ағытып, қолымен жүрегін басты.
– Дәрі әкелейін бе? – деп сұрадым мен.
Ол басын шайқады. Атам асығыс қимылдап, қайтадан түймелерін салды. Бет- жүзі сол сәтте-ақ өзгеріп сала берді. Сергек те көңілді күйге қайта енгендей. Ол өзінің шаршап отырғандығын мойындағысы келмегеніне күлкім келді.
Атам тағы да бұйрықтарын беріп, жұртты жаңа объектілерге жұмсай бастады. Самосвал машиналарға да жұмыс тауып берді. Құрылыс бастығына атқарылған шаруа жайлы есеп беріп үлгірді. Атам майдан барысын басқарып отырғандай, телефонға дамылсыз айқайлап кеп жатқаны, мен оған түстік тамақ апарып берген кезде «жаудың» қалай шегініп бара жатқанын өз көзіммен көрдім. Жеңіс уақыт өткен сайын жақындай түскендей. Бірінің ізін бірі баса көше бойлап кетіп бара жатқан роторлы қар тазалағыштар баяу қозғалса да олардың моторлары ышқына гүрілдеп, қар тозаңдарын фонтан сияқты алысқа атқылайды. Олар жаудың тас-талқанын шығарып кетіп бара жатқан танкілер сияқты.
Кешкілік келгенде атамның картасына көз жүгірттім. Оның бетін түсініксіз белгілер басып кетіпті. Дөңгелек, крест, үзік-үзік сызықша белгілер. Қызыл қарындашпен қойылған белгілер де молайыпты. Мен олардың қардан тазартылған көшелер екенін, үйлер екенін сезініп тұрмын.
Үшінші түнге қараған кезде екеуміз біраз отырып қалыппыз. Атам мені днванға жатқызды да үстіме шинелін жапты. Ұйықтап кетіппін.

Әлде бір нәрсе солқ ете қалғандай болған соң оянып кетіппін.
Орындықтың арқалығына сүйенген атам қарсы алдымда отыр екен. Екі көзі менде. Екі беті бозарып, жанарына мұң ұялағандай.
— Саған не болды? – дедім үрейлене үн қатып.
— Жай саған қарап отырмын, – дейді ол.
— Мен бірдеңе болып қалған екен десем, – деп күбірледім. – Маған басқаша көрініп...
Диванға отырдым де шинельді иығыма жамылдым.
Атама қараймын да, неге екені белгісіз, оған өлердей жаным ашиды. Сонау бір кездерде, ол өзінің тор дорбасына сүттің шөлмектерін салып алып, көшеде келе жатқан кезде менің оны қатты құшақтағым келгені, жібермей қысып тұрғым келгені, сонан кейін оған дүниедегі ең бір әдемі сөздерді айтқым келгені есіме түсті.
Бірақ мен оған күле қарап қойғанмын, қатты қысып құшақтаған да, әлемдегі жақсы сөзді айтқан да жоқ едім. Тек қана жымия қарап тұрып:
– Есіңде ме, сен өзіңнің әскери құпияңды айтуға сөз беріп едің ғой? – деп сұрағанмын. Ол басын шайқап:
– Қазір емес. Бірақ айтып беремін. Таяу уақыттың бірінде, – деп еді.
Сол сөз қазір есіме түсті. Есіме түсуі-ақ мұң екен сәл жымидым да былай деп сұрадым.
— Сен не туралы ойлап отырсың?
— Сен жайлы, – деді атам байсалды үнмен. Көзінде бәрі бір мұңның көлеңкесі тұр еді. – Сен туралы, – ол жаңағы сөзін тағы қайталады. Сөйтті де: – Өзім туралы да,
– деп қосып қойды.
— Мен де өзім мен сен туралы жиі ойлаймын, – дедім мен. – Сен туралы және өзім туралы. Сенің орныңда болудың қандай қиын екенін ойлаймын. Генерал емес, жо- жоқ, жай ғана сен болудың қиын екендігін ойлаймын.
Ол көзін жұмды да сәл езу тартып былай деді:
– Екеуіміздің сонша аз уақыт қана бірге болғанымызға сонша өкінемін, сол үшін де өзімді кешіре алмаймын. Бірақ көрдің бе, өмір жолы осылай болып шықты.
Мен әскери қызметте жүрдім, ал папаңның өз жұмысы бар. Өкініш ортаймайды. Әскери қызметтен де, жұмыстан да борышыңнан да маңыздырақ нәрселер болады. Барлығынан да жоғары тұратын міндеттер болады.
Мен оның не жайлы айтып отырғанын ұға қоймадым. Көзімді кеңірек ашып оған тесірейе қарадым. Ол менің ойымды түсіне қойғандай:
— Оқа емес. Ержеткен соң бәрін де ұғасың. Тек адам өмірінің жалғасы болатындығын әр уақытта да есіңде ұста, бұл – ең үлкен бақыт.
Мен оны түсінгендеймін. Өмірдің жалғасы деп отырғанының не екенін білетінмін.
– Қайыңдар сияқты ма? – деп сұрадым. – Немесе шырша, қарағайлар сияқты ғой. Олардың ұрығын жел басқа жаққа апарып тастайды да сол жерден жас қайыңның шыбығы өсіп шығады. Одан кейін оның ұрығы басқа жерден өнеді, сөйтіп кете береді;
— Жоқ, – деді атам. Жоқ, жоқ, тағы да жоқ! Адамдарда мүлде басқаша болуға тиіс. Адамдардың жаңа ұрпағы бұрынғылардан әлдеқайда артық болу керек. Жай ғана емес тек артық, үнемі артық болуға тиіс. Мұны есіңе сақта!
Мен жанарымды басқа жаққа қашырдым.
— Ғафу ет, – дедім мен ақырын ғана.
— Мен саған сенемін, – деді атам, – мұны есіңе сақта.
Бөлмені тыныштық басты, Тек бір жердегі сағаттың тықылдай соққаны естіледі.
– Жақында демалыстарың басталады, – атам үнін өзгертпей баяу сөйледі. – Кел, сол демалысты бірге өткізейік. Иннокентий Евлампиевич те ауруханадан шығады.
– Жарайды! – дедім мен қуана тіл қатып. Содан кейін тайга, тайгада мылтық асынып, шаңғымен келе жатқан атам екеуміз, немесе автобуспенен үлкен қалаға сапар  шегіп бара жатқан сәтіміз, болмаса бір-бірімізге иық тірестіре кинода отырған кездеріміз көзіме елестейді.
Ал, іс жүзінде мүлде басқаша болды. Тіпті мен ойлағаннан да ғажап...



ҰЙҚЫДАҒЫ ПОСЕЛКА
Жарық түсе бастады. Атам бөлменің ішінде мазасыздана жүрді де телефон соға бастады, Бірақ телефондар жауап бермеді.
— Бір нәрсе болған ғой, – дейді ол. – Естисің бе, моторлардың гүрілі де тына қалыпты.
Шынында да көше тыныштыққа бөленіпті. Түні бойы самосвалдар арылдап, қар тазалағыштар гүрілдеп шықса енді бәрі де тына қалған.
— Не болып қалды екен? – Атам таңдана сөйлей жүріп сыртқа шығу үшін шинелін киді.
Бірақ сол кезде есік шалқалай ашылған.
Табалдырықта тұрған әкем мен құрылыс бастығын көрдім. Беттері бал-бұл жанып тұр, өздері көңілді-ақ, осынау бейнеті көп үш күн мен үш түнді бастарынан өткермегендей.
– Міне бәрі де бітті! – дейді құрылыс бастығы. – Құттықтаймын, Антон Петрович!
Атам креслоға отырды да мундштугіне сигаретін баппен қондыра бастады.
— Есіміз шығып кетіпті, – деді ол – карта да көз алдымда тұр. Жұмыстың біткелі тұрғанын да жақсы білемін, бірақ айнала тып-тыныш бола қалған кезде қорқып кеткенім рас.
Ол әкеме, құрылыс бастығына, сонан соң маған қарады. Сөйтті де:
— Дәл сондағыдай... – деді баяу ғана үн қатып.
Менің жанымда диванда отырған папам мен құрылыс бастығы қосарлана күлді.
– Мынандай бір сезімнің, тыныштық үрейінің болатындығын білесіңдер ме? – дейді атам. – Біз Берлиннің түбінде тұрған кезде қиян-кескі ұрыс болып жатқан. Қаншама жігіттер жер жастанды... Бір кезде аяқ астынан айнала тыныштыққа мүлги қалсын, мен не болып қалғанын, неліктен тыныштық орнай қалғанын біле алмай мазасыздана бердім. Бекіністі нығайтып, күзетті күшейтуге бұйрық бердім, сол кезде телефон шылдырлай қалсын. Сөйтсек бәрі де тыныпты. Жау сөзсіз тізе бүккен. Соғыс аяқталған. Ал жеңістің таяу қалғанын ол кезде де білдік қой. Оған деген сенім зор, сағаттарды ғана санап отырғанбыз. Ал сол кезде тыныштықтан қорқыппыз. Бәрі де сол тыныштыққа үйренбегендіктен ғой.
Құрылыс бастығы орнынан тұрды да атама жақындады. Екі қолымен бірдей оның қолын қысты. Қатты қысты.
— Шын жүректен алғысымды айтамын, Антон Петровнч!
— Ал енді бұның қажеті жоқ! – дейді атам. – Егер менің погондарым көмектескен болса, бұл әскери бедел деген сөз, бұл үшін рахметті маған айтпаңыз. Армиямызға айту керек.
Біз үшеуміз көшеге шықтық; атам, әкем және мен. Үйге беттеп келеміз.
Поселканы өліп жатқан дене дерліктей. Жол бойында самосвалдар тұр. Оның ішіндегі шоферлар да ұйқыға кеткен. Бульдозерлер және ауыр артиллерия сияқты қар тазалағыш машиналар да сұлық қалған. Күн көтеріліп келеді. Бірақ поселка ұйқыда. Әбден шаршаған. Үш күн, үш түн тынбай жұмыс істеп барып, енді ұйқыға кеткен.
Біз көшемен келе жатқан кезде почта таситын әйел жүгіре басып қарсы жолықты. Жүзінен күлкі ойнайды. Шермие толған екі сөмкесін алдына ұстапты.
– Айналайын! – деп айқайлады атам. – Саған андағы ауыр ғой, кел көмектесейік!

— О не дегеніңіз, жолдас генерал, – дейді ол дағы. – Бұл үйреншікті шаруа ғой, жолдас генерал! Мынау үш күннің ішінде жиналып қалған почта еді, жолдас генерал!
— Міне енді, – дейді әкем, – почта да іске қосылды, демек бәрі де қалпына келді деген сөз.
Біз почтальон әйелге бас изестік те, таңғы таза ауамен кеудемізді кере дем алып, бір-біріміздің қолымыздан ұстаған күйі ілгері қарай адымдай жөнелдік. – Үшеуміз: атам, әкем және мен.
Ал үйге келгенде мынадай суретті көрдік. Мамам киімшең құлапты. Пимасын да шешуге шамасы келмеген. Тек кеудешесін шешуге үлгерген сияқты.
Біз оған қарадық та оянып кетпесін дегендей үнімізді шығармай ақырын күлісіп алдық. Сөйттік те шешініп, өзіміз де ұйқыға бас қойдық.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу