12.08.2022
  102


Автор: Альберт Лиханов

ҚОЙМАШЫ

Содан кейін, бір апта ма екен, әлде одан да көп уақыт өтті ме екен, әйтеуір, атамның құпия жүрістері молайып кетті.
Таңертеңгілік ол қолына бос шөлмектер салынған ыдысты ұстап бізден ертерек шығып кеткен. Өңіне қарап-ақ оның әлде неге алаңдап жүргенін көруге болар еді. Алдымен сағатына бір қарап алды да, соңынан біреу дәлізге дейін ілесе шықпасын дегендей тысқа жедел басып асығыс аттанды. Онысы ғана емес жалпы жүріс-тұрысына бір өзгеріс енгендей. Оның кайда асығыс аттанғанын білмек болып сұрағанымда, бұл оған қойылуға тиісті сауал еместей түсініксіздеу бірдеңе деді де, жүріп кетті.
Ол елден бұрын кетіп жүрсе де мен мектептен оралған кезде де келе қоймайтын, жұмыс кезегі аяқталған уақытта ғана үстіне кеудеше, басына құлақшын, аяғына пима киіп, қолында сүті бар шөлмектерін салған ыдысын ұстап, шаршай басып келе жатқанын терезеден көрер едім.
Сонда күні бойы магазиндерді аралағаны ма? Біздегі магазиндерді аралау үшін көп уақыттың керегі жоқ, әрі-беріде-ақ түгендеп үлгіруге болады. Тағы да Анна Робертовнаға көмектесіп жүр ме екен деп күдіктене бастадым. Ол үйде кішкентай балалар болғандықтан, онда пальто киіп барса керек еді. Кеудешені киіп ол үйге бармайтыны тағы белгілі.
Сөйтіп жүргенде атам бәріміздің де аузымызды артымызға қаратып кетті. Ешкіммен санаспай, ешкім жайлы ойланбай сондай іске бара қояды деген қиял басыма келмепті ғой...
Бір жолы әкем жұмысынан мазасы болмай оралды. Мамама көмектесемін деп картоп аршымақшы болып еді, пышағын қолынан үш рет түсіріп алды. Одан кейін стақаны да домалап кетті. Диванға отырып газет оқып еді, онысын теріс ұстап отырған болып шықты. Мен таңқалып, мамамның есі шықты. Ешқашан мұндай болмайтын. Мамам қандай пәленің болғанын одан тақымдап сұрай берді.
Папам болса бәрі де ойдағыдай дегендей түсініксіздеу ғып әлде нені міңгірледі. Сөйтті де мойын орағышын салып үйден жүгіре шықсын, неге өйткенін кім білсін, мамам екеуміздің тысқа шығып қыдырып қайтуымыз керектігін тапсырды, Жоқ, мұның бәрін тегін деуге болмайтын еді.
Мамам екеуміз оның айтқанын істеп, дәлізге шығып едік, ілесе шыққан атам:
«Мені де ала кетпейсіңдер ме?» деп әзілдей тіл қатып еді, әкемнің жауабы келте болды:
«Бұл жолы қалыс қала тұрасыз!» Атаммен үнемі сыпайы сөйлесуші еді, бұл жолы үнінде зіл жатқандай. Ыңғайсыздау болды. Таңырқағаннан атамның қасы қозғалақтап қалғандай көрінді. Бірақ ол ләм деп тіс жармай үйге кіріп кетті.
Біз тысқа шыққан соң да мамам әкемнің бүгінгі түсініксіз тірлігі жайлы сұрауға оқтала беріп еді, бірақ папам қолымен ымдап оның сөзін бөлді.
— Соққы деп осыны айт! – Үні ашына естілді. – Нокаут дерсің тура! Біреулер бүгін менен: «Анау қоймашы болып істеп жүрген Рыбаков Антон Петрович дейтін сенің туысың емес пе? Анау қырсық шалды айтамын?» деп сұрайды. Түске де кірмейтін жаңалық емес пе?
Түк ұқсам бұйырмасын. Қайдағы Рыбаковты, қайдағы қоймашыны айтып келеді деп ойлаймын. Мамам да ештеңенің мәнісін біліп жарытпаған сияқты, папам болса өз алдына күйіп-пісіп келеді.
— Неменесін ұқпай қалдыңдар мұның? Біздің қарт қоймашы болып орналасқан. Мен оны директордың кадрлар жөніндегі орынбасары болып істеуге шақырып жүрсем, ол қоймашы болып орналаса қойыпты.
Мен рахаттана күліп, әкеме:
— Бүгін біраз нәрсені былықтырып жүргендей көрінесің, папа. Алдымен газетті теріс қаратып оқып едің, енді келіп генералды қоймашы болды деп тұрғаның мынау, – деймін.
Мамам болса қолын сермеп, маңдайына қар басып өзімен өзі әуре. Бір әуенді қайталай беретін бұзылған күйтабақтай бір сөзін еселеп айта береді:
— Мынау сұмдық қой, мынау сұмдық қой, мынау сұмдық қой, мынау сұмдық
қой...
Осы жерде ғана санама саңылау түскендей. Менің атам қоймашы болып
орналасқан! Генерал – қоймашы. Генерал-лейтенант еді, енді генерал-қоймашы болып шыға келген түрі мынау!
Мені бірде түсініксіз күлкі қысса, бірде өксік атып, жанарым жасқа толады. Бұл «өнерімнің» сырт көзге дұрыс көрінбесін өзім де түсініп келемін. Мамам иығымнан сипаса, папам арқамнан нұқығыштап келеді, оларынан ештеңе де шыға қойған жоқ, мен күлкім мен өксігімді тия алмадым. Өткен сенбілік, ондағы: «Осындай генералды көрсемші!», «Шүйкедей болған түрін қарай көріңдер?», деген келемеж сөздер – бәрі де көз алдымда көлбеңдеп, ойымнан шықпады. Сирек тістерін ырситып алып:
«Бастықтыққа ұсынатын да өзім, орныңнан ұшыратын да өзім!» деп тұрғандағы Кириллдың сықпыты да бір елестеп өтеді. «Ұшыра ғой оңбаған, ұшыра ғой, –деймін іштей аласұрып. – Қимайтындай ештеңем жоқ. – Атамның сыбағасын беріп келемін: – Неге, неге ғана қоймашы бола қойдың сен? Сондай-ақ, мен саған неден жазып едім?»
Папам мамам екеумізді айнала жүріп, күлкіге кенеліп жүр, мамам болса баяғы күйтабақ сияқты бір сөзін қайта-қайта күбірлейді. Қанша айтқанмен тумысынан сібірлік емес пе, ең алдымен ес жиған мамам болды.
— Жетер енді! – деп ол зекіп қалды да, иығымды сипап тұрған қолын тартып ала қойды.
Тынышталуыма тура келді, папам да мақсатсыз жүрісінен бөгелді.
— Жетер енді! – деді ол әлгі сөзін қайталап, – қазір ғана үйге барамыз да бұл масқаралықтан құтылар жол қарастырамыз! Шіркін-ау, шалқасынан жатып алып, кітап оқудың, немесе телевизордан спектакльдер мен концерт көріп жатудың орнына...
— Менің ұсынысым, – деп папам оның сөзін бөлді, – бұл істі біз ертең бастасақ, былайша айтқанда, «қылмысының» тура үстінен түссек деп едім. Тағар айыбымыздың, бұлтартпайтын дәлеліміздің болуы үшін!
Ертеңіне алдымен асығып-үсігіп атам жөнелді, біз сәл кешігіп шықтық та мамамның «газигіне» отырдық.
...Ашық тұрған қоймаға адамдар шұбырып кіріп, біреулері шеге толтырған жәшіктерді, енді біреулері жаңа күректерді немесе сымтемір орамдарын көтеріп шығып жатты.
Біз абайлап басып, жақындап келеміз. Іш жақтан атамның күркіреген жуан даусы естілді.
— Түсіріп ал-ма! Бай-қа-саң-шы! – дейді дәл бір зеңбірекшілеріне бұйрық беріп тұрғандай.
— Тоса тұрайық, – дейді әкем шарасы таусылғандай, – оның жұмысының дәл қайнайтын кезі, смена жұмысшылары ауысатын тұсқа дәл келіппіз ғой. Жөнсіз жерден оны отырғызып кетпейік, – деді әлдеқандай бір түсініксіз сөзді қыстырып.
Мен мамамнан «отырғызып кету» дегеннің қандай сөз екенін сұрағанымда, ол бұл сөздің біреудің беделіне нұқсан келтіру, жұрт көзінше атағына кір келтіру сияқты мағына беретіндігін түсіндірді. Ал біздің, әсіресе, менің беделім ше деген ой келді маған?
Шынтуайттап келгенде, менде енді қандай бедел қалды дейсіз? Беделден жұрдай болды деген осы. Өзімді қалай председатель сайлаттырғанымды, өз атамнан қалай бас тартқанымды, жексенбіліктен қалай тайып тұрғанымды... бәр-бәрін ойлаған сайын ішімді ит тырнағандай. Газ Баллонының өзі ойына не келсе, сонысын айта салудан тайынбайды. Өстіп жүргенде қайдағы бедел жайлы сөз болмақ.
Шұбырған адамдар сиреп, бірте-бірте таусылғандай болған сәтте біз есікке қарай беттедік.
Мен осы бір сахнаны көз алдыма түрлі-түрлі етіп елестетіп келгенмін. Айталық, әкем таққан айыпқа не дерін білмей сасқан атам үй қабырғасына сүйеніп, қипақтап әрең тұрады, мамам да ренішін үйіп-төгеді. Әбден көңілі қалған адамның көзімен қарап мен тұрамын. Тіпті болмағанда біз сау етіп кіріп барған сәтте есі шығып, сасқалақтап қалады, өзін өзі ақтап әуреге түседі... деген сияқты... Бірақ бізді көргенде атамның қарқылдан қоя бермесі бар ма!
Әлде бір қағазға түқшия үңіліп, жазып отыр екен, онысынан басын көтерді де, денесін бір жеңілдетіп алайын дегендей рахаттана күлсін келіп.

— Бәрекелді! – деді көңілдене дауыстап, – құдайға шүкір, иығым бір жеңілдеп қалғандай болды ғой! Сендерге жайымды ұқтырардай етіп түсіндіруді үнемі ойластырып жүруші едім, міне енді өйтіп әуре болмайтын болдым, міне тамаша!
— Түсіндіруге тура келер! – Мамам шабуылды қарқынды бастады. – Түсіндіргенде қалай түсіндіресіз!
— Түсінсем бұйырмасын, – атам қолын көтерді. – Сендер немене, жолдастық дегенге қарсысыңдар ма? Мен бар болғаны науқастанып, ауруханаға түсіп қалған Иннокентий Евлампиевичті уақытша алмастырып жүр емеспін бе? Ол сауығып орнына келген соң-ақ мен де үйге қайтамын. Кітаптарды ақтарып жүріп самса пісірудің жаңа тәсілін үйрететін пайдалы кеңесті оқығаным бар еді. – Ол жуан кітапты қолына алып қарады да салмақтап-салмақтап қойды. – Сібірдің мойыл қосып пісіретін атақты самсасы.
Шеге алғалы әлдекім кіріп еді, атам көзілдірігін киді де бізді назарынан тыс қалдырды. Мамам күйіп-пісіп, өз қолын уқалап, келесі өте ұзақ сөзіне мұқият даярланып еді, шегеге келген кісі шыққан бойда әңгімені атам бастап кетті:
— Естеріңде болсын, екінші кезегіме – келесі аптаның түніне қарсы шығамын. Мамамның діңкесі құрығандай жоғары көтерген қолын төмен түсіріп алса,
папам да шарасы таусылғандай қалып танытты.
– Саған жұмыс істеу емес дем алу қажет, – деді ол наразы үнмен. – Қоймашының орнына адам табылмады деген не сөз!
— Ех, жолдас, үлкен бастықтың орынбасары! – дейді атам жайбарақат жымиып. – Ұсақ-түйек проблемаларды біле бермейсің-ау! Аспанға емес, жерге де қарай жүру керек. Шындығына келсек, қоймашылардың жетіспейтіні рас, қызығы жоқ жерге жастарың баспайды, шалдар болса жоқтың қасы. Қойманы тарс жауып тастауға болмайды ғой.
Әкем күмілжіп, мамам ызаға булықты, бір тәуірі екеуі де үнсіз қалды.
— Ата, – дедім мен, ана екеуінен қайран кеткен соң ең соңғы амалды алға тарттым, – ұят қой, сен генерал емессің бе! Бізді ұятқа қалдырып отырсың ғой! Осыны ойладың ба?
Атам өңін суытты.
— Міне – әңгіме деп осыны айт, – деді ол даусын баяу шығарып, үнінен ызғар есті. – Егер мен үшін ұяттан өртеніп бара жатсаңдар қасымда жүрмей-ақ қоюларыңа болады.
Мамам мен папам шабуылдан қорғанысқа көшті, әлденелерді айтып, атамды тыныштандыруға кірісті.
— Неғылған түсінбейтін жансыңдар, – атам таңырқай сөйледі. – Жұмыс істегенге арланатын адам болмайды, осыны неге ұқпайсыңдар?
Мен қоймадан ешкімге қажетсіз, тастанды жандай болып шықтым. Әке-шешем жұмыстарына бет алды да мен мектепке қарай аяңдадым.
Жол бойында кедергі жасайтын ешкім болмаған соң тағы да көз жасыма ерік берілді. Шынтуайттап келгенде, ештеңені түсінбейтін нағыз миғұла өзім сияқтымын... Жылап келемін, уана алмай еңіреп келемін, атамның өз дегенінен қайтпағаны үшін емес, шындық булықтырып, алқымымнан алғандай. Дәл солай екені айқын...


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу