12.08.2022
  221


Автор: Альберт Лиханов

СЕРІСАУМАЛДАР

Атам әкеммен түс шайысып қалды.
Олар ренжіседі деп ешқашан ойламаған едім. Оған себеп те болмайтын. Бірақ, себеп табылды.
Оқиға көз алдымда өтті де, бар жайды өз көзіммен кердім.
Сөйтіп, бірде қойма терезесінің алдына гүжілдей желіп жүк машинасы тоқтады. Ішке екі адам кірді. Екеуі де егде тартқан тым сыпайы жандар, былай қарағанда, ағайынды адамдар сияқты бір-біріне қатты ұқсайды. Атамның қолғап кигенімен саусақтары жалаңаш алақанын кезек-кезек қысысты. Қойманың іші суық болса да қалпақтарын шешісті, содан кейін біреуі газетке оралған әлде бір келтектеу келген нәрсені қалтасынан шығара бастады.
Атам түйіншекке қарап қойып, таңырқасын:
— Мынау не?
— Түсінесіз бе, ата, – деді әлгілердің біреуі, – цемент керек еді, бес қаптай болса, егер бар болса бірер жәшік шеге, үш орамдай руберойд берсеңіз. Құрылыс салып жатыр едік. Қалай, көмектесесіз бе?

— Көмектесемін, – дейді атам миығынан күліп. – Қазір құрылыс салмайтын кім бар дейсіз? Накладнойларыңды әкеліңдер, ондай жақсылықты жасай аламыз.
Сол кезде бір-бірінен айнымайтын екеудің бірі газетке оралған нәрсені ашты да, үстел үстіне бір шөлмек шарапты қойды.
— Мынау не? – деп сұрады атам, бірақ бұл жолы оның үнінде зіл жатыр еді.
— Накладной ғой, – деп жауап берді миығынан күлген ұксас еркектердің екіншісі.
— Со-лай дең-дер-ші!.. – деді атам дауысын созып, сөйтті де өз маңдайын алақанымен ақырын шып еткізді де кекесінді тіл қатты. – Түсініп тұрмын!
— Әри-не, – бейтаныстардың бірі бойы жеңілдеп салғандай кең тыныс алды.
— Ашқышың бар ма? – деп сұрады екіншісі.
— Бар. – Атам ойлана жауап берді, сөйтті де есікке қарай беттеді.
— Мұны қалай ұғарларын білмеген қонақтар бір-біріне жалтақтасты, ал атам болса есікті шалқайта ашып тастап:
– Табандарыңды жалтыратыңдар! – деді ақырын ғана.
— Мұныңыз не, ата? – деді бірі таңырқаған үнмен.
— Біз ақысын төлейміз ғой, – деді екіншісі.
— Табандарыңды жалтыратыңдар, әйтпесе мен өздеріңді тиісті жерге жетектеп жіберемін, – деді атам әлі дауысын көтермеген қалпы.
Келімсектер қалпақтарын милықтатысты, көздерінде әлі де үміт ұшқыны бар.
— Бұдан құрылыс кедейленіп қалмайды ғой, ата! – Еркектердің бірінің үнінен әлі де келісім іздегендік байқалады, ал екіншісі үмітін үзсе керек. Шөлмекті қалтасына сүңгітті. – Құрылыс дегеніңіз алып дүние ғой! Қоммунизмнің ұлы құрылысы, түсінесіз бе? Ал, бізге болса қора-жай деген сияқты уақ-түйек дүние салу қажет...
— Кетіңіздер! – Атамның дауысынан шошынған келімсіктер есікке қарай шегіншектей береді.
— Басқа алатын жер жоқ қой ұқсаңызшы, – деді біреуі тіленіп. – Біз саған адамша келіп тұрсақ, ал сен...
— Ал мен басқаша! – Атам өзінің айбарлы дауысымен ақырып қалды.
Үстелдің үстінен салбырап тұрған электр шамы қозғалақтап кетті, әлгілер де есікті жауып үлгірді. Жүк машииасы бір гүж ете қалды да, айнала тыныштыққа бөленді.
Атам өз орнына отырды да маңдайын сипады. Оның саусақтарының дірілдеп тұрғанын байқап қалдым. Ол қарындашын лақтырып жіберді де маған қарады:
— Көрдің бе?
— Жүліктер ме? – деп сұрадым мен.
— Соған ұксайды, – деп жауап берді ол. – Мемлекеттің есебінен енші алмақшы.
Біз үнсіз қалдық, атам біршама тынышталған соң қайтадан жаза бастады. Сөйткенше тағы да жүк машинасының гүрілі естілді,
— Ата! Ата! – әлдекім көшеден айқайлады.
Мен корқып кеттім. Бұл адамдар неге қайтып келді, оларға не керек? Атам сыртқа шықты, мен де оның қасына келіп тұрдым.
— Әй, ата-ай! – деп айқайлады жүк машинасының кабинасында отырған еркек.
– Бекер бедірейесің! Әне цемент дегенің бір төбе болып үйіліп жатыр, маған қажеті жоқ, өзің ала бер. Ал шегеңізді жаңағы шөлмекті беріп ағаш ұсталарынан-ақ алдық. Екі жәшік – әне қарай ғой. – Ол бас бармағымен ту сыртын, машинаның қорабын мезгеді. Машина қорабында қайдағы бір тақтайлар, бөренелер, темірлердің шеті көрінді.
— Ұрлап барасыңдар ма? – деді атам айқайлап. Еркек басын шайқады.
– Қолдан алып барамыз. Қуана-қуана төлейтін едік, қаржымыз да жеткілікті, бірақ қажет болмай қалды.

Жүк машинасы орнынан ыңырана қозғала берді.
— Сау болып тұр, кәрі сайтан! – Кабинадағы кісі ренішін жасыра алмады. Атам қойма табалдырығында жұдырығын түйген күйі тұрып қалды.
— Сонда не болғаны, – деді ол өз өзімен сөйлескендей, – менің мұнда текке отырғаным ба? Қажетсіз қарақшы болғаным ба?
Сол күні кешке олар ренжіскен еді. Бұл оқиғаны естіген папам:
— Серісаумалдар! Басқа ештеңе де емес! – деді.
— Сен тіпті жайма шуақ әңгімелейсің ғой, – деді атам.
– Өмірдің өзі солай. Оған ештеңе де істей алмайсың, – әкем күліп жіберді. – Бұл әлгі телевизиядан беретін «хайуанаттар әлемінде» хабарындағы сияқты. Үлкен балықтың айналасында көптеген шабақтар жүреді, олар сол үлкеннен қалған қалдыққа қарқ болысады.
— Сен өзің не айтып отырғаныңды біліп отырсың ба?! – атамның үні ерекше таңданыспен шықты,
— Солай-ақ болсын! – Әкемнің дауысы да реніш лебін сездіргендей... – Айталық сенікі жөн екен! Бірақ ұқсайшы! Біздің салып жатқанымыз электр станциясы. Бұрын-соңды еш жерде болмаған! Біздегі адамдардың бір армия екенін өзің айтқансың! Шабуылға шығып келеміз. Адамдардың, техниканың мөлшерін, жалпы құрылыс ауқымын өзің көрдің! Бірер жәшік шегені, бірер оралым руберойдты, оншақты бөренені бақылап отыратын соншалықты кезді табу оңай ма?
— Солай де! – деп таңданды атам. – Байқаймын, екеуміздің әңгімеміз байсалды әңгіме болып барады! Олай болса, естіп отырсың ба, мынау есепті қалай шешуге болатындығына жауап берші.
Сенің қалтаңда жүз сом бар дейік. Өңшең қағаз ақшалар ішінде жалғыз ғана күміс ақша бар. Қалтаң тесіліп, күміс теңгең жерге түсті дейік. Сен оны жерден көтеріп аласың ғой? Еңкейесің ғой?
— Егер асығып бара жатсам, – деп жауап берді әкем, – егер уақытым аз болса еңкеймей-ақ кете беремін.
– Солай де! – деді атам. – Ал сен, Антон қалай жауап берер едің! Бір сомдық сен үшін көп пе, әлде аз ба?
— Көп! – еш күмәнсіз жауап бердім, – Бір сом дегеніңіз – бұл тоғыз тиындық балмұздақтан он бірін алуға болатын ақша, тағы да бір тиыны қалады.
— Ал сен ше, Ольга?
— Бұл құрылысшы дегендеріңіз өте бай халық қой, міне менің айтарым осы, – деп жауап берді мамам. – Олар жүз сомды шығындағанмен қаржысыз қалмайтындарын жақсы біледі.
— Міне-міне! – дейді атам байсалды үнмен. – Естіп отырсың ба, жолдас орынбасар!
— Жарайды, – папамның үні ренішті естілді, – меніңше әңгіме мен жайлы емес қой. Сонан кейін, ол жер менің учаскем де емес.
Осы сәттегі атамның түрін көрсеңіз, шіркін!
— Оның есесіне менің учаскем! – Ол ақырып қалды да әкеме жауыққан жанармен қарады. Мұндай қарастан кейін әкем тіпті қызарып кеткендей көрінді.
Атам есікті сарт жауып, бөлмеден шығып кетті.
— Сен неменеге бүгін пысықси қалдың? – деп сұрады мамам әкемнен.
— Ольга! – Әкемнің жүзі одан әрі қызарып, үні қатқыл естілді. – Жетер осымен қысқартайық. Балалар отыр!
— – Балалар дейді-ау! – Мамам да қызынып алыпты. – Әңгіменің өзі де солар туралы емес пе?
Папам орнынан атып тұрды да бөлмені кезіп жүріп кетті. Менің оған жаным ашып кетті де:.

— Сен оған ренжімей-ақ қойсаңшы! Шынында да! Ол дегенің сенің учаскең емес қой, – дедім.
Папам тұтыға сөйледі. – Се-ен! Се-ен! Сен неменеге күйіп отырсың! А? Сонда папам екеуміз ұрсысқан сияқты болып шыға келгендейміз.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу