12.08.2022
  112


Автор: Альберт Лиханов

ПИОНЕРЛІК ЖИЫН

Мен қайдағы бір батпаққа түсіп алып, шыға алмай жүргендеймін, қалай да бұл пәледен құтылғым келеді, аяғым тайғанап, өзімді түпсіз меңіреу суырып бара жатқандай, жанталаса ұмтылғаныммен ол әрекетімнен ештеңе шықпайтынын мойындағандаймын. Тұңғиық тартып бара жатыр, құтылып кетердей ешқандай үміт сәулесі көрінбейді...
«Өмір деген қарама-қайшылықтан тұрады ғой». Бұл әкемнің сөзі. Ол оны ерте кездерде айтқан сияқты, мен оны ұмытып кеткендей едім, бірақ басыма қиын-қыстау іс түскенде қайтадан ойыма оралды. Соның өзінің ойыма оралуы тұла бойымды тітіреткендей.
Айтары не, тайғанақ та сүйкімсіз жалған сөз өз жанымды қинап, жүрегімді айнытқандай, енді қазір соның торына оралып шырмалып жүргендеймін. Ал қазір соның бәріне көз жеткен соң ауыр бір науқастан айыққан сияқты сезінемін, шынында да, өмір деген қарама-қайшылық екен ғой...
Кешке дейін бетіме басылған таңбадай болған атамның сөзі жанымды өртеумен болды. Ол біз қоймаға барғанда «сендер», «сендерге» деп көптік жалғаумен сөйлесе де оның өз ренішін маған арнағаны айдан айқын еді. Демек, мен ең алдымен атам үшін маңдайыммен жер басқандаймын, оның алтын оқалы генерал шинелін киіп жүрген осынау қораш түрі үшін ұяламын. Былайша айтқанда, арымнан айырылғандаймын. Мен үшін атамның адам ретіндегі өмірі мінез-құлқы емес, оның сырт көрінісі ғана маңызды болған сияқты. Жарқылдаған генерал погоны бар киімге алданғандаймын. Айтары не, жетер жеріме жеткендеймін. Әңгіменің бәрі де оның даңқын өз пайдама жаратудан басталған сияқты. Сол сияқты командир болғым келді. Генерал деген атақтың алдамшы шұғыласы менің басымнан да сәулесін төгер деп ойлаппын.
Өз өмірім өзімді өртегендей, атамның соңғы бір айтқан сөзі менің бетіме басылған таңба сияқты. «Түсінбейтін жансыңдар!» деді-ау. Қайта жұмсақтап айтқан екен.
Қай үзіліс екенін білмеймін, қазір мен үшін барлық үзілістер мен сабақтар мидай араласып кеткен кез, әйтеуір бір үзілісте Газ Баллоны тағы сұңқылдасын:
– Бүгін пионерлік жиын!
Сирек-сирек тістерінің арасынан сыздықтата сөйледі. Тағы да ана жолғыдай басымды салбыратып, тұқырайып отырармын деп едім, бірақ олай болмады. Пуховтың көзіне тура қарадым да, бастықтығымнан ұшырсаң да еркің өзіңде дегендей басымды изедім. Мені баяғыда-ақ бастықтықтан ұшыру қажет еді. Қазіргі сәтте мұндай ойды ойлау мен үшін ауыр емес. Өмір деген қарама-қайшылықтан тұрады деп әкем тауып айтқан. Сабақтар біткен соң бүкіл сынып оқушылары пионер бөлмесіне жиналдық. Галинаның патшалығында демонстрациядағыдай ерекше жасанғандық байқалады. Бұрышқа ту ілініпті. Екі жақтаудан әр отрядтың жалаушалары тізіліпті. Сәкілерге барабандар қойылған. Горндар алтындай жарқылдайды. Қабырғалар плакаттармен безеніп, ортаға қойылған үстелге жабылған қызыл мата үйге қызғылт арай себеді. Музейдегі сияқты сыбырлап сөйлеп, қыбырлап жүргің келеді.
Мен Галяның «музейіне» кірген бетте аяғымның ұшынан басып, орындықтың бір шетінен орналастым, бірақ Егоров мені сұқ саусағымен ымдап шақырды:
— Мұнда келсеңші, сен әлі де председательсің ғой.
Сөйтіп, мен қызыл үстелдің жанына орналастым, Борис Егоров жиынның күн тәртібін жариялады:
— Күн тәртібінде: бірінші – менің армия қатарына алынуым жайлы. Ия, ия, шуламаңдар, кететін болдым, сендерге хат жолдап тұрармын, және де мені вожатыйлықтан босатпауларыңды сұраймын.
Сөйлемінің соңғы тармағын ол Галяға қарап айтып еді, ол тұқырып отырған күйі, беті алаулап басын шұлғыды. Көңіл-күйінің болмай отырғаны анық байқалады. Оның пионер галстугі әрдайым қызыл мұрт сияқты өте сәнмен жарасып тұрушы еді, енді жай ғана мойнында жатқандай.
— Ештеңе етпейді, – ол көңілдене үн қатты. – Мұңайма... – өз қателігін кеш түсінгендей көптік жалғауы жалғады:... – ңдар. Мұңаймаңдар, енді сендердің вожатый- солдаттарың болады.
Балалар шуласып кетті, Борис қолын көтеріп, әрең дегенде жұртты тыныштандырды.
— Екінші мәселе, – деді ол баяу сөйлеп, денеме ине сұққандай әлденеден қауіптене қозғалақтадым, – отряд советі председателінің тәртібі жайлы. Бұл мәселе жайлы сөз... – Борис Галяға қарап еді, ол орнынан тұра бастаған...
Бірақ мен одан бұрын орнымнан қарғып тұрдым да:
— Сөз менің өзіме беріледі, – деп қойып қалдым.
Галя маған таңырқай қарайды, бірақ мен өзімді салқынқанды ұстап тұрмын. Ойыма кіріп-шығар емес. Отқа түскен шаланың да түгі қалмай күлге айналатыны сияқты менің ішкі жан дүниемдегінің бәрі түгі қалмай жанып кеткендей.
Мен бүкіл сыныпқа, аяқтарының ұшымен басып келіп қолымды қысатын ұлдарға, менің көңілім ауғанда езу тартып тұратын қыздарға, жуықта ғана мен оларды опасыз санап, істен алғысыз еткен барша балаларға қарап сәл езу тарттым. Шынында олар маған қандай опасыздық жасады? Тіпті Газ Баллоны деген айдары бар, менің ең үлкен дұшпаным Пуховтың өзі опасыз да, жау да емес. Нағыз жау – өзіммін. Өзіме өзім жаумын.
Сөзді бастап кеттім:
— Маған тағып отырған барлық айыптарың өте орынды.
— Ол айыптардың не екенін алдымен біліп алсаңшы, – деді орнынан көтеріле берген Газ Баллоны. – Тізгінді тағы да өз қолына алып, тағы да алдап соққың келе ме?
Қос құлағы машинаның фарындай болып, қызара делдиіп кетіпті. «Ақымақ, – деп ойладым мен еш зілсіз, – неменеге берекең кетіп тұр? Сен емес, менің берекем кетуі керек еді». Пионерлер бөлмесі музейге ұқсағаннан қалды, араның ұясы сияқты ду- ду етеді. Мейлі. Сенің дегенің-ақ бола қойсыншы. Мен орныма жайғастым. Газ Баллоны саусақтарын бүге бастады:
— Сенбіліктен қашып кеттің – бір де! Председатель дейді-ау мұны да. Жоқ, бұл – екіншісі екен ғой. Біріншісі – өзінің туған атасынан бас тартқандығы. Үшіншісі
– өз атасын генерал деп жұртты алдағандығы. Меңің дәлелдерім жеткілікті! – Ол тағы да саусақтарын бүге бастады. – Біріншіден, ол кісінің жай ғана пенсионер екендігін өзі айтқан болатын, екіншіден... Екіншіден... – Пухов бөлменің ішін барлай қарады – тулар, горндар, барабандарды бір сүзіп шықты да аса бір салтанатты мақаммен сөзін тұйықтады: – Екіншіден, ол кісінің жай ғана қоймашы болып істейтіндігін өз көзіммен көрдім!
Бұл сөз көпшілікке әсер еткені сонша, халқым шәугімде бұрқ-сарқ қайнаған су сияқты аласапыран толқып бір кетті дейсіз. Қоймашы! Ешқандайда да генерал емес! Міне саған керек болса. Кеше ғана дәл осы сөз үшін буынып өлуге даяр болсам, бүгін ешқандай әсер етпеді.
Орнымнан мен көтерілдім. Өзімнің ақталу сөзімді атамның айтқанынан бастадым.
– Сендер немене, түсінбейтін жансыңдар ма? Кез келген жұмыстың қадірлі де құрметті екенін білмеуші ме едіңдер?
— Бізді тәрбиелемей-ақ қой, – дейді күйіп-жанған Газ Баллоны, – онан да қолыңнан келсе ақталып көрсеңші.
— Әрине, ақталамын, – деймін мен күле сөйлеп, тек қана сен маған тағар ең басты айыбыңды ұмытып тұрсың. Маған серт бергеніңді де жақсы білемін.
«Американка» үшін сатылғаныңды білесің бе? Көрдіңіздер ме, ең бастысы, – деймін мен Галя мен Егоровқа бір қарап қойып, – ең бастысы, мені «американка» үшін председательдікке ұсынғанын ұғып отырған боларсыздар, Міне, әңгіме қайда жатыр.
Пионерлер бөлмесін тыныштық жайлады.
– Бір түрлі қызық екен, – дейді Алька өзімен өзі сөйлескендей. – Ол өз айыбынан ақталудың орнына керісінше басқаны да, өзін де қаралайды ғой.
— Сен генерал мундирін қайдан алып жүрсің? – дейді бет-аузын тер жуған
Пухов.
— Менің әкем көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысады, енді ұғынықты шығар?
– дедім ойланбастан. – Пьесада ойнау үшін ол генералдың киімін арнайы алған болатын. Сендерге соны көрсете салдым.
Одан кейін не болғанын айтып сұрамаңыз, аласапыран шу болды да кетті. Газ Баллоны сасқанынан орындыққа шығып кетіпті. Сол кезде бір тұстан шырылдаған Кешканың даусы естіледі.
— Ех, сендерді де бір қауым жұрт дейді-ау, – ол «бір қауым жұрт» дегенді ерекше ызамен айтты.
Барлығы да ауыздарын жұма қойды.
Кешка тудың қасына барып тұрғанда оның беті-жүзі теңбілденіп кеткендей көрінді.
— Сендер мұны атасы үшін сайлаған жоқсыңдар ғой, – деді ол. – Өздерің мұның жақсы қасиеттерін Галяға дәлелдеп тұрып алмап па едіңдер? Ал, не үшін, не үшін сендерге генерал қажет бола қалды?
Тағы да дуылдаса жөнелді, Галя таяқшамен барабанды дүңгірлетіп жүріп, жұртты тәртіпке әрең шақырды.
— Біз мұның атасын талқылап отырған жоқпыз ғой, – деді ол. – Біз Рыбаковты, дәлірек айтқанда оның жексенбіліктегі тәртібін қарап отырмыз.
— Атасының генерал екені рас, – деді Кешка ақырын ғана. Енді барлығы соған қарап қалды. – Менің атам екеуі бірге соғысқан. Менің атам бар болғаны сержант. Антошканың атасы біздің қария науқастанып қалғанда оның орнына қоймашы болуға арланған жоқ. Оның неліктен қоймашы болғаны енді түсінікті шығар? Енді барлығы да маған қарай бұрылды.
Бетіме әлде кім ыстық су шашып жібергендей ду ете қалды. Дәл осы жерде тұрып атамның мундирі туралы тағы да өтірікті соқтырып жібергенім үшін барлығы жабылып сөксе керек еді, бірақ оу бастағыдай жылы қарайтындай.
— Тоқтатыңдар! – дедім, үнім де жарқыншақтана шықты. – Менің атам сендерге ойыншық па еді! Өзім үшін өзім жауап беремін. Және де мені председательдіктен түсірулеріңді сұраймын! Масқара қылған тәртібім және алыпсатарлығым үшін!
— Неменені саудаға салып едің? – деп қиқылдады Пухов.
— Атамның атақ-даңқын деймін, көк есек сол.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу