12.08.2022
  320


Автор: Альберт Лиханов

ҚАР БАСЫП ҚАЛДЫ

Сөйтіп қам-қаракетсіз жататын «актіленетін» күндер де жетті. Оған елу градустық аяз емес, баса жауған қалың қар себепші болды. «Баса жауған қалың» деген сөздің өзі де келе қоймайды. Нағыз баса жауған қар.
Алдымен жай ғана қапалақтап қар түскен. Қалықтай ұшып, келе жатқан ак мақта сынды. Бүкіл поселка үстінен айқыш-ұйқыш ақ сымдар тартылғандай. Алып пілдердің тұлғасындай болып үйлер қарауытады. Сонау құрылыс жақтан әлдекім от шашқан көзін ашып жұмған сияқты, ол қалың қар ұшқындарының ақ шымылдығын тесіп өткен электр дәнекерінің жарқылы еді.
Содан кейін бүкіл аспан салбырап поселка үстіне құлағандай.
Аспандағы бұлтқа қарау мүмкін емес – бетіңді жоғары қаратуың мұң, жанарыңды қар жасқап, өрмекшінің ақ торындай аспаннан бетіңді еріксіз бұрасың, бірақ қар бұлтының дәл төбеңнен төне үй шатырларын бауырымен сыза ұшып бар жатқанын ойша түйсінесің. Дәл бір тіршілік иесі сынды. Сол тіршілік иесі ауыр тыныстап, жердегі адамдарға қар ұшқындарын шашып жатқандай.
Күндіздің өзі кешкі алакеуімге ұқсас. Мектепте электр шамын жағып сабақ жүргізсе, көшеде машиналардың шамы жарқылдайды, бүкіл айнала әлдебір сұмдықты күткендей, өлі тыныштыққа көмілген.
Күткен күн де келіпті.
Кеш түсе күн күркіреп, нажағай жарқылдасын! Қыстың күні нажағайды көргеніңіз бар ма? Нажағайдың жарқылын қар ұшқындарының арасынан көру қызық екен, тек терезеден көрінген күңгірт аспан төрінен анда-санда ғана бозғылт сәуле көрінеді.
Бір кезде тыныштала қалды. Жұрттың бәрі де: «Әйтеуір тынышталды-ау» дегендей болды.
Біз түн ішінде құрылыс бастығының гүрілдеген жуан даусынан ояндық. Таңертең дауысынан ояну үшін радионы біз үнемі жатар алдында іске қосып қоятынбыз. Тып-тыныш тұрған радиодан құрылыс бастығының үрейлі үні сарнап қоя берсін:
«Жолдастар! Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар! Аса маңызды хабар!»
Мен бірден оянып, шамды жақсам, сағат тілі таңғы бесті көрсетіп тұр екен.
Асығыс-үсігіс киініп, үрпе-түрпе күйлерінде папам мен мамам жүгіріп шықты.
Құрылыс бастығы болса әр сөзін нықтап, әр сөйлемінен кейін леп белгісін қоя сөйлеп тұрды:
«Жолдастар! Бүгін түнде поселкамызға бұрын-соңды болмаған қалың қар түсті! Біз облыс орталығымен байланыс жасадық! Көмекке жауынгерлер мен қар тазалағыш техникалар келе жатыр! Апатпен күрес жүргізу жөніндегі штаб құрылды. Бүгінгі күн аса жауапты, актіленген күн болып саналады! Кімде-кім өзінің қауіпсіздігін қамтамасыз ете алса олардың бірқалыпты тіршілікті қалпына келтіруге көмектесулерін сұраймыз! Бір жерден екінші жерге бару үшін шаңғыны пайдаланғандарыңыз жөн, салқынқандылықты сақтауларыңызды сұраймыз!»
Ол сөзін аяқтап үлгірмей-ақ біз терезеге қарай жүгіргенбіз.
Мен әйнекке жабысып сыртқа үңілген кезде фантастикалық суретті көрдім: үйлер дәл бір белуардан қар кешіп қалғандай. Олардың бірінші қабаттары көрінбей қалыпты. Ал жалғыз қабатты үйлер қар астына сүңгіп кеткендей. Тек мұржалары ғана сорайып шатырларының жайдақ арқалары ғана қарауытады. Қар басылған. Алып құстар сияқты кір қожалақ қара қошқыл бұлттар үйлердің шатырын бауырмен сызып, өте төмен ұшып барады. Әлі қараңғы, мынау тамұқтың ішінен айналаны басып жатқан қар емес, әлденені іркілдете толтыра құйып тастағандай көрінеді.
Жаңағы үрейлі хабарды тыңдағандардың өрекпіген көңілін тыншытуға бағышталғандай радиодан ойнақы музыка төгілді. Сол кезде мамамның да таусыла сөйлеген үні естілді.
— Ал керек болса! Әнеки! Тұмсығымыз тірелді! Ойынымыз осылды деген осы. Мен кімнің тұмсығы тіреліп, ойыны осылғанын түсінген жоқпын, бірақ мамамның әкеме ішіп-жеп жанар тіктегеніне қарағанда папамның әлде неге кінәлі
екендігін түйсінгендеймін. Бірақ, қалай? Неліктен?
— Амалым бар ма! – дейді мамам бөлменің ішінде ерсілі-қарсылы жортып жүріп. – Келісе қойғаным үшін өзімді кешпеспін! Дегенімді істеуім керек еді! Қап!
Папам күмілжіді, ал мен көзімді жыпылықтата беріппін.
– Ол қайда қалды? Қандай күйге ұшырады? – деп айқайлады мамам, содан кейін бұйрық берді: – Жылдам киініңдер, атамды құтқару керек!
Біз сасқалақтап қалдық. Мен қарбалас киініп жатып, өзімді балағаттаумен болдым, шындығында кешер кылығым шамалы. Біз болсақ жылы үйде жым-жырт ұйықтап қалдық, ал атам болса өзінің қоймасында түнгі кезекке қалған болатын, оның қандай күйге ұшырағаны белгісіз.
Жиналып сыртқа шығып, есікті жаптық та аулаға беттей бергенде топталып қалған біраз жұртты көрдік. Олар да сасқалақтап жүргендей. Әкем сәл ойланып тұрды да қайтадан ілгері қарай адымдай жөнелді. – Соңымнан еріңдер! – деді ол көршілерге.
Біз есікті ашық қалдырып, пәтерге оралдық. Мамам ас үйдің терезе жақтауына жапсырған қағаз ленталарды сыпырып, әкем терезені шалқайта ашты.
Біздің екінші қабаттағы пәтеріміз енді бірінші қабат... болып шыға келді. Қар терезенің астыңғы жақтауына дейін жетіпті. Папам қолына күрек алды да терезеден бір-ақ секірді. Күмп! Менің ішім солқ ете қалғандай болды. Ол қайта көрінген кезде шашына тұрған қар қиыршықтары жылтылдады.
– Қорқатын ештеңе жоқ, – деді ол өте бір салқынқандылықпен, дәл бір өмір бойы сыртқа терезеден шығып жүрген адам сияқты, – Жүріңдер жолдастар!
Мамам секірушілерге қолайлы болу үшін терезенің алдына орындық әкеліп қойды, ал көршілер болса дәл бір қонаққа келгендей сыпайы сәлемдесіп, үйге бір- бірлеп кірді де әрі қарай секіру үшін ас үйге қарай тізіле шұбырды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу